- Advertisement -

Дамудың жаңа деңгейіне бастайды

89

- Advertisement -

 Мәріпбек ШӘКЕРБЕК, 

облыстық
кәсіпкерлер палатасының директоры.

 Халқымыздың тұрмыс-тіршілігіндегі, еліміздің экономикалық үрдісіндегі ілгері қадамдар мен болашаққа бағдарлар Елбасының жыл сайынғы жариялаған Жолдауында дәйекті түрде айқындалып отырады. Жыл сайын өзгеріс, жыл сайын қарқынды қадам. Президентіміздің биылғы ел халқына арнаған Жолдауы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталуының өзі өрісіміз бен өркениеттілігіміздің әлемдік талғамға кеңірек құлаш сермегенін аңғартады. Ел өмірінің қырық тарамды сан саласы – мәдени-қоғамдық, саяси бағыттары, әлеуметтік тыныс-тіршілігі, демографиялық өсімі, бәрі-бәрі дарияға құйылатын арналы өзендердей бір бағыт, ортақ ұстаным аясында қарастырылуының өзі елдігіміздің тұғырлы болуына, ілгерілеуге бастап тұр.

Рас, тәуелсіздік жылдарының ішінде еліміз елеулі табыстарға жетті. Алдағы уақытта да осынау қарқынымыздан айнымауымыз қажет. Атап айтқанда, еліміздің аграрлық секторын экономиканың жаңа драйверіне айналдыру, астық өнімдері бойынша Еуразия кеңістігінде «нан кәрзеңкесі» болу, шикізат өндірісінен сапалы өңделген өнім шығаруға көшу, тағы басқа да маңызды шептерді бағындыру міндеттері алға қойылып отыр. Халықаралық нарықтарда бәсекеге қабілетті болуымыз үшін мұның бәрі де айрықша маңызды. Міне, сондықтан да «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара, аянбай еңбек етіп Жолдау жүктеген міндеттер мен тапсырмалар үдесінен шығуға тиіспіз. Сонда ғана еліміздің экономикасы өркендеп, әлемдік қоғамдастық алдындағы абырой-беделі асқақтай түспек.
Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздегі бизнес қауымдастығына да үлкен жауапкершілік жүктеп, ал Үкімет пен жергілікті билік алдына кәсіпкерлік саласының өркендеуіне қолайлы жағдай жасау міндетін қойып отыр. Осынау келелі құжатта кәсіпкерлікті жаңа инновациялық, озық технологиялық негізде дамытуға кең мүмкіндік беру жайы да ерекше атап өтіледі. Бұл өз кезегінде ел экономикасының қарыштап дамуына айтарлықтай септігін тигізетін болады.
Жаппай кәсіпкерлікті дамыту, әкімшілік кедергілерді төмендету, өңірлерде бизнесті өркендетуге қолайлы жағдай жасау, экспортты стратегияны жасақтау, Қазақстанның агроөнеркәсіптік саласын дамыту – «Атамекен» ҰКП мен өңірлік кәсіпкерлік палаталары қызметінің де басты арқауы. Біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жандандырып, тапсырмаларды межелеген мерзімінде орындаудамыз.
Атап айтқанда, кәсіпкерлер құқын қорғау, әкімшілік кедергілермен күрес, өңір кәсіпкерлігін дамыту бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылды. Кәсіпкерлік ісін дамытуға кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер де жоқ емес. Осыған байланысты кәсіпкерлік нысандары тарапынан түскен 240 арыз-шағымның 59-ы кәсіпкерлер құқын қорғау жүйесі бойынша болса, оның 28-і оңтайлы шешімін тапты. 2017 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін палата кеңсесіне 96 арыз-шағым тіркелген, оның ішінде 20-сы оң шешімін тапса, 19-ы қанағаттандырылған жоқ, 23-і бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 4-еуі өндірістен алынып тасталды, 31-і қаралу үстінде.
Егер өткен жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіштермен салыстырар болсақ, мемлекеттік сатып алу, жер қатынастары, салықтық қатынастар мәселелері бойынша қайырылулар санының өскенін байқауға болады. Арыз-шағымның басым дені шағын бизнеспен байланысты. Облыс аудандарынан түскен мұндай арыз-шағымдардың үлесі 20 пайызды (яғни 20 өтініш) құрап отыр.
Бизнес мүддесі қорғалумен қамтамасыз етілген 354, 9 миллион теңге көлеміндегі қаржының 35 пайызы орта, 65 пайызы шағын кәсіпкерлік салаларына тиесілі. Палата, сондай-ақ, кәсіпкерлік нысандарын сотта да қорғауды жүзеге асыруда. Ағымдағы кезеңде палата қызметкерлері араласуымен үш сот үдерісі жүргізіліп, оның ішінде біреуі 532 мың теңге сомасындағы бір іс «Саяхат» ЖК пайдасына шешілді. Құрылым күшімен тиісті заңдылық нормаларын жетілдіру жұмыстары да қоса жүзеге асырылу үстінде.
Осы ретте өңірлік кәсіпкерлікті дамыту картасы бүгінгі таңдағы ең маңызды міндет – қажетті ақпараттарды тарату, жеткізу ісін шешетін кешенді құралға да айналып отырғанын атап өтуге тиіспіз. Дерекқорымызда өңірдегі, оның ішінде 10 аудандағы инвестициялық ортаның барлық өлшемдері – экономикалық, минералдық-шикізаттық, табиғи-климаттық жағдай, адами капитал, кәсіпкерлік әлеует, көлік-логистикалық мүмкіндіктері бойынша толықтай ақпараттар жинақталған. Карта, сондай-ақ, маңызды мәселелердің бірі – өңірді экономикалық әлеуметтендіру мәселесін де оңтайлы шешеді. Осындай жұмыстардың нәтижесінде аймақты әлеуметтендірудің туризм, агроөнеркәсіптік кешен, химия, құрылыс, құрылыс материалдарын өндіру секілді негізгі бағыттары айқындалды. Қазіргі таңда палата күшімен өңірлік картаға жоғарыда аталған салалар бойынша жалпы құны 124 миллиард теңгені құрайтын 10 жоба енгізіліп отыр.
Мемлекет басшысының биылғы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауында алға қойылған міндеттерді нақты іс жүзіне асыруға барлық күш-жігерімізді жұмылдырудамыз. Оның бір парасы – кәсіпкерлік әлеуетке ие, негізінен ауылдық жерлерде тұратын жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған «Бастау Бизнес» кәсіпкерлікке оқыту жобасы аясында жүзеге асырылуда. Бағдарламаға қатысу үшін тестілеуден өту міндетті. Оның қорытындысы бойынша тыңдаушылар тобы іріктеледі. Оларға шәкіртақы төленіп, сертификат табысталатын болады. Биыл облыста 1125 азаматты оқытып, үйрету жоспарланып отыр. Бүгінде үш лекте оқыту мәреге де жетті. Жалпы, үйренушілер саны 626 бірлікті құрады. Олардың 66-сы «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен несие серіктестіктері тарапынан қаржыландырылып та үлгерді. Қалған жобалар толықтай кәсіпкерлік палатасының сүйемелдеуімен жүзеге асырылатын болады.
Сайып келгенде айтарымыз, саяси реформа мен экономикалық жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты алға қойылып отырған міндеттер еліміз дамуының жаңа деңгейіне көтерілуіне өз септігін тигізетініне әбден сенімдіміз. Бұл мемлекетіміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуін мақсат тұтқан маңызды қадам. Елбасы айтқандай, табысты өткен екі жаңғыру арқылы баға жетпес тәжірибе жинақтадық, біз енді алға қарыштай қадам басып, Үшінші жаңғыруды батыл бастауға тиіспіз. Жолдауда жүктеген міндеттерді мүлтіксіз жүзеге асыру, сөз жоқ, отандық кәсіпкерлікті де жаңа даму деңгейіне көтереді. Біз бұған әбден сенімдіміз.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support