Білім

«Ашық білім басқармасы» акциясы аясында

«Ашық білім басқармасы» акциясы аясында

жаңа реформалар жайы талқыланды Облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен барлық аудандарда «Ашық білім басқармасы» акциясы өтіп, саладағы өзекті мәселелер талқыға салынды. Басқарманың бірнеше маманының тұрғындар арасында білім саласында жүріп жатқан реформалар жайын түсіндіріп, әдістемелік кеңес өткізуі – құптарлық бастама. Аталмыш акция Тараз қаласындағы №53 орта мектепте өткен жиында қорытындыланды. Мұнда облыстық білім басқармасының мамандары мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім беру (жаңартылған білім беру мазмұнына көшу), мектептегі тәрбие жұмыстарын ұйымдастыру, мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті біліммен қамту, білім беруді ақпараттандыру, қорғаншылық, қамқоршылық, патронаттық тәрбие, баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру бағыттары бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұнда келіп кеңес алушылардың қатарында ата-аналар да, мұғалімдер де көп болды. Соңында облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың қатысуымен пленарлық мәжіліс өткізіліп, осы шараның нәтижесі сараланды. Тың бастамалар көтеріліп, ұсыныстар айтылды. Басқарманың мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің маманы Айна Мерайымова әріптестеріне тәрбиешілердің методикалық шеберлігін шыңдау, сабақты қатал формада емес, ойын түрінде өткізуді ұсынса, мектепке дейінгі тәрбие бөлімінің басшысы Гүлзира Дәрібаева қосымша білім берудің қажеттілігіне тоқталды. Жалпыға міндетті орта білім беруді ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Саясат Есеев мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивті біліммен қамту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, Тараздағы 43 орта мектеп пен 13 балабақшада пандустар жоқ екен. Маман көруі нашар, естуі нашар балаларға ерекше жағдай жасалуы керек дейді. Жиында басқарманың қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің басшысы Мұхтар Керімбеков, кәсіптік білім беруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Алтынай Жайлышева да өзекті мәселелерді қозғады. Жиында Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мүбарак Жинақбаева қысқаша есеп берді. Бөлім басшысы айтқан мәліметке сүйенсек, шаһарда 7795 мұғалім бар екен. Биыл 1, 2, 5, 7-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді. Осыған орай 2073 мұғалімнің біліктіліктерін арттыру көзделген, қазір 1220 мұғалім білімін жетілдіру курстарынан өтіпті.Үш тілде оқыту бағыты бойынша 90 мұғалім оқып келіпті. Рахия Тұрмаханбетова Тараз қаласы бойынша 16 мектеп күрделі жөндеу жүргізуді қажет ететінін, 2 мектепте спорт зал жоқтығын айтып өтті. Бұл мәселе бойынша Тараз қаласы әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай жауап беріп, келесі жылы 5 мектеп күрделі жөндеуден өтетінін, биыл олардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқанын жеткізді. Өзге мектептер де кезегін күтіп, кезең-кезеңімен жөнделмек. Жиынды қорытындылаған Рахия Сейітбекқызы түлектері ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен көрсеткіш көрсеткен мектеп басшыларына алдағы уақытта сапаны жақсартуды тапсырды.

Есет досалы, «Ақ жол».