- Advertisement -

Қадағалаудан тыс қалмайды

94

- Advertisement -

Облыс аумағы оңтүстіктен солтүстікке дейін 400 шақырым, батыстан шығысқа 500 шақырымға созылып жатыр, сондай-ақ солтүстігінде Қарағанды, ал, шығысында Алматы облыстарымен, оңтүстігінде Қырғыз Республикасы және батысында Оңтүстік Қазақстан облысымен шектеседі. Жалпы жер көлемі – 14 426,4 мың гектарды құрайды.
Міне, осыншама байтақ жер көлемі бар облыста жер заңнамасы нормаларының бұзылуына жол бермеу және жер учаскелерін пайдалану ережелерін сақтаудың маңызы зор. Жер телімдерінің заңмен бекітілгеніне қарамастан, жеке тұлғалардың нысаналы мақсатын өз бетінше өзгертуі және өз бетінше иелену деректері көп кездеседі. Ондай жағымсыз жайттардың алдын алуда облыс әкімдігінің жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасы ауқымды жұмыстар жүргізіп келеді.
Басқарма өз кезегінде Қазақстан Республикасының жер, кәсіпкерлік және әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстерін басшылыққа ала отырып жердi пайдалану мен қорғауды мемлекеттiк бақылауды жүзеге асырады.
ҚР заңнамаларына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы басқарма қызметкерлері арасында түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Деректерге жүгінсек, өткен жылғы жүргізілген тексеру жұмыстарының нәтижесінде 231 заң бұзушылық анықталып, бұған кінәлі азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Биыл да бұл шаралар жалғасын табуда. Мәселен, жыл басынан бастап жүргізілген 88 тексерулер нәтижесінде 30 заң бұзушылық анықталып, 30 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 5 456,9 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.
Жоғарыда аталған заң бұзушылықтар көп жағдайда қолданыстағы заңнамаларды дұрыс пайдаланбағаннан орын алады. Мысалы, жер учаскесін өз бетінше иеленіп алу заңбұзушылығы жиі кездеседі.
Осы орайда жер учаскесiне құқық беру тәртібі туралы көптеген азаматтар бейхабар болғандықтан, жерді рәсімдемей жатып өз бетінше иелену арқылы жерге құқық беретін құжаттарсыз құрылыс немесе басқа да жұмыстарды жер учаскесінде заңсыз жүргізеді. Жалпы жеке меншік дегенде ел арасында жерді жеке меншікке алған тұлға сол жер учаскесінде өз қалауынша жұмыс жүргізіп, ал сол жерде атқарып жатқан жұмысы бақылаусыз болады деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi ҚР Жер кодексінің 43-бабының 10-тармағында былайша көрсетілген:
«Жер учаскесiне құқық беру тәртiбi егер облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқарушы органының, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ әкiмiнiң жер учаскесiн беру туралы шешiмiнде өзгеше көзделмесе, жер учаскесiнiң нақтылы (белгiлi бiр жердегi) шекарасы белгiленгенге дейiн және құқық белгiлейтiн құжаттар берiлгенге дейiн жер учаскесiн пайдалануға жол берiлмейдi. Осы норманы сақтамау жер учаскесiн өз бетiнше иеленiп алу деп бағаланады және Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкiмшiлiк жауаптылықты көздейдi».
Яғни, жоғарыда көрсетілген заң нормасында құқық белгiлейтiн құжаттары ресiмделмеген жер учаскелерiне қатысты мәмiлелер жасасуға жол берiлмейтіндігімен қатар, мұндай жерді пайдалануға тыйым салынатындығы нақты көрсетілген. Алайда біздің азаматтардың арасында бұл заң нормалары ескерілмейтін жағдайлар әлі күнге дейін кездесуде. Сол себепті, тексеру жұмыстарын жүргізу кезінде заң бұзушылық анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынған кезде заңбұзушы тұлғалардың басым көпшілігі заңды білмей қалғандықтарын айтып ақтала бастайды. Бұл заңбұзушылық бойынша ірі көлемде, атап айтқанда жеке тұлғаларға 75 АЕК (170175 теңге), ал заңды тұлғаларға 100-ден 700-ге АЕК дейін (226 900-1 588 300 теңге) айыппұл салынатындығын ескерсек, егер қылмыстық іске жатқызатындай салдары болмаған жағдайдың өзінде аталған заңбұзушылық әкімшілік жазаның ауыр түріне жататындығынан азаматтар хабардар болулары тиіс.

Кәмшат Рахышева,
облыс әкімдігінің жерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының құқықтық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support