Әлеумет

Үлкен жүрек иесі немесе 2,34 гектар жерін мектеп пен балабақша салу үшін жергілікті билікке сыйлаған ана

Үлкен жүрек иесі немесе 2,34 гектар жерін мектеп пен балабақша салу үшін жергілікті билікке сыйлаған ана

10Қазақ өміріміздің жалғасы, еліміздің болашағы – бала тәрбиесіне баса назар аударған қашанда. «Тәрбие басы – талбесік», «Баланы – жастан», «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің», «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген мән-мағынасы терең мақал-мәтелдер осыған орай туындаған.

Балаға байланысты осынау қасиетті қағидаларды жадында ұстап, өміріне ұстаным еткен жандардың бірі – Қансұлу Ыбырайқызы. Мамандығы – физика-математика пәнінің мұғалімі бола тұра, ол ұстаздық қызметті балабақшада тәрбиеші болудан бастаған. Пән мұғалімі мамандығы бар адамның мектеп жасына дейінгі балалар мекемесінде жұмыс істеуі кейбіреулерді таңдандырды да. Таңданатындай бар, тілдері былдыр-былдыр, тірліктері салдыр-сұлдыр, өздері өкпелегіш келетін бүлдіршіндермен жұмыс істеу оңай емес. Қансұлуға да оңай болған жоқ, әрқайсысы бір-бір үйдің еркесі, әрқайсысының өзіне тән мінезі бар. Соның бәрін біліп тұрып, қаладағы №23 балабақшаға тәрбиеші болып орналасқан ол онда 8 жыл, одан кейін №19 балабақшада 6 жыл қызмет атқарды. Сол жылдарда талай «бұзық» Қансұлудың тәрбиесін алып, мектепке аттанды.

Табаны күректей 14 жыл тәрбиелік қызметте тәжірибе жинақтаған Қансұлуға қалалық білім бөлімі №10 балабақшаға меңгеруші болуды ұсынған. Бұл келісімін берді. Адам тағдыры, онда да ел болашағының тағдыры сеніп тапсырылған тәрбиешіге жүктелетін міндет пен жауапкершілік те оңай емес. Ал, басшыға екі есе. Қансұлу қарамағындағылардан жас өскінге жақсы қарауды талап етті, оларға тәлімгерлік жасауға да уақыт тапты. Еңбегі жеміссіз болған жоқ. Оның осылай 20 жылға жуық бар ынта-ықыласымен атқарған қызметі өтпелі кезеңдегі оңтайландырудың қармағына ілініп, 1997 жылы балабақша жабылып қалғанда Қансұлудың көңілі әжептәуір жабырқағаны рас. Қызметтің қысқарып кеткені үшін емес, бүлдіршіндердің болашағын ойлап... Одан кейін М. Мақатаев атындағы №14 орта мектепке мұғалім болып орналасқан Қансұлуға бастауыш сыныпта жұмыс істеу ұсынылды. Ол бас тартқан жоқ. «Білім негізі – бастауышта» деп түсінетін ұстаз балалар бойына білім нәрін сіңіруден, үйретуден еш жалыққан емес. Бала жанын баурап, жүрекке жол табу үшін барынша аянбай еңбек етті. Оның осындай еңбекқорлығы ескерілсе керек, араға бес жыл салып Қансұлуға мектеп директорының орынбасары қызметі сеніп тапсырылды. Одан бері де он жылда сенімді абыроймен атқарып келеді. 35 жылдай білім беру саласында қызмет етуші Қансұлу Ыбырайқызының омырауында ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі жарқырайды. Одан бөлек марапат қоржынындағы Грамоталар мен Алғыс хаттарда есеп жоқ. Білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы республикалық және облыстық комитеттерінің, Жамбыл облысы және Тараз қаласы әкімдерінің, облыстық және Тараз қалалық мәслихаттарының, «Нұр Отан» ХДП облыстық және қалалық филиалдарының Құрмет грамоталары, облыстық, қалалық білім ведомстволарының Мадақтама және Алғыс хаттары да жетерлік. Мұның бәрі ұлағатты ұстаздың бала тәрбиесіндегі және жас ұрпаққа білім берудегі еңбегіне берілген баға, жылдар бойғы еңбегінің жемісі. Өңірде ғана емес, республикада жаңашылдығымен, ұлттық құндылықтарға жанашырлығымен, ұлтшылдығымен, белсенділігімен танымал азамат, жұбайы Абдолла Бақбергенұлының келісімімен өзінің қаламен шектесіп жатқан Ақбұлым ауылдық округы аумағындағы жекешелендіріп алған жерінің 2,34 гектарын мектеп және балабақша құрылысын салу үшін Тараз қаласының иелігіне берді. – Қаланың біз тұратын Кірпіш зауыты аймағынан М. Мақатаев атындағы №14 орта мектепке көптеген оқушы балалар жаяу қатынап оқиды. Екі ортаны темір жол желісі бөліп жатыр. Қайсыбір жылдары осы жолдан өтіп бара жатқан бір-екі баланы пойыз қағып кеткен. – Міне, сол оқиғалардан кейін осындай шешімге келдім, – дейді Қансұлу қарындасымыз мәселенің мән-жайын түсіндіріп. Бар ғұмырын бала тәрбиесіне, білім беруге арнаған күміс алқалы ана Қансұлудың бұл шешімі ерлікке пара-пар. Кейбіреулер мемлекеттен жекешелендіріп алған жерлеріне зәулім сарайлар салып, дүниежарысқа түскен, кейбіреулер бір сүйем жер үшін көршісімен соттасып жатқан мына заманда оған басқа баға беру де мүмкін емес. Бүгінде өз шаңырағына төрт келін түсіріп, екі қыз ұзатып, олардан алтын асықтай немерелер мен жиендер сүйіп отырған ана, ұрпақ тәрбиесіне ғұмырын бағыштаған ұстаз Қансұлу Ыбырайқызы осындай жан. Шіркін, аналардың бәрі де Қансұлудай болса ғой!

Болат ЖАППАРҰЛЫ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.