Жамбыл спортының жұлдызы қашан да жоғары
Жамбыл спортының жұлдызы қашан да жоғары
Нұржан Жолдасбеков, облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы.
Жампоздарымыздың жеңісті жолы жалғасып келеді
Тарихы терең, топырағы қасиетті Әулиеата өңірінің, жайсаң Жамбыл жерінің қазақ спортындағы жұлдызының жоғары екенін ешкім жоққа шығара алмас. Жалпы, еліміздің спорттағы толағай табыстары мен жетістіктері бар жаһанның назарында десек, онда көк байрақты көкке көтерген біздің рухы биік, намысы ерен жамбылдық спортшыларымыздың да үлесі орасан. Олимпиадалық ойындарда, әлем және Азия чемпионаттары мен халықаралық байрақты бәсекелерде зор жетістіктерге қол жеткізіп, алтыннан алқа тағып, спорт жанкүйерлерін қуанышқа бөлеп жүрген жерлес жампоздар облыстың ғана емес, барша еліміздің мақтанышына айналуда. Өңір спортының даңқын шартарапқа шығарған, Олимпиадалық ойындарда, әлем және құрлықтық жарыстарда оза шапқан сәйгүлік спортшыларымыз Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбраимов, Болат Жұмаділов, Бақтияр Артаев, Ислам Байрамуков, Алмас Мұсабеков, Сәлкен Жартыбаев сынды спорт жұлдыздарының жеңісті жолын жалғастырған білекті де жүректі ұлдарымыз қаншама. Ақжүрек Таңатаров, Олжас Сәттібаев, Елдос Сметов, Аслан Шымбергенов, Бейбіт Ыстыбаев секілді саңлақ спортшыларымыз да байрақты бәсекелерде ел намысын абыройлы қорғап келеді. Рио Паралимпиада ойындарының 100 метр қашықтыққа еркін жүзу стильде ел тарихында тұңғыш рет жеңімпаз атанып, жаңа әлемдік рекорд орнатқан Зүлфия Ғабидуллинаның есімі де ел спортының тарихында алтын әріппен жазылғаны шындық. Осындай мақтаныштарымыздың да ізін басып келе жатқан бүгінгі жалынды жасөспірімдердің алғашқы оң қадамы, сәтті аяқалыстары да қуантады. Соларға қарап, өңір спортының ертеңіне сенім артамыз.
Сапалы спорттық нысандар – дамудың негізі
Бүгінгі таңда өңірде спортты, оның ішінде бұқаралық спортты дамыту мақсатында бірқатар ауқымды істер жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың алғашқы жарты жылдығында облыста дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылардың қатары 314,5 мың адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 16,8 мың адамға өскен. Аудандар мен Тараз қаласында дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын жастар саны 134,7 мың адамға жетті. Қазіргі кезде облыста барлығы 2026 спорттық нысан болса, оның ішінде 1 спорт сарайы, 19 стадион, 665 футбол алаңы, 556 спорт залы, 664 спорт алаңшалары және 121 басқа да нысандар бар. Ірілі-ұсақты спорт нысандары пайдалануға беріліп, ел игілігін көруде. Жыл басында пайдалануға берілген Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің спорттық-сауықтыру кешенінде бір күнде 300 адамның спортпен шұғылдануына мүмкіндік бар. Жуырда ғана Ұлттық олимпиада комитетінің қолдауымен 4 стритворкаут алаңшалары ашылды. Алдағы уақытта Тараз қаласында мұз айдынын салу жұмыстары жоспарлануда. Егер жоспар жүзеге асса, тараздықтарға мұзда коньки теуіп, бос уақыттарын қызықты өткізуге және мұз спортымен шұғылдануға мүмкіндік тумақ. Осыдан біраз жыл бұрын ашылған облыс тұрғындары ондаған жылдары асыға күткен жаңа «Тараз-Арена» спорт сарайы бүгінде өңір спортының дамуына ерекше серпін беруде десек артық айтпаймыз. Бұл ғажайып спорт нысанын Елбасы өзі арнайы келіп, аралап көріп, оң бағасын берген болатын. Заманауи спорт кешенінде спорттың 18 түріне арналған 13 спорт залы бар. Кешен бір күнде 2,5 мың адамды қабылдай алады. Спорт сарайының әмбебап ойын залы (кіші футбол, волейбол, баскетбол, гандбол) халықаралық деңгейдегі жарыстарды өткізу стандартына сәйкес. «Тараз-Арена» спорттық кешені ашылғалы бері көптеген айтулы спорттық іс-шараларды өткізді. Онда алғашқы халықаралық ірі турнирлер де өтті. Оның ішінде қазақ күресінен тұңғыш рет өткен «Еуразия барысы» бәсекесі мен айтулы мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаев атындағы турнирдің алар орны айрықша. Республика бойынша ең бірінші болып осынау беделді турнирді қабылдаған спорт кешені белдесуді тамашалауға келген барлық қонақтардың жылы лебіздеріне ие болды. Ағымдағы жылы Бүкіләлемдік бокс сериясында чемпион атанған «Астана арландары» клубының маусымдағы негізгі кездесулерінің бірі де осы спорттық кешенде өтті. Айта кету керек, аталмыш клубтың капитаны, жерлесіміз Олжас Сәттібаев бастаған жігіттердің финалда әйгілі «Куба қабыландарын» екі дүркін жеңіп, жеңіске қол жеткізгені еліміздің, оның ішінде Жамбыл боксының да мәртебесі екендігі даусыз.
Жыл басынан бері спортшыларымыз 1232 медальға қол жеткізді
Ағымдағы жыл басынан бері бүгінгі күнге дейін спортшыларымыз жалпы 1232 медальға қол жеткізіп үлгерді. Оның ішінде 480 алтын, 332 күміс және 420 қола бар. Атап айтар болсақ, Түркияның Анталия қаласында өткен дзюдодан Еуропа кубогында ҚР Ұлттық құрама командасының сапындағы жерлесіміз Нұрзат Сәлімбаев (60 кг) жеңімпаз атанса, Ташкент қаласындағы бокстан ересектер арасындағы Азия чемпионатында ҚР Ұлттық құрама командасының сапында Әбілхан Аманқұл (75 кг) қатысып, 3-орын иеленді. Ақтөбе қаласында жүзуден ересектер арасында квалификациялық ҚР чемпионатында Әділ Қасқабай 1-орын иеленіп, Эльмира Ибраим 1-орын алып, өңір намысын сәтті қорғады. Нью-Дели (Үндістан) қаласында өткен еркін күрестен ересектер арасында Ақжүрек Таңатаров (70 кг) жеңімпаз атанып, абыройымызды асқақтатты. Францияның Лион қаласында өткен киокушинкай-кан каратэден жасөспірімдер арасында 31-ші Еуропа чемпионатында жерлесіміз Қуаныш Датқа (40кг) 3-орынға қол жеткізді. Сондай-ақ Ташкент (Өзбекстан) қаласында пара дзюдодан Азия чемпионатында Әділет Адамбеков (60 кг) 3-орынға, Грузияның Тбилиси қаласында каратэ-додан өткен «Грузия Опен» халықаралық турнирінде Айзере Тоқтағызы мен Ильяс Бекзадаев алтын және тағы екі жас спортшымыз күміске қол жеткізді. Чехиядағы велоспорттан Grand Prix Priessnitz Spa әлем кубогының үшінші этапында Дінмұхаммед Ұлысбаев жеңімпаз атанып, зор қуанышпен оралды. Бұдан басқа да көптеген республикалық, халықаралық жарыстарда спортшыларымыздың жеткен жетістіктері жетерлік.
Ат спорты – айбынымыз
«Әулиеата» ат спорты клубы құрылғаннан бері, біздің өңірде көкпар, теңге ілу, аударыспақ, қыз қуу сынды ұлттық ойындар жақсы дамып келеді. Клубта ұлттық ат спорты түрлері көкпар, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу, жамбы ату бойынша спортшылар дайындалады. Олар жас ерекшеліктеріне қарай ересектер және жастар тобына бөлініп жаттығады. Барлығы 52 спортшы, оның ішінде ересектер тобында 26 спортшы, жастар тобында 26 спортшымен жасақталған. Осы күнге дейін клубтың құрамында болған 53 спортшы «Қазақстан Республикасының спорт шебері» және 3 спортшы «Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағына ие болды. Көкпардан Қазақстан Республикасының чемпионаттарының 9 дүркін чемпионы атанған шабандоздарымыз бен балуандарымыз Қазақстан Республикасы Президентінің жүлдесі үшін өткен Халықтар ойындарының және Ұлттық спорт түрлерінен республикалық фестивальдің 3 дүркін, республикалық «Ақ бидай» ауыл спорты ойындарының 2 дүркін жеңімпазы. Клубтың жастар құрама командасы да ел чемпионаттарының 3 дүркін чемпионы атанып үлгерген. Кейінгі жылдары елімізде дамып келе жатқан шөгеннен былтыр ел чемпионы атансақ, биыл үздік үштіктен көріндік. Халықаралық жарыстарда ұлттық құрама сапына дем беріп жүрген әулиеаталық спортшылар екенін ерекше айтып өткен ләзім.
Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.