- Advertisement -

Жаңа индустриялық парктің болашағы зор

103

- Advertisement -

Елбасы тапсырмасы аясында елімізде индустриялық аймақтың ауқымын кеңейту мәселесі мықтап қолға алынуда. Біздің облысымыз бұл істе қалыс қалып отырған жоқ. Мемлекеттің көздеген мақсатын жүзеге асыру әрі өңірдегі бизнесті қолдау мақсатында «Тараз металлургиялық зауыты» кәсіпорнының базасында индустриялық парк құру қолға алынды. Металлургиялық зауыт аумағын алып өндірістік аймаққа айналдыруға көптеген мүмкіндіктер бар. Мәселен, бұл мақсатқа өндірістік және әкімшілік ғимараттарды, қоймаларды қосқанда, 41 гектар алаң бөлінген. Ал басты артықшылығы, инфрақұрылымның сақадай сай дайындығында. Сондай-ақ технологиялық цехтардың ішіне дейін тартылған темір жолдар бар. Интернет байланысы, медпункт қызметтері, қоғамдық тамақтандыру, автокөлік тұрағы түгел қамтылған.
Индустриялық парктің толық сипаттамасы мен мүмкіндіктері кәсіпорын ғимаратында өткен жиында таныстырылды. Бұл жиынға өндірістік аймақта өз бизнесін дөңгелетуді көздеген өңірдің кәсіпкерлері де қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке басқосуда жаңа индустриялық парктің ашылуы облыс экономикасына серпін әкеліп, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашатынын және көптеген жаңа жұмыс орындарының пайда болатынын атап өтті. Бұл бастама әлеуетті инвесторлар тартуды және жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістің өркендеуін қамтамасыз етуі ықтимал. «Тараз металлургиялық зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушы директоры Батыржан Қуанышәлиев жиында жеке меншік индустриялық парктің мүмкіндіктерін, жалға берілетін цехтар түрлерін, әр шаршы метрінің құнын, инфрақұрылымдық сын-сипатын арнайы дайындалған бейнематериал арқылы жан-жақты таныстырып өтті. Ниет білдіріп, зауыт аумағында жұмысын бастайтын кәсіпкерлер үшін құрылыс-құрастыру, темір өңдеу, механикалық өңдеу, сондай-ақ арнайы техникалармен жабдықталған автопаркті қолдану мүмкіндіктері қарастырылған. Негізінен металл бұйымдармен жұмыс істеуге ыңғайластырылған бұл аймақтың сыйымдылығы 30-40 шақты шағын және орта кәсіпкерлік нысанына есептелінген.
Облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова аталмыш индустриялық парктің іске қосылуы мемлекет үшін өте тиімді екенін атап өтті. Ал мұнда инфрақұрылым да, қоймалар да бар. Қарлығаш Әмірқызы сонымен қатар мұнда бизнес-инкубатор құру жоспарланып отырғандығын, ол бойынша мамандарды осы жерге орналастырып, мемлекеттен айлық төлеп, кәсіпкерлерге тегін қызмет көрсетілетіндігін жеткізді. «Индустриялық аймаққа кәсіпкерлер тарту мақсатында Тараз қаласында ғимаратты жалға алып жұмыс істеп отырған кәсіпкерлердің барлығына хат жібердік. 15 кәсіпкер жауаптарын беріп, біз оларға аумақты көрсеттік. Әзірге 4 кәсіпкер келуге ниет білдірді. Алдағы уақытта индустриялық аймақтың жұмысын ұйымдастырумен айналысатын басқарушы компания да құрылатын болады», – дейді басқарма басшысы.
Жалпы, облыс бойынша Талас, Сарысу, Шу аудандарында және Тараз қаласында индустриялық аймақтар бар. Енді олардың қатарын жеке меншік парк толықтырмақ.

Тараз қаласы.

Қарлығаш Есбергенова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support