- Advertisement -

СӨЗ – ҚАРУЫ ОТ ШАШҚАН…

123

- Advertisement -

Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының мән-мазмұны уақыт озған сайын арта түседі. Себебі, материалдық жағдай жақсарғанмен, рухани жұтаңдыққа ұшыраған, тамыр-бастауынан қол үзген ұлттың болашағы бұлыңғыр. Ұлттық құндылықтарын, даралық келбетін сақтай алмау сол ұлтты үлкен қасіретке әкеліп соқтыруы мүмкін. Сондықтан да Елбасы мақаласында: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» дейді.
Осы ыңғайда озық ұлттық дәстүр дегенде, қазақ деген халықтың ең асыл қасиеттерінің бірі – аталы сөзді қадірлей білуі дер едік. Сөзге тоқтау, «ердің құнын екі ауыз сөзбен шешу», тиісті жерінде сөздің өткір қаруға айналуы, сөз арқылы даналықтың мәйегін таныту, тағы басқа жайлар – халқымыздың ғасырдан-ғасырға жалғасып бүгінге жеткен, сақталуы, дамуы тиіс ділгір құндылықтарының бірі.
Жаратылысынан сөзді бағалап, киелі санаған халық оның талай тамаша тұлғаларын дүниеге әкелді. Солардың бірі – биыл туғанына 350 жыл толып отырған Қаз дауысты Қазыбек би Келдібекұлы.
Әлбетте, Қазыбек би дегенде, төбе би Төле мен Әйтеке билер еске қатар түседі. Бұлардың қай-қайсысы да елдің қамын жеген, халықтың бірлік-ынтымағы мен жақсылығы жолында түн ұйқысын төрт бөліп, қайрат көрсеткен би-шешендер. Кешегі ұлан- байтақ жерді сақтап, бізге жеткізген ата-бабаларымыз кімдер еді, қандай болған, біз кімдердің ұрпақтарының жалғасымыз деген толайым сұраққа осылардың өмір-күрес жолдарынан, біздерге жеткен шешендік сөздері мен ғибрат-өсиеттерінен жауап таба аламыз.
Бұл данагөйлердің басты қаруы, өткір жебесі – сөз болды. Сөз қадірін, қуат-күшін, иірімін білді. Өздері шешендігімен, даналығымен сөз бағасын көтерді. Олар бықсып жанған жоқ, жалындап, дұшпанының мысын баса, қарындасының айбынын арттыра сөйледі. Айтқан сөздері мірдің оғындай дәл тиді. Өткір қылыштай қиып түсті. Шешендіктің басты белгісі қиып сөйлеу, қиыстыра толғау, тауып айту болды. Мұнда сөздің әуезділігіне де, ішкі ұйқасына да, бейнелігіне де айрықша мән берілді. Ал мұндай тау суындай қуатты, даланың ерке самалындай еркін сөз айтушының дүниетанымымен, елжандылығымен, қара қылды қақ жарар әділдігімен, адалдығымен, өр намысымен шектесіп жатты. Міне, осындай сөз қуаты мен даналықты ұштастырған даралардың эталоны ретінде жоғарыда сөз еткен үш биді алдымен айтамыз. Қазақ деген сөз қадірін білген халықтың бақытына орай, Төле би мен Қазыбектей, Әйтекедей би-шешендері арғы-бергі кезеңде көп болды. Дала демократиясы, сөз қуаты, жасыратын несі бар, өзге өктемшіл елдің өктем саясаты мықтап араласқанға дейін асқақтап тұрды.
Қазыбек бидің шешендігі – жалаң шешендік емес. Ел мүддесімен ұштасқан, ақыл-ойға суарылған шешендік. Жас күнінен-ақ өткірлігімен, тереңдігімен көзге түседі. Жоңғар қалмақтарының ел ішіне бүйідей тиіп жатқан кезі болатын. Бірде қарумен қақтығысып, бірде сөзбен шарпысып жатқан алмағайып уақыт. Есең кетсе, езе түседі. Әлсіздік танытсаң, басыңа қара түнек орнатпақ. Міне, осындай сын сәтте жай отындай жарқылдағандардың бірі – Қазыбек би болды. Ел ішінде Қазыбек би айтыпты деген даналық сөздер көп. Олар кітапқа түсті. Асыл мұра болып бізге жетті. Тек көкірек көзі ашық саналы ұрпақ оқып, тұшынса, ата-бабалардың асыл қасиеттерін бойына сіңірсе дейміз.
Қаз дауысты Қазыбек бидің бала күнінде айтыпты деген бәрімізге белгілі өткір сөздерінің бірі былай болып келеді. Қара күшіне мастанған қалмақ ханы Қоңтажыны намыс оты буған бала Қазыбек найзағайдай жарқылдаған сөз қаруымен тоқтатыпты дейді:
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз, қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз; танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз; сен қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз; жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз; тұтқыр сары желіммен, жабысқалы келгенбіз; берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт! – депті. Сонда Қоңтажы не дерін білмей, сасып қалыпты».
Халықтың жадында сақталып, айнымай бізге жеткен осы кәделі, намысты сөзден Қазыбек бидің кім екенін, қазақ деген халықтың қандай халық болғанын білеміз.
Сөз – қару, сөз – шарпыған от. Сөздің ар жағында даналық пен күш-қайрат, жігерді жаныған намыс пен бас кетеді деп райынан қайтпаған өжеттілік пен шыншылдық жатыр. Біздің бабаларымыз қандай ірі болған!
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған озық дәстүрлеріміздің бірі, бәлкім, осы болар. Сөзді киелі санау, орынды сөзге тоқтау, сөздің парқы мен құдіретін білу – бүгінгі ұрпаққа да аса қажет қадірлі қасиет.
Ал біз осы биіктен көріне алып жүрміз бе? Қазіргі жастардың сөйлеу тілі қандай дәрежеде? Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, бірақ ойланарлық, ойласарлық жайлар өте мол. Қазіргі көп жастардың тілі қарабайыр, жұтаң тартып барады. Ауызекі құрғақ сөйлеу тілінен аса алмай жүр. Сөздік қоры аз, сөздің бейнелігін, әуезділігін жөнді білмейді, сөздің айтылу заңдылығынан, орфоэпиясынан ақсап жатады.
Мемлекеттік тілдің мәселесі дегенде, басты назар аударатын жайлардың бірі осы секілді. Білім және ғылым министрлігі тарапынан арагідік айтылып қалып жататын орта мектепте қазақ тілі мен әдебиет пәнін біріктіріп оқытамыз деген пікірі де көңілге қаяу салады. Тіл өз алдына арналы ғылым саласы болса, әдебиет – сөз өнері ғой. Екеуі де ұлттық маңызы бар құндылықтар. Тіл мен әдебиет – ұлттың жаны мен жады. Сөз құдіретін, киесін тану, біздіңше, мектепте көркем әдебиетті оқудан басталады десек, мұнда шешімін таппаған, шешімін табуы тиісті көптеген күрделі мәселелердің барына көзіміз жетеді. Қазіргі жастардың көркем әдебиетті оқуы, тілді білуі алаңдатады. Сондықтан да мектеп оқушыларының өзге пәндермен қатар тілді, әдебиетті, тарихты жақсы білуі, игеруі жолдарын қарастыру қажет деп білеміз. Ал мектепте тіл мен әдебиетті біріктіріп, оқытылу сағатын қысқартып жіберсе, жағдайдың мүлде қиындай түсетіні сөзсіз. Өз ана тіліңнің мәйегін, құнарын бойыңа сіңірмей тұрып, өзге тілде сөйлеудің, дүбәралықтың қажеті бар ма? Мектепте ауыз әдебиетін, жыраулар поэзиясын, Абайды, Мұхтарды тереңірек оқып, бойына сіңірмесе, бала күнінен ана тілінің уызына қанбаса, ол ұрпақ келешекте шынайы ұлтжанды бола ала ма?
Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен, сөз құдіретін аспандатып, елдікті, ерлікті, адамдықты ұлықтаған Қаз дауысты Қазыбек бидің 350 жылдық мерейтойы тұсында осындай ұлттық мәселелерді тағы да ой елегінен өткізгеніміз жөн болар. Сөз киесін, қадірін білейік, ағайын.

Сәмен ҚҰЛБАРАҚ,
филология ғылымдарының докторы,
М.Х. Дулати атындағы
ТарМУ-дың профессоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support