«Тамаша неткен, Таласым менің!»
«Тамаша неткен, Таласым менің!»
Асқақ Астана төрінде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін еліміздің әрбір аймағы жоғары деңгейде атап өту мақсатында түрлі думанды шараларды ұйымдастыруды қолға алғаны мәлім. Осыған орай облыс орталығында тарихи «Төрткүл» керуен сарайындағы аудандардың мәдениет және өнер күндері салтанатты түрде жалғасын табуда. Осыған дейін Жуалы, Сарысу, Шу, Мойынқұм аудандары өнерпаздарының өнерін тамашалаған тараздықтар, бұл жолы Талас ауданының «Тамаша неткен, Таласым менің!» атты шат-шадыманға толы мәдени іс-шарасына куә болды. Ашық аспан астындағы таластық таланттардың өнер кеші керуен сарайға жиналғандарға әдемі әсер сыйлады. Әсіресе аудандық мұражай мен Ілияс Жансүгіров атындағы кітапхана ұжымы әзірлеген көрме көпшіліктің көңілінен шықты. Қашаннан жазушылар мен ақындардың мекені саналатын қасиетті өңірден елімізге белгілі зиялы қауым өкілдері, қарымды қаламгердің қалың шоғыры шыққаны белгілі. Көрмеге қойылған Шона Смаханұлы, Нарша Қашағанұлы, Көсемәлі Сәттібайұлы, Болат Бекжанов, Үміт Битенова, Сабырғали Рысбаев және өзге де таластық қаламгерлердің шығармалар жинағының үлкен мұқабалық үлгілері қонақтардың қызығушылығын оятты. Шынын айту керек, сол арқылы келушілерді кітап оқуға шақырып, жастардың жергілікті авторлардың шығармашылығына деген ынта-ықыластарын арттырсақ деген ұйымдастырушылардың ниеті бізге де ұнады. – Мен осы маңда тұратын болғаннан соң керуен сарайда өтіп жатқан әр ауданның мәдениет күндерін қалдырмай көріп келемін. Әрқайсысынан керемет әсер алып, тынығып қайтып жүрмін. Аудандардағы талантты ұл-қыздардың өнерлерін осылайша қолдап, қошеметтеп жүру керек. Бүгінгі Талас ауданының көрмесі де көңілімізді көтерді. Бір жағынан, мерекелік думанға жиналғандар тарихи нысанмен де жіті танысып қалуда, – дейді зейнеткер Айжан Елемесова. Бұдан соң тараздықтар таластық өнер иелерінің концерттік бағдарламасын тамашалады. Ақын Үміт Битенова жалынды жырымен туған жерінің көркем көріністерін суреттеп көпшілікті тебірентсе, Еркем Шоқыбасова, Сүйеніш Жабақпай, Баубек Айдарбек және «Көңілашар» триосының орындаған әуезді әндері тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Мың бұралып билеген «Медия» бишілер тобы да көрермендердің қошеметіне бөленді. – Өнер кешіміздің көрермендер үшін қызығы мол болсын деп «Таласта туылып, алашқа танылғандар» деген айдармен көрме ұйымдастырдық. Көрменің ерекшелігі, өздеріңіз байқағандай тарихи жәдігерлер емес, стендтер. Онда ауданнан шыққан белгілі тұлғалар, қоғам қайраткерлері туралы сыр шертетін суреттер мен мәліметтер берілген. Жалпы, бүгінгі таңда ауданда қырыққа жуық мәдениет ошақтары жұмыс жасайды. Бұл іс-шараға олардың барлығы да белсенді түрде атсалысты, – деді бізбен өз ойын бөліскен аудан әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Пернебек Оспанов.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».
Суреттерді түсірген Ақәділ рысмахан.