- Advertisement -

Үзілген жапырақтар

211

- Advertisement -

Алтын күн бүгін жомарт жанша бар мейірім-шапағатын, шуақты нұрын жер бетіне төгуде. Шексіз мөлдір көк шатырдың үстінде ақ мамық бұлттар төселіп жатыр. Жел тербеген теректер, көгілдір аспан, төбесі көк тіреген ғимараттар жасанған сұлу қаланың сәнін келтіруде. Айнала құжынаған адам, зуылдаған көліктер…
Осы сәтте орталық көшені бойлай келе жатқан Мейірімнің ойына әлдене оралғандай болды да, көңіл-күйі біртүрлі құлазып кетті. Әттең, табиғаттың осы кереметінің бірі де дәл қазір оның жабырқаған көңілінің шерін тарқатып, мұңын бөлісуге, кеудесіндегі сөніп бара жатқан үміттің шоғын қайта лапылдатуға қауқарсыз. Осы шеті-қиыры көрінбейтін көк шатырдың астында мекен еткен пенденің бәрі де бақытты бола береді ме? Оны толғандырып тұрған нәрсе осы болғанымен, басқа да сансыз ой теңізінің кемесінде қалқып бара жатқандай…
Үнсіз келеді. Қала толы адам. Бәрі де асығыс. Күнделікті дүкен бойында отыратын апай да бүгін көңілсіз секілденді. Неліктен? Жан біткеннің бәрі жаны нәзік бойжеткенге қатулы көзбен қарайтындай. Міне, тағы да сол маңай. Дәл айнымас кешегі уақыт, бәрі де сол қалпы. Адам жанарын жалықтырар өзгеріссіз бір картина. Күздің салқын самалымен тербелген теректерден қызғылт сары жапырақтар бірінің ізін бірі ала көбелекше қалықтап түсуде…
Ол үшін кейде осы бір жапырақтар мұңая солып бара жатқан үміттерге ұқсайды, кейде қандай да бір сұлулықтың жаршысы сияқтанады. Неге екені белгісіз, сырын түсіне алмай-ақ қойды. Жан-жағына жалтақтай қарап, жолдың келесі бетіне өте бергені сол еді, байқамасқа амал нешік, көз қарашығы тоғыса дәл алдынан ол тағы шыға келді… Және бүгін де жалғыз емес. Күлкісі сыңғырлай шыққан кешегіден бөлек бойжеткен. Тағы да өзге адам. Өзге әлем. Таңданды, күн өткен сайын соншалықты нәзік көңілінің суып бара жатқанына қайран қалды.
Ал бірер жыл бұрын… Дәл осы сәтте еріксіз есіне Бексұлтан ағамыздың «Кәріс қызы» шығармасы түсті. Ағаштар енді ғана бүршік жара бастаған көктемнің шуақты күндерінің бірінде ұстазы: «Бексұлтан Нұржекеұлының шығармашылығымен танысыңдар. Алған әсерлеріңді әдеттегідей бір аптадан соң сұраймын», дегені бар. Мейірім ұстазының тапсырмасын алысымен, Мұхтар Әуезов кітапханасына беттеген. Кітап қолына тие салысымен мазмұнына көз жүгіртіп шықты, «Авторсыз сұлулық», «Бір ғана махаббат», «Қыз сезім», «Құпия махаббат» және «Кәріс қызы». Неге екені белгісіз, бірден осы шығармадан бастады. Әңгіме бастауынан-ақ, бұл оқиға өміріне өзгеріс әкелетіндей көрінген-ді. Расында да Хан Тәңірінің мұзбалағына айналған Мұқағалидың жырларына ғашық болмаған адам кемде-кем болар. Бірақ, оған дәл сол сәт кәріс қызының сезімі ерек боп көрінді…
…Таңертең сабаққа асығыс кітаптарын құшақтай құстай ұшып шықты. Кәріс қызының Мұқағали ағамызға деген сезімінің мастығынан әлі де ес жия алмай келеді… Кенет соңынан тірі жанның ілесіп келе жатқанын сезді. Тұла бойын лезде қорқыныш пен үрей билеп алды. Үнсіз келеді. Бір сәтте қорқынышын жеңгенсіп, кілт тоқтады. Кері бұрылып үлгерместен: «Кешіріңіз мені» деген дауыс естілді. Оқыс қимылмен, бірден ол кісінің жанарына қарап үнсіз тұра берді. Арада бірер минут уақыт өткенін байқап, ұялғанынан: «Сәлеметсіз бе?», деді Мейірім қатқыл үнмен.
– Мен, мен…ыммм… Сізді алыстан байқадым. Сізбен тілдесе алмай…
– Кешіріңіз?! –деді. Содан соң, ол кісінің сөзін күтпестен, «Ренжімеңіз, менің кетуім керек», – деп, өзін сол кісіден жүзін суық ұстап, оқуына беттеді. Арада біраз уақыт өткен соң, оқу ордасында ақын-жазушылардың кеші ұйымдастырылып, сол бір жұмбақ жанды жолықтырамын деп ойламаған еді… Сол кештен соң белгілі болды. Өзінен бірер жас үлкен болып шықты.
Иә, ол жігіт те Мұқағали ағамыз секілді ақын. Жыр жолдарымен еріксіз өзіне баурайтын ақын екен. Мейірім оның сырлы өлеңін алғаш естіген сәтте-ақ өзін қалай баурап алғанын сезбей де қалған тәрізді. Сол күннен бастап ақын жігіттің шығармашылығымен толық танысып та үлгерген. Өте әдемі. Өлең жолдары да әсерлі. Ұйқастары да ерекше. Бірер ай өткеннен кейін ол кісінің өлеңдерін жатқа айтар жағдайға да жетті. Өзіне-өзі тіптен түсініксіз боп өзгере бастады. Әр күн сайын ол кісінің өлеңдерінің жансыз кейіпкеріне айналып бара жатқанын өзі де аңғармаған… Ақын жігітпен кездесер күнді күткені де рас… Бекер-ақ… Өлең өрнектерінің иесі, өлеңінен таныған адамы оның ойындағы бейненің қарама-қарсы кейіпкері болып шықты. Мүлде шатасыпты… Бірақ, сезім…
Ал қазір, арада жылға жуық уақыт өтсе де, неге екені белгісіз, ол кісіні өзге жанның қасынан көрген кейпін мұнартып ойға ала береді… Еріксіз оттай жанары көз алдына келеді… Ал жүрегінде сол Кәріс қызының Мұқағалиға деген махаббаты қалды… Дәл осы сәтте қалықтап келіп қолына қонған қурап қалған жапырақ жүрегінде қатып қалған жараны ғана есіне салды. Сол солғын жапыраққа тырс етіп жанарынан бір тамшы жастың ағып түскенін ғана сезді… Иә, енді ғана түсінді… Жапырақтың бар сырын Мейірім дәл осы мезетте ғана ұққандай…

Салтанат
Қарасай.

Т.Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support