Жүректің қуаты
Жүректің қуаты
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Ел іші ғой.
Адамдар бір-бірін таниды. Кімнің кім екенін айыра алады. Жақсы біледі. Алақандай Тараз қаласында адамдардың барлығы бір-біріне жақын туыс, қимас бауыр сияқты мейірбан жүрекпен, әдемі де сүйкімді сыйластықпен өмір сүреді. Қазақ ағайынға, әсіресе, оңтүстік өңірге тән бітім-болмыспен тіршілік кешудің табиғи қалыптасуы, әлбетте бір күн, бір ай немесе бір жылдың еншісіндегі кезеңдермен ғана өлшенбейді. Бізге дейін ұзақ жылдар мен дәуірдің бедерінде санаға кіріп, сүйекке сіңген қасиеттер сол ортада жүрген адамдардың ұлттық және қоғамдық пиғыл-ниетімен ортақ құндылықтарға айналады. Біз осынау жалпылама сипатқа ие болған асыл дүниелердің әрқайсысы жеке тұлғалардың ақыл-ойымен, үздік парасатымен және соншама сүйкімді бет-бейнесі арқылы айқындала беретінін білгенімізбен, ылғи да терең үңіліп, ойлай бермейтініміз – шындық. Бұл енді қазіргі нарық заманында, дүниені тура мағынасында мол байлық, дода-дода доллар, яғни, ақша деген Құдай билеп-төстеген кезеңде тіптен қиындай түскені рас қой. Ел ішінде азаматтық абыройға ие болып, үлкен-кішіге үлгі-өнеге кісілер бар ғой, қалың жұртқа арқа сүйер тірек болып жүрген. Сол адамдар – қоғамның байлығы, ұлттың қазынасы. Олардың қатарын саусақпен санауға болмайды, сапалы адам ұғымымен адам капиталы делінетін ғылыми-ғаламдық өлшем бар. Құт-берекелі Жамбыл өңірінде кешегі даңқты ұл-қыздардың бүгінгі алғыр да ақылды ұрпақ өкілдері арасында кімдер әуелі ауызға алынады десек, республикаға кеңінен танымал Мұқаш Ескендіровтің де шоқтығы биік азамат екенін айтуға тиіспіз.
* * * Қазақтың қара сөзінің зергері Шерхан Мұртаза «Туған ұлтыңа қызмет ету үшін мінез керек, ұлттық мінез керек» деп айтудан, жазудан да жалыққан емес. Бұл өмір қағидасын Шерағаң «Бұлтсыз найзағай» кітабында жап-жас балаға өсиет айтқан қарияның аузына салады. Шерағаң бұл әпсана негізін «41-ші жылғы келіншек» повесінде Әзиз ананың әлди сөзімен әлдендіреді, атақты қаламгер бұл адам баласы үшін мағыналы өмір сүру ережесін «Қызыл жебе» романының бас кейіпкері Тұрар Рысқұловтың күрескерлік жолына ант пен серт бітіскен ұлттық рух ретінде бетке ұстайды. Жазушының ең үздік шығармасы – «Ай мен Айшада» ана мен бала махаббаты өшпес оттай жанып, ұлттық намыс болып өріледі. Ал енді бүкіл қазақ оқыған деген сеніммен айтар «Бір кем дүние» кітабында «Ұлттық мінезден ада кісіден адамдықты да күтуге болмайды. Себебі, оның ағзасы мен жанында ұлттық намыстың қаны ойнамайды» деп жазатыны бар. Бәрі бар, бірақ жүрегінде ұлттық қуаты жоқ болса, не болмақ? Бұл керек десеңіз, талап пен талғам өзгерген уақытта асау аттай тулаған, тау теңселіп, бұлт көшкендей әсер қалдыратын мәдени тобыр кезеңінде, жер жүзінде таңсық етерлік ештеңе қалмағандай, иірімі сең соққан дауылдай болған аласапыран заманның құбылыстарына көз тұнып, көңіл үйрене бастаған тәрізді. Бүгінгі күннің көп сауалының бірі. Шерағаң айтпақшы. Бұл қоғамда баяғының батырларындай тау тұлғалы, кесек мінезді, айбарлы, келбетті, нағыз қайраткер әрі күрескер адамдар өте-мөте керек екен. Шын мәнінде солай. Ел тәуелсіздігі жылдары ішінде Отанымыздың бүкіл бастан өткерген оқиғалы өмірінде жұртқа тұтқа бола алған азаматтар мен қайнаған ортадан әбден ысылып, шыңдалып, хас жүйріктей халық алдына шыға білген ақберендерді айтамын. Әйтпесе бізде бай-бағландар аз емес. Жамбылда да кең дүниені белшесінен басып, әбден байып алған кісілер аз емес. Олар дәулетті ғасырын өздерінің адал еңбектерінің арқасы деуге, әрине, хақысы бар. Алайда «бұл өзі қалай болған?» деген сауалға жауап іздеушілер де төбе көрсетіп қалуы әбден мүмкін. Байлығы бар, басы жоқ. Миллионы бар, иманы жоқ әлдекімдер емес, өзі өмір сүретін қоғамының абыройы үшін ақыл-ойымен мемлекеттік игілік жасап жүрген абзал адамдар ғана қоғамының құндылығына айналады. Адамдарды байлығына қарап бағаламайды. Елі мен жеріне деген үлкен махаббаты мен үлкен жетістіктеріне қарайды. Бұл ізгілікті өлшемге кім лайықты болмақ? Жамбылдықтар бұл тізімнің басына Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровті шығарады. Халыққа аса сыйлы азаматтығына қарап. Атағына да қарайды. Солай, Қазақстан химия өндірісінің алыбы әрі Жамбылдың бойтұмары, «Қазфосфат» кәсіпорнының бас директоры – Мұқаш Ескендіровтің тап өзі. Көпшілікке сары фосфор өндірісі кешегі дәуірде ерекше дүрілдеп, даңқы алысқа кеткені белгілі. Фосфоршыларға арнап ән де жазылды, өлең де оқылды. Кітап та шықты. Алайда фосфор өндіру ошақтарының будақтаған сасық түтінінен бұл халық көп азап та шеккен. Бірақ құлақ асып, оны тыңдап жатар билік те бола қоймаған. Тек тәуелсіздік жылдары ғана өндірістің қуатын да, экологиялық қауіпсіздігін де қалпына келтіре алған-ды. Қазақстанның алып фосфор өндірісін сақтап қалу жолында егемен ел басшылығы аянып қалған жоқ. Әсіресе, қысылтаяң әрі жоқшылық аттап бастырмаған 90-шы жылдары. Ту-талапайға түсе бастаған кәсіпорынның есігін күзеткен Ескендіровтер сол жылдары кішігірім ерлік көрсетті десек те болады. Алып зауыттар қаңтарылып қалса да, қаражат түгесілсе де, бәрібір іргесін құлатпай, цехтардың оттарын өшірмей, отандық инвесторларды тарту арқылы, көзі жәутең тартқан жұмысшылардың шашауын шығармай ұжымда ұстап қалу үшін не істемеді?.. Зауытта үзбей тәулігіне 24 сағат жұмыс істеудің дағдысымен жүрген сан мың азамат ауыр кезеңде өз көшбасшысын өздері таңдап алады. Білесіз бе, 1988 жылдары алып зауыт парткомы болған бұл азамат облыстық партия комитетінің хатшысы резервінде тұрған еді. Бұл облыс басшысының біріне лайықты үміткер деген сөз. Отыз жаста орда бұзар биікке аяқ басқан болатын. Айтпақшы, 1982 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ химия-технологиялық институтын тәмамдаған жас маманды ұстаздары үлкен ғылым жолына бұруды дұрыс көрген екен. Алайда, бұйырған нәрсе кетпейді, Жаңа Жамбыл фосфор зауытына ауысым шебері болып келген қайратты азаматтың бойындағы ерекше қарым-қабілеті еңбек әрі қызмет баспалдақтарына тез-ақ көтерген. Зауыт басшысы болу заңдылығы қатардағы жұмысшыдан бастап, әрбір цехтың отымен кіріп, күлімен шығуы керек пе, Мұқаш азамат соның барлығынан өткен, иә, абыроймен өткен. Алып өндірісте туыстық, тағы қандай бір пендешіліктің исі де болмауы керек. Олай болса, жұмыста береке болмайды. Таза алтынды тазартпайды. Ескендіров адам өмірімен салыстырып қарасақ, қамал бұзар 45 жасында нарық заманына қарай басқару құрылымы түрліше өзгеріп, ең ыңғайлысы әрі тиімді деп танылған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің Бас директоры қызметіне келуі алып химия өндірісінің бағын ашты. Тасын өрге домалатты. Бір мүшел жас ішінде төккен тер текке кеткен жоқ. Қазақстанда атақ-даңқы дүрілдеген талантты басшылардың ізін қуып, демде-ақ А.Күленов, Б.Шаяхметов сияқты атынан ат үркетін шығысқазақстандық директорлардың қатарынан табылып, маңдайы жарқырап шыға келді. Абыздың ізі аңызға айналған секілді. Нарық қыспағы қос өкпеден «кеу-кеулеп қысқанда», «талай қиындық, кедергі кесе -көлденеңдегенмен» деген сөздер кешегі сөз болғанымен, бүгінде бәрі қалыпқа түсіп, зырылдап кетті деген де артық болар еді. Себебі әлем нарығы тұрақты емес, әртүрлі жағдайға байланысты баға да, басқа да құбылып сала береді. Ескендіровтер мұны үнемі есте ұстап, ескеріп отырады. Әуеліде ауызға алып, тілге тиек еткен жазушы Шерағаңның өндіріс тақырыбына арналған «Қара маржан» романында да, белгілі суреткер Әкім Таразидің «Кен» деген үлкен романында да кеншілердің бас кейіпкері, бүгінгі Мұқаш директорға ұқсайды. Қазақтың қазба байлықтарының осы жерде өскен адамдары қызық-рахатын көрмесе, ондай байлық кімге керек? Жұмысшыларға әлеуметтік жағдай жасай алмаса, ондай басшылар қауқарсыз болғаны да... Еліне сіңірген еңбегіне халқы осы екі өлшеммен үңіледі, деп келтіреді емес пе? Наримандар... Егемен елдің Ескендіровтері адам таниды. Өмірге қажетті үш нәрсені ұсынады. Әрбір жиналыста, ұмытпа деп. Өзіңді құрметтеу. Өзгелерге құрметпен қарау. Өз ісіңе жауапкершілікпен қарау. Зауытта жұмыс істейтін 6 мыңнан астам адамның тағдырына тікелей жауап беретін басшының азаматтық жолы тек ақ жол болуы керек. Ал бұл тұтас бір мемлекеттің химия өндірісінің алыбы – «Қазфосфат» дүние жүзінде қымбат саналатын сары фосфор өндіреді және минералды тыңайтқыштар дайындайды. Әлемде сары фосфорды өндіретін елдер саусақпен санарлық қана. Ілгеріде Голландия қатты бәсекелес еді, бұл күндері Қытай мен Вьетнам да бұл өнімді өндіруде қарқынды дамуда. Бәсекелестік күйіп тұр, әлемдік сауда нарығында өнімді өткізу оңай шаруа емес. Оған Ескендіровтердің әлемдік әріптестеріне танымал абырой-беделі ерекше қажет. Түсінісу, ұғынысу, сенім арту – әлем рыногының дипломатиялық қажетіне тән. Әлемде жұмысшылардың айлық жалақысы бір күн емес, бір сағат та кешіктірілмей берілетін бір алып кәсіпорын болса, ол – осы «Қазфосфатта». Ол – әр айдың алғашқы күні. Ескендіровтің енгізген тәртібі. Сылтау айтылмайды, себепке де орын жоқ. Себебі, ондай істің көзін таппаса, салдары басқаша болмақ. Жамбылда үсті-үстіне өтіп жататын қоғамдық-саяси жұмысқа кірпік қақпай белсене араласатын бір әйгілі адам болса, ол біз білетін Мұқаш әріптесіміз. Бір басына абырой-атағы асып тұрған ол қашанда болмасын кісілігі мен ізгілігі алға шыққан қарапайым болуды ұстанады. Туған еліне, жеріне, халқына шексіз беріле қызмет етіп келе жатқан ардақты азаматтың оты мол жүрегінен жылу алғандар осы өнеге жолын көп айтады. Әулиеата өңірінің экономикалық дамуына ерекше үлес қосатын кәсіпорын басшысының үлкен болып танылуына өзі өскен ортаның тәлім-тәрбиесі негіз болса, өзі құрыштай қайнап шыққан өндіріс ошағы – қанатын қатайтудың кепілі болса, Мұқаштың үлкен тұлға болып қалыптасуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аялы қамқорлығы мен сенім көрсетуінің мәні өте зор. Өзіне дейінгі аға буынның дәстүрлі басқару үлгілерін бойына сіңіру, өз бойындағы тамаша қасиеттер мен ерекше жаратылысына сай қызмет етуінің арқасы. Ол – жаңа заманның жарқын тұлғасы дегенде, көркіне көз тоятын, уәделі сөзінде тұратын көңіліне разы болатын, келбетті көркем азамат, Абай атамыз айтқандай, толыққанды азаматтың дарасындай көрінеді. Ескендіровтің ел ішінде болуы қоғам мәдениеті үшін құнды рухани қазына секілді. Кеудесіне «Қазақстанның Еңбек Ерінің» айшықты белгісін жарқырата тағып, дүйім жұрт ортасына еніп келгенде, онымен бірге қазақтың кең даласындай бір дархан қазақты көріп қуанамыз. «Мұқаш – достыққа берік азамат» дейді мектепте бірге оқығандар. Институтта бір факультетте оқып, жатақханада тұрғандар. Ауылдас жора-жолдастары да. Өзімен қатар оқыған, бүгінде асыл жары – Гауһар келін бар, ұл-қыздары бар, бәрі құрбы-достарын жинап, әңгіме-дүкен құрып, өткенді сағынышпен еске алатын әдемі дәстүрі бар. Себебі, өмірдің бір қызығы – достықта. Саған нұр беретін, Қасыңда бірге болатын. Өмірге бір келетін, Не көрсе де бірге көретін, Өлсе де, бірге өлетін дос керек... Бұл әнді әнші де, саясаткер де, бизнесмен де, бай да, басқалар да айтады. Оңаша ой кешкенде. Ал ән әуені мен өлең жолдарын терең түсініп, өмірде солай өмір сүретін дос көп пе? Мұқашпен дос болу керек. Сонда білерсің...
* * * Қазыналы Оңтүстікте Сайрам деген жерді білмейтін қазақ жоқ. Байлық-дәулеті асқан сол тарихи өңірде Зұлқарнай есімді көзіқарақты, бір басына абырой-беделі жетерлік еңбексүйгіш кісінің құтты шаңырағында дүниеге келген Мұқаш бауырымыздың бар саналы ғұмыры от боп қайнаған, шоқ болып жанған өндіріспен басы бүтін кірігіп кеткен. Жамбылдағы «Қазфосфат» өндірісіне кірген ізі бар, оның шыққан ізі жоқ. Жоғары оқу орнын бітіргелі. Елуді еңсерген кезеңді уақыт көзімен қарап, ойлай салыңыз. Қап-қара тұнық көзінен жаны көрінетін, қайратты шашы қасқайып тұрған, әркім-ақ қызығар көркем, кең иықты, балуан кейіпті жап-жас жігіт кешегі жұмысшы еді, араға көп жылдар салып, енді өзі бауыр басқан алып фосфор өндірісінің зауыттар кешенінің бас директоры. Сан мың адам жұмыс істейтін, бір облысқа айна іспеттес «Қазфосфат» – әлемге әйгілі кәсіпорын. Шикізат өнімі тау-тау болып мұхит асып жатыр. Дүниежүзілік алыс-беріс сауда-саттық жүйесі бойынша Қазақстан экономикасына қосып келе жатқан үлесі де қомақты. Содан келе-келе біздің Мұқаш досты Қытай да, Америка да, Еуропа елдеріндегі мүйізі қарағайдай алпауыттар мен капиталистер білгенде қандай. Қазақстан деген елдің қазақ баласын. Осы арада бір салыстыруға жатпас, бірақ қисынды әңгіме ойға оралады. Кешегі кеңестік дәуірде шетелдіктер академик Қаныш Сәтбаевтың алып тұлғасы мен ғалымдық тереңдігіне сүйсіне қарап «Қазақтардың бәрі сіздей ме?» деп сұраған дейді. Сол кезде Сәтбаев бейтаныстау әріптестеріне күлімсірей: «Мен қазақтардың кішкентайымын. Менен де зор жігіттері көп» деп тіл қатып, жауап береді ғой. Алла тағала жаратқан, әке қанымен, шеше сүтімен өскен Мұқаш Ескендіровті осы заманның аңызға бергісіз адамы деп айтуға жарап тұр. Тіл-көз тимесін... Біздің халықтың жайсаң-жампоздары қандай екенін Ескендіровтің білімпаз, өнімді еңбек үшін шаршауды да, ұйықтауды да білмейтін адам болып өмір сүру кредосына қарап бағалауға болады енді. Біз алып өндірісте иә, мың-мың адам жұмыс істеп, көңіл толарлық жалақы алып, зауыттың өндірістік қуаты еселеп артып, әлеуметтік тұрмыстары әсем ғимараттармен көркемделіп, қолайлы жағдай туғызу мәселесі заман талабымен үндес екенін бөліп-жарып айтып жатқанымыз жоқ. Мұқаш Ескендіров – сөзге шешен, қазақ тілінің білгірі, жанашыры, рухани-мәдени, әдеби өмірдің жаршысы әрі қолдаушысы. Алып өндіріске бар өмірін сарп еткен басшылар арасында бұл сирек кездесетін құбылыс. Біз облыстық мәслихаттың депутаты қызметінде жиі жолығып, араласып тұрамыз. Басқа да толып жатқан кеңестің жиындарына барамыз. Сол орталарда Мұқаштың әділдік пен турашылдықтың өзіндей әрі сөзіндей мінезіне куә болып келеміз. «Ау, қарағым, қазақ тілінде неге таза сөйлемейсің?» немесе «Әділдігін айтуға тиіспіз!» деген мағынада біразымыз әлдебір өткір пікір айтуға итермелеген жағдайды біліп, сезіп тұрсақ та әртүрлі себептермен батылдық қасиеті жетпей, үздігіп жатқан уақытта Мұқаштың даусы саңқ ете қалғанда, баршамыз разы көңілмен оған көз саламыз. Мұны біреулер «Қазақстанның Еңбек Ері» деген зор атағы бар болған соң, әрине, кімнен қорқады, жалтақтамай айтады» деуі де мүмкін. Жоқ, ол кісі шын мәнінде батыл, батыр әрі адал адам. Мемлекетшілдік қасиеті айқын, азаматтық әрі саяси ұстанымы бар саналы ұрпақтың үздік өкілі. Біз де журналистік қызметімізде ол кісіні ашық сұхбатқа шақырып, әңгімелескенімізде өмірі намыспен, өрлікпен өрілген кейіпкермен кездесіп отырғаныма іштей қуанатынмын. Өмір жайлы ма, саясат па, жоқ, әлде өнер туралы ма, бәрінен жете хабардар, кітапты көп оқитын, сурет өнерінің ұлы туындыларына аямай ақша жұмсап жинайтын, адамгершілігі мол мықты қазақ. Мұқаш дәулетті адам да. Бірақ ұлтжанды, қарапайым кісілігі, шуақ-шапағат сәулесін түсіретін қасиетке ие болмысы оны мейлінше көркем бейне биігінде көрсетеді. Жаратылысынан. Сол мінез, сол кісілік. Өзгермейтін. Осыдан екі жыл бұрын Елбасының қолынан «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алып ел ішіне оралған уақытта әдеттегідей асып-тасып той жасамады. Қуаныштан жүрегі жарылардай болып тұрса да. Ең әуелі ұжымына зор алғыс айтты. Әрбір үлкен зауыт, әрбір цех жұмысшыларына. Содан кейін арамызда жүрген жалғыз Социалистік Еңбек Ері, «Алтын жұлдыздың» иесі, 88 жастағы байырғы дихан Мәрзия Ибрагимова апайға арнайы сәлем беруді жөн санап, інілік ізбасарлық ілтипатын көрсетті. Бұл еңбек ерлеріне тән сабақтастық пен сыйластықтың жарасымды сәті болды. Үлкен зиялы адамның тірлігі түгел осылай болса ғой дейтіндей. Аста-төк, даңғаза той-жиынға әуестігі жоқ, ал спортқа жақын. Күн сайын 10 шақырым жаяу сергектік сағатын бұзбай келе жатқаны, талай бұқаралық турнирге ұйытқы болып жүргені бос уақыты жоқ адамның қолынан ғана келетін тәрізді. Жасыратын несі бар, ырымшыл халық ол кісіні той төрінен, жақын-достары тіптен бас құдалықтың (бұрынғыдай емес, қазір құдалыққа ел беделділерін қосу дәстүрі төбе көрсетуде) алдынан көргісі келеді. Бәрібір сол жиындарда ұғынықты ой айту, салауатты әрі сергек сезімталдығымен көрініп, ел ішіндегі таланттылардың өнеріне демеулік жасап, қолдау көрсету дағдысына күш салатыны байқалады. Кілең жас ақындардың шығармаларының жинағын шығару, әртүрлі өнер иелеріне қолұшын берудің мысалы аз емес. Еуропалық мәдениеттің тәуірін кіріктіріп, ұлтқа керекті дәстүрді қалыптастыру, нені болса да ұқыптылықпен ұқсата білу, жас ұрпақты саналы тәрбиелеу, өзгенің уақытын жемеу сияқты мәселелер әрдайым оның жадында. Біз жақынырақ білетін Мұқаш Ескендіровтің қоғамдағы орны осылай. Даңқы шыққан саңлақ жігіт халық жазушысы Шерхан Мұртаза, көрнекті ақын Күләш Ахметова, академик-әдебиетші Мекемтас Мырзахметов сияқты Әулиеата әлемінде ел ерекше құрметтеп қараған азаматтардың қатарын толықтыра түсті. Нағыз құрметті азамат.
* * * Өткенде өзім куә болдым. Зауыттың әкімшілік ғимаратында әлемдік деңгейде химия өндірісінің дамуына айрықша жаңалықтар әкелген атақты ғалымдардың, оның ішінде қазақстандық ғұламалардың портреттері көрнекі жерге қатар-қатар қойылыпты. Бұл қисынды әрі қажетті дүние, өскен ұлт пен адамзат құндылықтарына деген мәдени-рухани құрмет. Сол талантты адамдардың ұлы еңбектерінің негізінде алып өндірістің қоғам мен халыққа тигізер пайдасына зер салып, ой жіберген Мұқаш Ескендіровтің жүрек қуаты игілік пен ізгіліктің бәріне де күш беріп тұрғанын сезінемін... ел іші де оны анық сезеді. Жақсылық жағында, жақсылар жағында жүретін адамның жаны сұлу, ары таза болады. Себебі, сезімтал, көңілі кірсіз. Еңбекпен ерлік жасап жүрген олар қазақтың қара өлеңі секілді өзгеге қалай өмір сүруді үйретеді дейді. Әрине, үзеңгі жолдас Мұқаш тәрізді жүзден, бәлкім, мыңнан бірі ғана...
Тараз қаласы.