Экономика

Несие кімге беріледі?

Несие кімге беріледі?

Жеке меншік сектордағы жұмыс орындарының тұрақты, жалақысының көңілге қонымды болуы – кәсіпкерлердің ісінің ілгері басқанына байланысты. Сондықтан, дамыған мемлекеттер өнімді жұмыс орындарын сақтап қалу үшін бизнесті кеңейтуге несие беру мәселесін қарастырып қойған. Биылдан бастап біздің елімізде де «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде өз кәсібін ашамын деушілерге несие беруді қолға алуда.

Несие кімге беріледі? Ол үшін қандай құжаттар жинау қажет? Осы сауалдардың жауабын Меркі аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Бақытжан Иманбетов былай деп түсіндіреді: – Несие алу үшін биыл ғана қабылданған «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының қатысушысы болуы шарт. Сонымен қатар, салық заңнамасына сәйкес, міндетті түрде салық органдарында тіркелуі қажет. Ал енді несие кімге беріледі дегенге келсек, елді мекендердің және шағын қалаларда микробизнесті ашуды, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейтуді, ауыл шаруашылығы кооперативтерін ашуды жоспарлағандарға беру көзделген. Ірі шаһарларда тек жаңа микрокәсіпорындар құру, жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін ұсынылады. Несиені алуға ең керекті құжаттың бірі – «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне немесе бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткенін немесе соңғы екі жыл ішінде басқа бағдарламалар шеңберінде кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курстарынан өткендігін растайтын сертификат.

Қойылатын басты талап – жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру. Бір нәрсені баса айтуымыз керек, несиелер аудандардағы мамандану карталарына сәйкес іске асырылатын жобаларға ғана беріледі. Ал бұл картаны жергілікті атқарушы органдар өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып дайындаған.

Орталық директорының айтуынша, ауданда жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағыты бойынша республикалық қазынадан 44 адамға өз ісін ашуға және ары қарай дамытуға 205,8 миллион теңге және жергілікті бюджеттен 101,0 миллион теңге қаржы қарастырылған. Осы ауданның өзінде 180 адамға кәсіптік негіздерін оқыту үшін мемлекет 1,1 миллион теңге бөліп, қолдау көрсетіп отыр екен. «Кәсіптік негіздерін оқуға 45 азамат жіберілді. Өз ісін ашамын деген 21 азаматтың өтініші қанағаттандырылып, 111,1 миллион теңге несие берілді. Жалпы, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында жасалған өңірлік жоспарға сәйкес, біз жыл ішінде 2150 азаматты жұмыспен қамтуға тиіспіз. Тамыз айына дейін орталыққа 1377 тұрғын кайырылып, оның 1263-і, яғни 60 пайызы жұмысқа орналасты. Атап айтсақ, 749-ы уақытша, 514-і тұрақты жұмыс тапты», – дейді Бақытжан Молдақұлұлы. Жаңа бағдарламада жұмыспен қамтудың нәтижелі бағыттарын ұсынады. Соның бірі – жұмыс күшінің кәсіптік дағдыларын қалыптастыру. Осы мақсатта ауданда 317 азаматты техникалық-кәсіптік және қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жіберу үшін ауданға республикалық бюджеттен 63,4 миллион теңге қаржы бөлініп, 9 колледжбен келісімшарт жасалыпты. Жеті айда 252 тұрғын оқуға жіберіліп, соның 169-ы кәсіптік білім алып, 6 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. 27,9 миллион теңге игерілген. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарлама еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамытуды көздейді. Бұл бағытта да ауданда біршама жұмыстар атқарылған. Бақытжан Иманбетовтің сөзіне сүйенсек, 65 тұрғынды әлеуметтік жұмыс орындарына тарту үшін республикалық және жергілікті бюджеттен 13,6 миллион теңге қаржы бөлінген. Қазіргі таңда 9 мекемемен келісімшарт жасалып, 88 адамның табыс тауып, әлеуметтік жағдайын жақсартуына жағдай жасалған. Жұмыспен қамтылғандардың 21-і жастар болса, бір азамат тұрақты жұмысқа орналасқан. «Жастар тәжірибесі бойынша жалпы 27,8 миллион теңге бөлініп, 82 жас маманға қолдау көрсету көзделген болатын. Біз 35 мекемемен келісімшарт жасасып, 85 жасқа жолдама бердік. Оның екеуі тұрақты жұмыс тапты. Ал ақылы қоғамдық жұмыстарға бөлінген 73,5 миллион теңгенің 40,6 миллион теңгесін игердік. 23 мекемеге 308 азаматты жұмысқа жібергенбіз, қазіргі кезде соның жетеуі сол жерге тұрақтап, еңбек етуде», – дейді орталық директоры. Жұмыспен қамту шараларының нәтижелі болуын көздейтін бағдарлама жеті айда өз жемісін бере бастады. Тұрақты жұмыс тауып, белгілі бір кәсіпті игергендер де, несие алып, бизнесін жандандырғандар да бар.

Меркі ауданы.

Ардақ үсейінова, «Ақ жол».