- Advertisement -

Қайрат Ералиев ерледі

104

- Advertisement -

Әуесқой бокстан Германияның Гамбург қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында ұлттық құраманың үш боксшысы жарысты ерте аяқтады. 64 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Бекдәулет Ибрагимов айтулы аламанның алғашқы шайқасында шри-ланкалық Душан Сапарамадуды ұтқанымен, екінші кезеңде армян жігіті Ованесс Бочковқа ұтылып қалды. Сонымен қатар 52 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Азамат Исақұлов бірінші жекпе-жегінде оңтүстіккореялық Инку Кимге есе жіберсе, 60 келі салмақ дәрежесіндегі оғланымыз Әділет Құрметов те бірінші айналымнан әріге аса алмады. Ол грузиялық Отар Ероносянға жол берді.
Өзге жігіттеріміз әзірге сенімді ақтап тұр. 69 келі салмақ дәрежесіндегі Абылайхан Жүсіпов бірінші кездесуінде мысырлық Валид Саид Мұхаммедті жарыс жолынан шығарса, 49 келі салмақтағы Ержан Жомарт екінші кездесуінде филиппиндік Роген Ладоннан басым түсті. Жанкүйерлерді желпіндірген жекпе-жекті 56 келідегі Қайрат Ералиев көрсетті. Ол өзбек боксшысы Муроджон Ахмадалиевтен Риода кеткен есесін қайтарды. Қарсыласын соққының астына алған Қайрат жарқын мәнерде жеңіске жетіп, жанкүйерлерді қуантты. Байрақты бәсекенің ширек финалына 75 келі салмақ дәрежесіндегі жамбылдық жампоз Әбілхан Аманқұл да өтті. Екінші айналымда ринг қожайыны Сильвио Ширлемен қолғап түйістірген Әбілхан қарсыласын 5:0 есебімен қапы қалдырды. Енді ол ширек финалда әлем және Олимпиада чемпионы, кубалық Арлен Лопеспен жұдырықтасады. 91 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан Василий Левит алғашқы жекпе-жегінде бразилиялық боксшы Жуан Гонсалвешпен бокстасып, айқын басымдықпен жеңіс тойын тойлады. Боксшыларымыз үшін шешуші сәт жақындап келеді. Саңлақтарымыздан тек қана жеңіс күтеміз.

 Табиғат АБАИЛДАЕВ, «Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support