Қауіпсіздікті сақтау қашан да маңызды
Қауіпсіздікті сақтау қашан да маңызды
Брифингте облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментінің биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында атқарған жұмыстары, балалардың отпен ойнауы және шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздігі, демалыс кезіндегі ата-аналар жауапкершілігі мәселелері басты әңгіме арқауы болды. Бұл туралы аталған департамент басшысының орынбасары, азаматтық қорғау полковнигі Талғат Сабиров кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, облыс аумағында ағымдағы жылдың жеті айы ішінде 508 табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген. Яғни өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда, олардың саны 42-ге артқан. Орын алған жағдайлардың салдарынан 197 адам зардап шексе, оның 45-і қаза тауыпты. Алдын ала мәліметтер бойынша материалдық шығын көлемі 70,4 миллион теңгені құрап отыр. Қаржы сомасының өткен жылғы сәйкес мерзімдегіден 57,8 пайызға ұлғайғаны да ойлантарлықтай. Әрине, мұның себеп-салдарлары әрқалай. Мұның ішінде есепті кезеңде тұрмыстық және өндірістік өрттер санының 351-ге жетуінің де өзіндік ықпалы бар. Осы тұрғыда баяндамашы балалардың от пайдаланудағы абайсыздығы, құрылыс-құрастыру және электр құрылғыларын, пеш пайдалану ережелерінің бұзылуы, қасақана өртеу өрттің шығуының негізгі себептеріне айналып отырғанын атап өтті. Орман және дала өрттерінің де жайылымдық алқаптарына зардабы едәуір. Жыл басынан бері 9 табиғи өрт оқиғасы тіркелген. Төрт орман өрті кезінде тілсіз жау 11275 гектар аумақтың өсімдік дүниесін жайпап кеткен. Мамандар одан келген материалдық шығын 9 миллион 373 мың теңгені құрайды деп отыр. Департамент тарапынан шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында су айдындары мен жағажайларда алдын алу жұмыстары жүзеге асырылып, жалпы білім беру жүйелері бойынша ата-аналардың балаларына жауапкершілігі жөнінде жадынамалар тарату, бейнероликтер көрсету арқылы арнайы сабақтар, жиындар өткізілумен келеді екен. Бұл жөнінде департаменттің төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің басшысы Омар Такеев айтып берді. Осы күнге дейін түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілгеніне қарамастан, судағы бақытсыздық оқиғалары орын алуы тыйылар емес. Шомылу маусымы кезеңінде биыл облыста 40 адам, оның ішінде 3-13 жас аралығындағы 22 бала суға кеткені тіркелген. «Әрине, облыс аумағындағы су айдындарының ауқымы өте үлкен. Барлығын бірдей бақылауда ұстау мүмкін бола бермейді», – дейді мамандар. Ал көпшілік жаппай шомылып, демалатын орындарда арнайы құтқару бекеттері жұмыс істейтіні белгілі. Тараз қаласында, мысалы, Талас өзенінің қауіпті аймақтарында департамент қызметкерлері бекітілген кестеге сәйкес жергілікті полиция қызметімен күнделікті рейдтік тексерулер де жүргізіп тұрады екен. Брифингте журналистер тарапынан қойылған басқа да сауалдарға тиісінше жауаптар қайтарылды.
Баймаханбет ахмет, «Ақ жол».