Білім

Жаңа оқу жылын тың серпінмен бастамақ

Жаңа оқу жылын тың серпінмен бастамақ

Елбасы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында экономиканың барлық саласына IT технологияны енгізуді тапсырғаны белгілі. Ол үшін алдымен маман даярлау қажет. Сондықтан, Мемлекет басшысы адами капиталдың сапасын жақсарту, ғылым мен білімді дамытуға ерекше мән беріп отыр. Бұл саланы дамыту үшін білім беруді әрі қарай жетілдіру қажет. Ал сапа – білім мекемелерінің материалдық-техникалық жағдайына тәуелді. Бүгінде ауданда осы бағытта ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен, былтыр «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Түймекент ауылында жобалық құны 704,9 миллион теңгені құрайтын 300 орындық орта мектеп пайдалануға берілді. Сондай-ақ, үш орта мектеп күрделі жөндеуден өтті. Аудандық білім бөлімінің басшысы Әбдікәрім Әбдімомынов биыл Байзақ ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы басталғанын айтады. Нысан 2018 жылы пайдалануға берілетін көрінеді. Сондай-ақ, Сарыкемер ауылындағы Ю. Гагарин атындағы білім ошағы мен Ғ. Мұратбаев мектеп-гимназиясы күрделі жөндеуден өткізіліп, құрылысқа қарастырылған 352 миллион теңге қаражат толық игеріліпті. Құмжота ауылындағы Ы.Алтынсарин атындағы, Талас ауылындағы Н. Гоголь атындағы орта мектептер енді табиғи газбен жылытылатын болыпты. Алдағы жылдарда Ақшолақ, Бурыл ауылдарында да жаңа мектеп салынады деп жоспарлануда. – Ауданда 9 ауылдық округтен 10 мектепке 670 бала тасымалданып оқытылады. Оған тиісті қаражат бөлінген. Тасымалдайтын автобустар тоқтамай жүріп тұр, іші таза, техникалық бақылаудан өткізілген. Қазір барлық мектеп жаңа оқу жылына дайын. Биыл аудан бойынша 19108 оқушы мектепке барса, оның 2370-сі мектеп табалдырығын аттайтын бүлдіршіндер. Қазіргі кезде мектепке дейінгі мекемелерге де қойылатын талап күшейген. Балабақшаларда тәрбиеленіп жүрген бүлдіршіндерге ағылшын тілінде білім беру қолға алынуда. Себебі, бұл заман талабы, ал ағылшын тілі – ғылым мен техника тілі. Балғындарға мектепке ағылшын тілін балабақшадан бастап үйрету қажет. Сонда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында міндеттелген латын әліппесіне көшу үрдісі кедергісіз жүреді, – дейді Әбдікәрім Әбдіқайымұлы. Иә, Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы, университетте проректор қызметтерін атқарып, мол тәжірибе жинаған Әбдікәрім Әбдімомынов ауданның білім саласын өрге сүйрейді деген үміт бар. Осы қызметке тағайындалғалы бері ол біршама істі жолға қойды. Соның нәтижесінде, биыл біздің аудан ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша облыста екінші орыннан көрінді. Орташа балл – 83,48-ді құрады. Бұл 2016 жылмен салыстырғанда 7,83 балға жоғары. Біздің аудан ҰБТ қорытындысы бойынша осыған дейін ең төменгі орында болатын. Жас ұрпаққа сапалы білім беру бағытындағы жұмыстар жаңа оқу жылында да жалғасын табатынына сенімдіміз. Ауданда биыл жаңартылған мазмұндағы білім беру бағдарламасы бойынша 373 мұғалім біліктілігін арттырыпты. Деңгейлік курстар бойынша оқып келген мұғалімдер өз тәжірибелерін әріптестеріне таратуда. Үш тілде білім беру жүйесіне кезең-кезеңімен көшуге дайындық жасалып, 143 педагогтың 30-ы ағылшын тілін үйреніп, біліктілігін арттырса, 39-ы арнайы курстарда оқуға жіберіліпті.

Есіркеп Серікбайұлы, ауданның Құрметті азаматы.

Байзақ ауданы.