- Advertisement -

Меркі – менің мерейім

155

- Advertisement -

Облыстық БАҚ өкілдері ауданда өткен баспасөз турын аудандық тарихи-өлкетану музейіндегі экспонаттармен, тарихи-мәдени жәдігерлермен танысудан бастады. Өңірдің алтын қазынасын көзінің қарашығындай сақтап, аялап ел игілігіне ұсынып отырған мекеменің ғылыми қызметкері Айман Жүрсіналиева журналистерге ауданның жер көлемі, өткені мен бүгіні жөнінде тарата айтып берді. Үлкен алты залдан тұратын екі қабатты музей ғимараты 2010 жылы күрделі жөндеуден өткізілген екен. Айрықша құнды, аса бағалы жәдігерлер «қыздың жасауындай» рет-ретімен жинақтаулы тұр.

– Мынау венгриялық түбі қыпшақ ағайын-дарымыздың, мынау Вьетнамнан келген қонақтарымыздың сыйы, суреттері, – дейді Айман Жексенбайқызы арнайы жасақталған экспонаттарды ықыластана көрсетіп.
Журналистердің «Музейде бұдан бес жыл бұрын болып едім. Бүгінгі кейпі керемет, шын мәнінде де киелі, құтты орынға айналыпты», деп таңданысын жасыра алмағандары да болды.
Бұдан кейін тілшілер тобы Меркі шатқалындағы «Тұран» демалыс-сауықтыру аймағында болып, таудың саф таза ауасымен дем алып, бір сергіп қалды. Одан әрі олар электр қуатымен жылытылатын ауқымды бассейні, ағаштан қиып салынған қос қабатты коттедж түріндегі онға жуық отбасылық қонақ үйлері, мейрамханасы, ұлттық еуропалық үлгідегі асханалары, бильярды, саунасы, өзен үстіне салынған аспалы демалыс жайлары бар демалыс-сауықтыру аймағының көрсететін қызмет түрлерімен мұқият танысып шықты.
Өткен жылы ғана пайдалануға берілген аудандық 250 келушіге арналған емханаға да атбасын бұрып, жұмысымен таныса келе, бұл нысанды аудан жұртшылығына жасалып отырған үлкен қамқорлық деп бағаладық. Емхананың бас дәрігері Бекболат Құрманәлі аталмыш нысанды салуға 1 миллиард 800 миллион теңге жұмсалғанын, оған қосымша 500 миллион теңгеге жаңа үлгідегі заманауи медициналық құрал-жабдықтар алынғанын айтып «Дәрігерлердің қолы «ұзарып» қалды. Тұрғындар ендігі жерде барлық дәрігерлік көмекті өз аудандарынан-ақ ала алатын болады», деді.
Емханаға іргелес орналасқан жеке меншік «Сезім» медицина орталығы да келушілерге үлгілі қызмет көрсетіп, ел алғысына бөленуде екен. Орталықтың жұмысымен таныстырған білікті, тәжірибелі дәрігер Жолдас Көктеубаев мұнда УДЗ диагностикалық кабинет, зертхана, кардиолог, терапевт, уролог, ЭКГ кабинеттері жұмыс істейтінін, жалпы, жұмыстарының көп көңілінен шығып тұрғандарына өздері де риза екендіктерін жеткізді.
«Ботакөз» мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде ашылып, бүгінде 75 сәбиді аялап, тәрбиелеп отырған балабақшада журналистер бүлдіршіндердің түскі тәтті ұйқысының үстінен түсті. Солай десе де ұйқысы сергек екі ұл, бір қыз бала жаттаған тақпақтарын айтып беріп, көңілімізді сергітті.
БАҚ өкілдері 43 гектар жерге қант қызылшасын егіп, жыл сайын 900 центнерге дейін өнім жинап, айдарынан жел есіп жүрген Александр Бондаренко басқаратын «Трансферт» шаруа қожалығының балтамыр алқабында да болды. Қонақтарды күтіп алған шаруашылық жетекшісінің өндіріс жөніндегі орынбасары өздерінде атқарылған жұмыстармен таныстырып, алқап басында түбірдің қиналмай-ақ біреуін жұлып алып көрсетті. Тәтті түйнек қазірдің өзінде 6-7 келідей салмақ тартып қалған. Жиын-терін кезінде «Трансферттің» тағы да өзінің табыс биігінен төмендемесі белгілі болды. Алқап басында қожалық өкілі өздерінің табысқа жету сыры жөнінде де кеңінен әңгімелеп берді. Журналистер тобы Мықанды елді мекеніндегі «Олжа» шаруа қожалығының 800 бастай ірі қара малын семіртіп отырған бордақылау алаңында да болып, шаруа жайына қанықты. Алаң басына 30 мың түк тайлап буылған шөп жиналыпты. Былтырдан қалған 3-4 мая шөп те мұнда ісіне тиянақты, тындырымды азаматтардың жұмыс жасайтынынан хабар беріп тұрғандай.
Жұмыс жайымен жем-шөп дайындайтын цехтың басшысы Әділет Сарымолдаев таныстырды. Типтік үлгідегі үш бірдей базға орналастырылған бұқалардың бір қорадағысы бір жарым жасар, ал екі баздағысы семіртіліп, кәдеге жаратуға болатын дәрежеге жетіп, жер тарпып, буырқанып тұрған бұқалар екен. Әділеттің сөзінен пайымдағанымыз – шаруа қожалығы бордақылау алаңын 10 мың бас ірі қара семіртуге лайықтап жөндеп, құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатыр екен. Негізгі мал құм қойнауындағы «Тайсойған» мал жайылымы телімінде екен. Олар қазан, қараша айларында қораларға кіргізіліп, бордақылауға қойылмақ.
Сарымолдаев ауылдық округіндегі 600 оқушыға арналған Савва атындағы орта мектептің жаңа ғимараты биылғы оқу жылында пайдалануға берілмек. Барлығы 1 миллиард 146 миллион теңге қаржы жұмсалып, бой көтерген мектеп ғимараты сәнімен де, сәулетімен де көздің жауын алады. Жиһаздары да судай жаңа. Мектеп директоры Бекболат Қыстауов тобымызды өзі бастап алып жүріп, мектеп ішін аралатып, таныстырды. Керек-жарақтарын орналас-тырып, өсірген гүлдерін орнына қойып, сапырылысып жүрген мұғалімдер де, сыртқы көріктендіру жұмыстарын қауырт жүргізіп жатқан құрылысшылар да көңілді.
Міне, бұл жұмыстар ауданның бүгінгі бейнесі айшықты, әлеуеті ерен, ертеңі бұдан да нұрлы болатынына тағы да көзімізді жеткізе түскендей болды.

Меркі ауданы.

Суреттерді түсірген Виктор барбаш.

Серік Құралбай,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support