- Advertisement -

«Қайран өлең, жан-арымның жарқылы, Мен өлсем де, сен өлме!..»

184

- Advertisement -

Өмірнамам — өлеңім

Сор басқаннан жан-дүниемді тым сортаң,
Күресіп ем, қайтты есе…
Өлең жазып қу жанымды жұмсартам,
Ақындықта қай ақым бар, әйтпесе.

Бұлықсыған бұл ақындық не теңім,
Дарыса да жөргектен.
Тек, желпінсем еркіндікке… жетемін,
Таптырмайтын жер-көктен.

Серпілгенде, самғап қалар ой-санам,
Әруағымды шақырып.
Армандауды, қиялдауды қойса адам –
Ол кәдімгі мақұлық.

Түсіндірдім жаңа ғана себебін,
Солықтаймын сол үшін.
Отты өлеңмен өз-өзімді демедім,
Ортама да соза қойып қолұшын.

Тасқын-жырды тастай салсам ақтарып,
Сүргендеймін шын өмір.
Пешенеме бірер айлық бақ дарыр,
Қабыл болып неше жылғы тілегім.

Тарс ұмытам күйкіліктің күйісін,
Шым бата алсам қоғамға…
Жалғандағы жанашырым үй-ішім,
Шүкір деймін соған да.

Өмір сүрем өлең жазу арқылы,
Көнгім келмей әлпеші кем әлемге
Қайран өлең, жан-арымның жарқылы,
Мен өлсем де, сен өлме!..

Шексіздіктің түпсіздікпен түбі тең,
Тартысып ем, қайтты есе.
Өлең жазып, қу жүректі жібітем,
Ақындықта не ісім бар, әйтпесе!?

Кеу-кеу

Бұл өмір неткен қиян-кескі еді,
Не өнбек шабыс айқайдан..
(Біразға келдік жиям ба есті енді,
Қақырап қалдым әй, қайдам.)

Тірінің қоймай есін алады,
Тоқтамның қайбір мәні игі.
Өмірдің мынау несі налалы,
Қай жері маза фәнидің.

Адамды адамға тіреп қояды,
Ар жағы ар ма, иттік пе.
Қанына қызыл жүрек боянып,
Күйкіңнен озбас күйт біткен.
Дүние үшін ырғын-ырылдасқандар,
Ешкімді алмай ығына,
Шүйіре салып мұрынды аспанға,
Қадала бергіш сұғына…

Алып жүр әркім қара бастарын,
Әлсіздің басын доп санап.
Мұнысы былай жарамас тәлім,
Ғұмырға келсек шоп-шолақ.

Майдалап көпті, кейін іріктеді,
Күнәмен тұстас тозақы ӘЛ…
Нысапсыздардан мейірім кеткелі,
Ойпырмай, айтпа, не заман!

Көш

Қай мәнісін құлай ұқтым,
Тақпай бірден құр айып.
Бақиға мен лайықпын,
Өмір маған лайық.

Бейопаңның қармағына,
Іле-шала-ақ іліккем.
Адастырмай арбады ма,
Тылсымға тән білікпен?..

Жоғалмадым, жобаладым,
Кетер күннің біразын.
Сүрмеске өмір жоқ амалым,
Қайтпасқа да лажым.

Өлімді өмір санала ма,
Жүрмекпіз бе тірі құр?
Жеткенінше жан Аллаға,
Жанып біттім құрығыр.

Біраз уақыт бұл жақтамын,
Күш бере гөр бүкіл дін.
Жалғанына қылжақтадым,
Түрлілікке түкірдім.

Адамымын осы өмірдің,
Аруағымын осы өлімнің.
Үстінде де төсегімнің,
Ары-бері көше білдім.

Ілияс АХМЕТОВ,
ақын.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support