Құс қайтар кез таяу
Құс қайтар кез таяу
Шақпақаталық орнитологтар жұмыстарын бастап кетті
Белгілі ақын Е. Раушанов өзінің «Құстар – біздің досымыз» деген кітабында «Еренқабырғаның (Тянь-Шаньнің) бір белі – Шақпақ асуы Тараз бен Шымкенттің бел ортасында көлденең жатқан көркем тау» деп сипаттайды. Міне, осы Шақпақтың өзіне тән ерекше желі бар. Ғалымдар оның секундына 30-40 метрге жететінін есептеп шығарған. Кейде электр бағанын да баудай түсіріп, шатырды жұлып әкетіп жатады. Ұйытқи соғып, жолаушыны да жолынан адастырады. Атты кісіні аударып тастайтын асау жел. Қайтқан құстың да, келетін құстың да жолына бөгесін, тосқауыл, сапарына да бөгет жасап бағады-дүр. Орнитологтар мен гидрометеорологтар «желі тоқпақтай болып тиіп, басынан құс асырмайтын асуды» осы тұстан тапқан. 1966 жылы мұнда құс сақиналау бекеті де салыныпты. Табиғаттың таңғажайыбы дерлік жай. Құстардың шығыстан батысқа қарай мыңдаған шақырымға созылып жатқан Тянь-Шань тау жоталарын көктей өтуі қиын. Тек осы Шақпақ асуы арқылы ғана аса алады. Қолбасындай торғайлар асудан асарда төмен ұшады. Ұзақ, қарғалар көбінесе жерге қонып, қаздаңдай басып арғы бетке өтуге мәжбүр. «Жаяу» құстардың жолын тосып, сақина салуға ең қолайлы тұс та осы. Асудың аузына биіктігі 8-12 метр, ені 30-40 метр аран тор құрылып қойылған. Оған әбден шаршап-шалдыққан құстар топ етіп өздері-ақ түседі. Аран тордың ұзындығы жүз метрдей. Кең ауыз тарыла келе тар өңешке айналмақ. Түскен құс қанша талпынса да одан қайта шыға алмайды. Сонау 1899 жылы дат ғалымы Х. Мортенсон негізін қалаған құс сақиналау бекеттерінің әйгілілерінің бірі де осы Шақпақ бекеті. Ол – Қазақстан мен Орта Азиядағы бiрегей зерттеу мекемесi. Мұнда бiрнеше мемлекеттiң ғалымдары жұмыс iстейдi. Бекеттің көмегімен екі жүзге жуық құс түрі қайта зерттеле бастапты. Аран торға кейде құс ілікпейді, кейде жүздеп, мыңдап ілігеді. 1974 жылы 6 мамырда бір тәулікте 12832, 1977 жылы 3 мамырда 14428 құс сақиналанып, әлемнің орнитологиялық бекеттері арасында Қазақстанның аты екі рет дүркіреп шыққан. 1978 жылы Шақпақта да сақиналанған қарлығашты төрт күннен соң ит арқасы қияндағы Хакасиядан ұстаған орыс орнитологтары кішкентай құстың тәулігіне 800 шақырымнан астам жылдамдықпен ұшқанын есептеп шығарыпты. Таңғаларлық жай шынында. Сақина салу арқылы құстардың қай аймақтарға ұшып баратыны мен қанша жыл өмiр сүретiнi де анықталады. Мәселен, сақиналау әдiсiмен кәдiмгi шағала – 32, күмiс түстi шағалалар – 36, қараторғай 15 жылға дейiн өмiр сүретiнi белгiлi болған. Шақпақ асуында және Алакөл көлiнде Испания мен Үндiстанда сақиналанған торғайлар торға түскен. Сондай-ақ, торғайлар Үндiстан мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырналар Оңтүстiк Азияда, шақшақайлар Африкада қыстайтыны анықталған. Жалпы, бiздiң Жер шарының құрлықтарға бөлiнуiн географ ғалымдар құстардың таралуы мен қоныс аударуын есепке ала отырып жасағаны да әмбеге аян. Алматыдағы зоология институтына қарайтын осынау бекеттің орнитология ғылымына қосқан басқа да үлесі мол-ақ. Аталған институттың қызметкерлері жылына бір рет құс қайтар шамада осында келіп сақиналау жұмыстарын жүргізіп қайтады екен. – Биыл да бұл іске кірісіп кеттік. Тобымыздың құрамында үш қызметкер бар. Басқа да елдерден келетін ғалымдармен біріге жұмыс істейміз, – дейді орнитолог Алмат Абаев.
Баймаханбет Ахмет, «Ақ жол».
Жуалы ауданы.