Айтулы азамат
Айтулы азамат
Сарысу ауданындағы Саудакент ауылында ерлі-зайыпты Мейрамбек Тілегенов пен Дәметкен Айтжанова тұрады. Отағасы Мейрамбек 1940 жылы сол ауданның Байқадам ауылында дүниеге келген. Алматы халық шаруашылығы институтын бітірген. Оқу орнын тәмамдаған соң Шығанақ кеңшарында бас есепші және аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының экономика жүйесі бойынша орынбасары, Сарысу аудандық партия комитеті ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушісі, Түркістан кеңшарының директоры, аудандық дайындау мекемесі директоры қызметтерін абыроймен атқарған азамат қазіргі таңда құрметті демалыста. Жұбайы Дәметкен екеуі 1960 жылы шаңырақ көтеріп, 12 ұл-қызды өсіріп-жетілдірген аяулы ата-ана. Барлық ұл-қызы жоғары білімді мамандар. Олар бүгінде әр салада қызмет етіп жүр. Мейрамбек пен Дәметкен 4 немереден 22 шөбере сүйіп отыр. Мен олардың төртінші ұлы Нұрбай Мейрамбекұлын жақсы танимын. Онымен араласып жүргеніме 3 жылдай уақыт болды. Ол 1967 жылы мамыр айында Байқадам ауылында дүниеге келген. Сондағы мектепті бітірген соң Алматыда жоғары оқу орнын 1990 жылы инженер-механик мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1990 жылы Жаңатас қаласындағы Қаратау химиялық құрылыс тресті кәсіподақ комитетінде инспектор болып бастаған. Мыңдаған адам жұмыс істеген трестегі қызметкерлердің құқығын қорғап, олардың жатын орны мен тамағының талапқа сай болуын бақылап отырған. 1996-2002 жылдар аралығында Жаңатас қаласындағы «Қаратау» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы өндірістік бірлестігінде ұста, №7, 8, 9 тұрғын үй басқармасының басшысы қызметтерін атқарған. 2002-2009 жылдардың аралығында «Құлан Сапа Құрылыс» ЖШС-ның директоры қызметін атқарды. Нұрбай – іскер азамат. Сол қасиетінің арқасында 2009 жылы облыс әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының энергетика және техникалық бөліміне бас маман болып қызметке ауысып, 2011 жылға дейін сол қызметін абыроймен атқарды. Осы қызметте жүріп ҚР тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасының белсенді ұйымдастырушысы әрі білікті маманы бола білді. 2011-2012 жылдары облыс әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында электр энергетикасы және газдандыру бөлімінің бас маманы болды. 2013 жылы облыстағы қалалық экологияны жақсарту мақсатында облыс аумағында қалалық елді мекендердегі автокөліктерді сұйылтылған табиғи газға көшіру инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту бағдарламасын іске асыру барысында өзін білікті ұйымдастырушы ретінде көрсете білді. Жыл санап қызметі өсіп отырған ол 2013-2015 жылдары облыс тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында жылу энергетикасы және газдандыру бөлімінің бас маманы, энергетика және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің басшысы болды. 2016 жылдың 6 мамырынан бастап облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары болып еңбек етті. Биылғы жылы осы салада облыс көлемінде атқарылатын 43 жобаға бөлінген қаражат өз есебімен тиісті деңгейде игерілуде. Басшының орынбасары ретінде Нұрбай сол қаржыға жасалып жатқан жұмыстардың сапалы атқарылуын қадағалауда. Ол мемлекеттік қызметтің қай саласында жүрсе де өзін білікті маман ретінде танытты. Басқармадағы персоналды басқару жұмыстарын нәтижелі ұйымдастыра білетін мықты маман, білгір басшы. Ең бастысы, ол мемлекет мүддесін бірінші орынға қойып, адал әрі шынайы жұмыс істеудің үлгісін көрсетіп келеді. Оның осы қасиеттері ескеріліп, көпжылдық мемлекеттік қызметі үшін «ҚР Тәуелсіздігіне – 25 жыл», «ҰОС Жеңісіне – 70 жыл» мерекелік медальдарымен, сондай-ақ «Жамбыл облысы Ардагерлер кеңесіне – 30 жыл», Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Талғат Бигельдинов» медальдарымен марапатталған. Ел үшін аянбай еңбек етіп жүрген Нұрбай інімді ҚР Конституциясы күнімен құттықтап, оған мықты денсаулық тілеп, отбасының аман-сау болуына тілектестігімді білдіремін. Аман-сау қара жерді басып жүре беріңіз!
Есіркеп СЕРІКБАЙҰЛЫ, Байзақ ауданының Құрметті азаматы.