Өңірімізде 89 әкім сайланды
Өңірімізде 89 әкім сайланды
Өңірімізде аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдар әкімдерінің сайлауы аяқталды. Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 24 сәуірдегі №555 Жарлығына сәйкес өткізілген сайлау кезінде ешкім заңнан аттаған жоқ. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков осыны айтты. Комиссия төрағасының сөзіне сүйенсек, өңіріміздегі 153 ауылдық округ, 3 аудандық маңызы бар қаланың 89-ында әкімдердің сайлауы өтіпті. Оның 1-еуі ғана шағын қала, 88-і ауылдық округ екен. «11-19 шілде күндері барлық ауданның әкімдері кандидаттарды келісу жұмыстарын жүргізді. Сайлау алдында 267 кандидат тіркелген. Үміткерлер 27 шілде мен 4 тамыз аралығында аудандық мәслихат депутаттары алдында өздерінің сайлауалды бағдарламаларын таныстырып, кездесулер өткізген. Алайда, сайлауға санаулы күн қалғанда 69-ы өз кандидатурасын тіркеуден алып тастады. Оның 9-ында декларациядағы сәйкессіздігі анықталса, 60 үміткер өз өтініштері бойынша сайлаудан бас тартты», – деді Махметғали Нұрғалиұлы. Сайлауда барлық аудандық мәслихат депутаттары белсенділік танытқан. Дерекке жүгінсек, сайланған әкімдердің жас мөлшері 30-60 жас аралығында екен. Сайлау барысында ешқандай заң бұзушылық байқалмаған. Осыны мәлімдеген облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Махметғали Сарыбеков пен оның орынбасары Сара Мәдиева БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Есет досалы, «Ақ жол».