- Advertisement -

Бабалар салған жолменен

166

- Advertisement -

Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойына орай сапарға
шыққан халықаралық керуен жамбыл топырағына жетті

Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында өткенімізді құрметтеуді, төл мәдениетімізді, ұлттық салт-дәстүрімізді дәріптеуді ерекше атап өткені белгілі. Еліміздің тұтастығы үшін күрескен тарихи тұлғаларды ардақтау – Елбасы бастамасына да, елдігімізге де үндес. Өз дәуірінде «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» ұстанымын ұстанып, қазақ пен жоңғар арасында талай бітіспес дауды бір ауыз сөзбен шеше білген, дана да дара тұлға – Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдығы биыл Қарағанды өңірінде кеңінен аталып өтіледі. Осыған орай және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын өзге өңірлерге насихаттау мақсатында Қарағанды облысынан арнайы автокеруен жасақталып, Егізбұлақ ауданынан 18 тамызда жолға шыққан болатын.
Өткен жексенбі күні «Қаз дауысты Қазыбек би жолымен:Бабаларға тағзым!» атты халықаралық автокеруені Әулиеата өңіріне табан тіреді. Керуен мүшелерін Тараз қаласының батыс шекарасынан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев бастаған жамбылдықтар қошеметпен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Мұнан соң қонақтар Тараздағы Керей мен Жәнібек хан ескерткішіне аялдап, гүл шоқтарын қойып, мемлекетіміздің іргесін қалаған тұлғалардың рухына тағзым етті. Бұл жерде облыстық ардагерлер кеңесінің мүшелері, өңіріміздің белсенді жастары, өнер және мәдениет саласының мамандары және өзге де азаматтар болды.
Керей мен Жәнібек хан ескерткішінің маңында өткен жиынды облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мәди Мәтен ашып, Қарағанды жерінен сапарға шыққан керуеннің Өзбекстанда және еліміздің бірнеше облысында болғанын айтып, Жамбыл жеріне келген қадамына құт тіледі. Мұнан соң Қарағанды облысы әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы, автокеруеннің жетекшісі Мирас Құттыбай өздерін ықыласпен қарсы алғаны үшін жамбылдықтарға алғысын білдіріп, Ташкентте Төле би мен Әйтеке билердің басында болып, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарын аралап, тарихи орындармен танысып келе жатқандарын айтып, сапарларының мақсатына тоқталды. Бұдан кейін қарағандылық ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің сол өңірдегі меншікті тілшісі Мирас Асан шабыттана жыр оқыды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев халықаралық автокеруеннің мүшелеріне бата берді.
Жиын соңы Оңал Азаматова бастаған облыс өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты.
Түс қайта қарағандылық керуеншілер «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында жамбылдық ақсақалдар алқасы, жастар ұйымдарының көшбасшылары және жастармен кездесіп, келелі әңгіме өткізді.

Есет ДОСАЛЫ,
«Ақ жол».

Суретті түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support