Саясат

Бостан елдің басты құжаты

Бостан елдің басты құжаты

Даурен Дайрабаев, облыстық әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы.

Ел тәуелсіздігінің басты белгісі саналатын Ата Заңымыздың қабылданғанына биыл 22 жыл толып отыр. Ширек ғасырға жуық уақытта тәуелсіз Қазақстанның ішкі-сыртқы саясаты, қоғам өміріндегі түрлі ресми қарым-қатынастың дені Басты құжатты негізге ала отырып, реттелді. Сол арқылы Конституция елдің тұрақтылығы мен тыныштығының, біртұтастығы мен бүтіндігінің кепіліне айналды. Қазақстандық қоғамдағы құқықтық қатынастарды реттей отырып Конституция қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты сақтау, экономикалық даму, қазақстандық патриотизм және барлық мәселелерді референдум арқылы шешу сынды Елбасы саясатының 4 негізгі ұстанымына сай қызмет атқарып келе жатыр. Жалпы, экономикалық даму қарқынымен әлемнің озық 30 мемлекетінің қатарынан ойып тұрып орын алуды межелеген Қазақстанда алға ілгерілеу үрдісінің бастауында абыройы асқақ Ата Заңымыз тұр. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Өйткені, қандай да бір істің заңдық негізі болуы тиіс. Онсыз қоғамның алға қарай қадам басуы мүмкін емес. Тәуелсіздік алған күннен бастап елдегі құқықтық қатынастардың өзегі болатын құжат қабылдау қажеттігін жете түсінгендіктен, 1993 жылдың 28 қаңтарында мемлекетіміздің алғашқы Конституциясы қабылданды. 4 бөлім, 21 тарау мен 131 баптан тұратын құжатта егемен еліміздің етегін жиып, еңсесін тіктеуіне қажетті құқықтық нормалар түгелдей қамтылды. Оның бастысы, халықтың мемлекеттің тәуелсіздігін тануы болды. 1993 жылғы Конституция мемлекеттің тәуелсіздігін заңды түрде рәсімдеді, халықаралық қауымдастыққа Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде танытты, сол кезеңдегі үш негізгі міндетті шешті. Алайда Негізгі заңда атқарушы және заң шығарушы биліктердің арасындағы келіспеушіліктерді шешетін тетіктер болмады. Сондықтан халқымызға арманға айналған азаттықты заңмен бекітіп, өзге елдерге мемлекеттің тәуелсіздігін мойындатқан Конституцияны қайта қарау қажеттілігі туындады. Сөйтіп, 1995 жылдың 30 тамызында жалпыхалықтық референдум негізінде жаңа Ата Заң қабылданды. Бұл құжат мемлекеттің басты байлығы – азаматтарының құқығы мен бостандығына баса мән беруімен ерекшеленді. Өзінің осы ерекшелігімен еліміздің Ата Заңы 22 жылдан бері еліміздегі бейбіт қоғамның орнауына ықпал етті. Сондықтан да, тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияны құрметтеп, заң талаптарын оқып-үйренуі керек. Облыстық әділет департаменті осы бағытта, яғни өңір тұрғындарының құқықтық мәдениетін арттыру шараларын тиісті деңгейде жүзеге асырып келе жатқандығын атап өткен жөн. Департаментке қарасты басқармалар мен бөлімдер жыл басында бұл бағытта атқарылуы тиіс жұмыстың жоспарын түзеді. Сол тапсырмалар негізінде аудандық басқармалардағы мамандар айына 1 рет, қажеттілік туындап жатса 2 рет көпшілікпен жүздесіп, заң талаптарын түсіндіру жұмыстарын жүргізіп отырады. Кейіннен бұл шаралар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қалың бұқараға тарайды. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан Республикасының әрбір азаматының заң талаптарын жетік біліп, оған құрметпен қарауды насихаттауда әділет департаменті жоспарға сай жүйелі жұмыс атқарып келеді. Арысы хандық дәуірде ел билеу ісінде кәдеге жараған Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», әз-Тәукенің «Жеті жарғысы» сынды құжаттардан бастау алатын қазақтың құқықтық мәдениетінің тарихы тым тереңде жатыр. Сондықтан да біздің елде Конституцияға деген құрмет ерекше. Оны құрметтеп, қастерлеуді әрбір қазақстандық қасиетті борышы деп біледі.