ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ
ЕЛГЕ ҚЫЗМЕТ – МӘРТЕБЕЛІ МІНДЕТ
Көлемі атшаптырым алып зауыт күн демей, түн демей тынымсыз жұмыс істеп тұр. Еш үзіліс жоқ. Тура кәдімгі өндірістің қан тамырларына жан бітіріп, бүлк-бүлк етіп соғып тұрған жүрек сияқты. Зауыт тынысын сезіну жеңіл емес. Бір жерде жарқ-жұрқ етіп дәнекерлеушілер темірді «пісіріп» жатса, екінші біреулері арнайы аппараттар күшімен қалың темірді еш қиындықсыз матадай пішіп, қиып-кесіп жатыр. Үшіншілері құлаш жетпес жалпақ қалың қаңылтырларды иіп жатса, төртіншілері дайын болған сыйымдылықтарды бояп жатыр. Әне бір жерде бір топ жұмысшы жайдақ вагондарға көтергіш кранмен рет-ретімен жүк тиеуде. Құмырсқа илеуіндегідей қайнаған еңбек ортасы тынымсыз. Бұл – Тараз қаласындағы әйгілі Металлоконструкция және резервуарлар зауытының күнделікті тыныс-тіршілігі. – Бізде қарбалас шақ. Көрші қала Шымкентте мұнай өндіру зауыты кеңейтіліп, қайта құрылымдаудан өтіп, жаңартылып жатыр. Сол зауыттың тапсырысын орындау үстіндеміз. Сенім білдіргеннен соң уақтылы дайындап беру парызымыз. Өйтпесек тапсырушылардың алдында ұятқа қалып, жұмыстарына кедергі жасауымыз мүмкін, – деп бастады сөзін зауыттың басшысы Талас Ахметов. Сөзімізді сол сәтте қалта телефонының қоңырауы бөліп жіберді. – Маңғыстаудан дейсіз бе? Тыңдап тұрмын... Иә, жоба-сызбаларыңызды кеше алдық. Инженерлеріміз қарап жатыр. Жақын күндері өндіріске жібереміз. Иә... Иә... хабарласып тұрамыз ғой. Қам жемеңіздер... Тапсырыстарыңызды екі ай көлемінде бітіріп береміз. Келісімшартта көрсетілген уақыт солай емес пе? – Хабарласып жатқан тапсырыс берген кәсіпорынның бастығы ғой. Тәубе, бізге тапсырыс әр өңірден үздіксіз түсіп жатады. Тіпті қатар жатқан Өзбекстан, Қытайдан, Қырғызстаннан да... Өткен жылы Алманияның (Германияның) да арнайы тапсырмасын орындадық. Кабинетке барайық, мына жерде сөйлесу жеңіл емес. Жан-жағымыздағы қазандай қайнап жатқан жұмыс ойымызды бөле береді, – деп Талас Айсақалұлы бізді жұмыс кабинетіне қарай бастады. Оңашада отырып ой бөліскенге не жетсін! Алғашқы сәтте кейіпкеріміз тым шешіліп сөйлей қоймады. Кібіртіктеп, қипақтап отырып өзі туралы көп мәлімет беруден жалтақтады, өзіне қарағанда зауыт тірлігін көбірек жеткізгісі келді. Сауалдарыма қысқа, тақ-тұқ жауап беруден аспады. Келе-келе шешіліп, әңгімеміз бір жүйеге келгендей болды. – Мен Талас ауданының Бостандық ауылында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Айсақал балалар үйінде тәрбиеленіпті, кейін Шымкент пединститутын бітіріп Оқу министрлігінің жолдамасымен осы Талас өңіріне Бостандық ауылына қызметке келіпті. Біраз мектепте (Кеңесте, Ильичте) мұғалім, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, мектеп директоры болып сый-абыроймен қызмет етті. Қазіргідей емес, ол кезде мұғалімнің беделі керемет еді ғой. Тәртіптілік, үлкенді сыйлау, бірін-бірі құрметтеу де қандай жарасымды еді. Мектепте құрбы-құрдастарымнан айрықша бөлектеніп, оқуды керемет жақсы оқыдым дей алмаймын. Біреуден артық, біреуден кем дегендей. Ауыл баласына тән барлық өмірді басымнан өткердім. Мал да бақтым, шөп те шаптым, кірпіш те құйдым, қой қырқуға да қатыстым, кетпен көтеріп егін-бақшаға да бардым. Қолымыз қалт етсе шаң-шаң алаңқайда алаөкпе болып доп қуып, есекке мініп көкпар тарттық, Таластың суына армансыз шомылдық. Отбасымыздағы 9 баланың қайсысы болсын қара жұмыстан қайыспайтын, қаймықпайтын. Мен отбасымыздың тұңғышымын. «Атыңызды неге «Талас» қойған?» деп кейде бейтаныс кісілер сұрайды. Оның өз тарихы бар. Мен дүниеге келгенде атама «немереңізге ат қойыңыз» демей ме. Сонда құндақтаулы мені алдына алып отырып жарықтық атам: «Аты Талас болсын. Мына Талас өзені сияқты ырысы мол, жан-жағы тойымды, берекелі болып ержетіп, өмірі ұзақ болсын» деген екен. Сөйтіп Талас атандым. Талас өзенімен таласып өстім, жетілдім. Шүкір! Мектеп бітіріп, еңбек жолымды Қаратауда бастадым. Жалындаған жастық шақ әрдайым сағынтады. Қаратау ол кезде бүкіл Одаққа аты шығып, біздің өңірдегі ең бір болашағы зор қала болды. Фосфор өндірісін қолға алып, комбинаттар мен зауыттар соғылып, көз қызығатын қала салынып, заман дәуірлеп тұрды. Мыңдаған жастар әр түкпірден ағылып келіп, қажыр-қайратпен еңбек көрігін қыздырып жатты. Мен де әкем мен анаммен ақылдаса келе қанаттанып сол қалаға бардым. Жұмысшы болып еңбек еттім. Қатайдым, еңбекке көнбіс болып, қандай бір жұмыс болмасын жігермен, көтеріңкі көңілмен атқаруға тырыстым. Әскерге алынып, екі жылдық азаматтық парызымды өтеп қайттым. Жамбыл технология институтының кешкі факультетіне түсіп, осы металлоконструкция және резервуарлар зауытына 1969 жылы жұмысшы болып орналастым. Кейін мамандығыма сай гидромелиоративтік-құрылыс институтына ауыстым. Бірер жылдан соң зауыт ұжымы сенім білдіріп аудандық кеңеске депутат етіп сайлады, коммунистік партия қатарына қабылдады. Диплом алғаннан кейін цех басшысы болып тағайындалдым. 1997 жылы зауыттың жалпы жиналысында көпшіліктің қолдауымен зауыт директоры болып сайландым. Уақыт зуылдап өтіп барады. Тәубе, есейіп, ат жалын тартып, білім алып ел қатарлы еңбек еттім. Апа-қарындастарым, інілерім үйлі-баранды, әрқайсысы өздерінің өмірдегі жолдарын тапты. Оған шүкіршілік етемін. Міне, мына Металлоконструкция және резервуарлар зауытына келгеніме 45 жыл болыпты. Қарапайым жұмысшыдан бас директор қызметіне дейін көтерілдім. Аянбай, бар ниетіңмен таза еңбек етсең, өмірдің өзі белестерден, белдерден өткеріп, абыройлы қызметке қол жеткізуге болатынына дәлелдің бірі осы менің еңбек жолым. Зауытта қызметтің бар сатысынан өттім. Онсыз ортаңда беделің болмайды. Басшы да ұстаз, қол астыңда істейтіндердің жүрек отын жаға білуі керек, – дейді ол. – Қатал бастықсыз ба? деген сұрағымызға Талас Айсақалұлы: «Талап қоя білемін. Қазақтың «қамысты бос ұстасаң қолыңды кеседі» деген сөзі дұрыс айтылған. Басшы талап қоя біліп, еңбек тәртібі сақталу керек. Кейде, қажетті кезде базбіреулерге қаталдық танытуға тура келеді. Өмір, өндіріс болғаннан кейін олай болмаса тағы болмайды» деп жауап берді. Бұдан әрі әңгімеміз сұрақ-жауап түрінде өрбіген. – Қандай марапаттарыңыз бар? – Мен награда, марапат дегенге онша қызықпаймын. Әуестігім жоқ. Мен үшін білетін, танитын адамдардың сыртымнан «жақсы адам» деген пікірінің өзі жетіп жатыр. Байқасаңыз, атақ, награда деген қазір беделін түсіріп алды ғой. Оны қазбаламай-ақ қояйық. Қысқасы, кеудеге тағар жылтырақтардан, грамоталардан кенде емеспін. – Жұмыстағы ұстанымыңыз қандай? – Ең бастысы – мойындағы міндетті адал атқару. – Жастарға не айтар едіңіз? – «Уақытты бос жібермей терең білім алыңдар, еңбек етсең таза еңбек ет, қолыңнан келер іспен, жүрегің қалаған кәсіппен айналыс» дер едім. – Адам неден қателеспеуі керек? – Кәсіп таңдаудан, жар таңдаудан және үй таңдаудан. – Кәсіп таңдау жайлы айтып қалдыңыз, қазіргі жастар қай салаға барғаны дұрыс? – АҚШ-тың бұрынғы президенттерінің бірінің кенже баласы мектеп бітіріп келіп әкесінен: «Әке, қай мамандықты таңдағаным жөн?» деп ақыл сұрапты. Сонда әкесі: «Балам қандай мамандықты таңдауды өз жүрегіңнің қалауы білсін. Етікші болсаң да өз кәсібіңнің шебері бол» деген екен. Сондықтан жастарға айтарым, өзіңнің қай салаға, қандай мамандыққа ебің бар, соны қала. Әйтпесе бәріміз сот болсақ, прокурор болсақ, банкир-қаржыгер болсақ басқа жұмысты кім істейді? Сырттан шақырамыз ба? Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастармен кездескенде әрдайым бұл жайында талай рет инженер мамандарының тапшы екенін, жастар ол салаға керек екенін үнемі айтып жүр. Шынында да қазір білімді, білікті инженер кадрларын табу қиындап кетті. Бұрынғы төселген инженерлердің көбі зейнет жасына келді. Ойлай беріңіз, ертең олардың орнын кімдер басады? Сауатсыз инженер қашанда қауіпті. Инженердің жіберген қателігінен көпір құлайды, зауытта апат болады. Кеше университетті бітіріп келген жас маман-инженерлеріміз сызба-нобайларды түсінбейді, оқи алмайды. Білімі таяз, тәжірибесі жоқ. Сол өкінішті. Қайтіп оларды жұмысқа қабылдайсың? Мысалы, егер ол құрылыс инженері болса, оның салған үйі ертең қисайып, қабырғасы жарылып сыр берсе, тұрғындар өміріне қауіп төнеді, құрылысқа жұмсалған миллиондаған қаржы желге ұшады. Ондай оқиғалар соңғы кезде жиілеп кетті, тіпті апатты жағдай болып, құлап жатқандарымен хабардармыз. Құдай содан сақтасын. Басқа сала да осындай. Біздің зауытта 4 жоғары білімді заңгер жай жұмысшы болып жүр. Өйткені оларға өз мамандығы бойынша жұмыс орны жоқ. Заңгерлік дипломым бар, «Алма піс, аузыма түс» деп қашанғы жүреді. Отбасы бар, балалары бар демекші. Еңбек етпесе оларға кім нан тауып береді? Қалай күнін көреді? – Неден жиренесіз? – Сасық кеуде, өтірік намысшылдықтан. Өзін ақылды көрсетіп, елді ақымақ санайтындарды суқаным сүймейді. Екіжүзділік пен жағымпаздыққа жаным қарсы. Соңғы кезде қызметің үшін, қалтаңның қалыңдығы үшін алдыңда құрдай жорғалайтын жандар көбейіп кетті. Өтірік айтып, жалған сөйлейтіндер де өріп жүр. Оларға не шара?! Шығыстың кемеңгер шайыры Омар Хайямның: «Адам санасы қанша төмен болса, мұрнын соншама аспанға шүйіреді» деген тәмсілі бар. Қандай қызметте бол, қандай байлығың болсын кеуде керіп, аспандап кету жараспайды. Елден үлкен еместігімізді ұмытпағанымыз жөн. Тәңір алдында бәріміз бірдейміз. Менің білуімше, менмендік, дүниеге ерекше қызығушылық жақсы қасиеттер емес. – Отбасыңыз жайлы не айтасыз? – «Егер бір әйел туралы жер жүзі айтса, ол кино жұлдызы болар. Ал бір ел айтса, ол сол қаланың әншісі болар. Егер туған-туыстар, жора-жолдастар айтса, ол сол әулеттің сыйлы келіні болар» деген екен бір айтқыш. Сол айтқандай, Күлетай жеңгелеріңмен бір ауылда, бір мектепте бірге оқыдық. Ер жеттік, тіл табысып, үйлі-баранды болдық. Жеңгелерің ақылды да байсалды, сабырлы, балалары мен немерелерінің болашағын ойлап, толғанатын аяулы ана-әже. Қонақжай, дастарханымды ырысты қылды. Менің кейбір қисынсыз қылықтарымды көтере біледі. Біреудің айтқанын екінші біреуге, өзінің қосымшасымен қосақтап, жел беріп тізіп жеткізу дегеннен аулақ. Үйдің ішкі саяси жағдайын реттеп отыратын да жеңгелерің. Жастық шақта Күлетай жеңгелеріңе арнап шығарған мына өлеңімді айтып берейін: Өзің жоқта құссыз қалған көлдеймін, Өзің жоқта жаңбыры жоқ шөлдеймін. Өзің жоқта қурап қалған тірліксіз, Иесіз бір қалған жердеймін. Сен болмасаң аласарып Алатау, Тартылады Аса-Талас өзенім. Индира, Гүлмира деген екі қызым мен Бауыржан атты ұлым бар. Қатарларынан қалмай білім алды, өмірден өз орындарын тапты. Қазір бір-бір үйдің тұтқасын ұстап отыр. Немерелерім мен жиендерім өсіп келеді. Таяуда Байтемір атты немерем дүниеге келді. Байтемір – ата-бабамыздың айтулы азаматтарының бірі, аймаққа белгілі би-сұлтан болған кісі екен. Сүйегі Түркістандағы Ясауи кесенесі жанында жатыр. Сол бабамыздың рухы қолдап, болашақта жақсы азамат болсын деген ниетпен немеремді сол атаның есімімен атадым. Болашағы жарқын болсын ұрпағымыздың. Балаларым береке, немере-жиендерім мереке. – Бақыт деген не? – Туған-туыс, дос-жараңның амандығы. Отбасыңның берекесі, кәсібіңнен, еңбектен ләззат алу. – Қазір рухани жаңғыру мәселесі көпшілік алдында өткір тұр. Ол жайында ойыңызды білгіміз келеді. – Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бас газеті «Егеменде» жарияланған мақаласын мұқият оқып шықтым. Түсінген адамға бағыт-бағдар беретін, жол көрсететін тартымды мақала. Шындық қой, «экономика», «саясат» деп жүріп рухани дүниемізді қожыратып алдық. Жастар арасында тәрбие жұмысы көмескіленіп, рухани кедейшілік көрініс бере бастады. Тіпті, еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрімізді білмейтін жас ұрпақ қалыптасуда десем артық емес. Тілін білмесе, халқының тарихын білмесе – одан қандай патриот шығады. Ұлтжандылық отбасындағы тәрбиеден бастау алу керек. Түрлі діни ағымдарға ілесіп, сақал қойып, шалбарларының балақтарын кескен жастарды, хиджап киіп басынан тобығына дейін оранып алған қыздарымыз бен келіншектерді көріп иманым төбеме шығады. Олар кімнің айдауына көніп, кімнің жетегінде жүр? Ата-баба дәстүрімізде ондай бар ма еді? Неге ауытқып кеттік? Міне, мені және де түйсігі түзу замандастарымызды осы сұрақтар қатты алаңдатады. Тәкең сияқты қазақтың бір азаматы қаламыздың бетке ұстар бір алып зауытын басқарып отырғанына, міне, 20 жыл болыпты. Осы жылдар ішінде зауыт талай қиындықтарды, дағдарыстарды, өтпелі кезеңді өткерді. Базбір зауыттар банкротқа ұшырап, берекесіздіктен жабылып тынды. Ал Талас Ахметов басқарып отырған ұжым барлық қиындықтарды бірге еңсеріп, тынымсыз, абыроймен еңбек етіп келеді. Осы жылдар ішінде талай жетістіктерге, табыстарға ие болды, ұжым бір отбасындай тату-тәтті тіршілік етіп, ел экономикасын дамытуға өз үлесін қосып келеді. Шын пейілмен жұмыс істеймін деген адам нендей қиыншылықтың да шешімін тауып, жеңіп шығатыны секілді Жамбыл металлоконструкция және резервуарлар зауыты өңіріміздегі беделді өндіріс орындарының бірі. Ұжымның алға қойған мақсаттары, алар биіктері де мол.
Сағындық ОРДАБЕКОВ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Тараз қаласы.