«Мақсатымыз – нақты жағдайды көзбен көру...»
«Мақсатымыз – нақты жағдайды көзбен көру...»
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров Байзақ және жуалы аудандарында болды
Апта басында облысымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшелері, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев пен Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров Байзақ ауданында болды. Халық қалаулылары Бурыл ауылдық округіндегі «Бірлік» шаруа қожалығының 30 гектар алқапқа еккен қант қызылшасын аралап көруден бастап, шаруаны алаңдатып отырған мәселелер жөнінде сұрап, білді. Бұдан кейін олар Көктал ауылындағы «Жамбыл Құс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұжымымен кездесіп, ондағы бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға куә болды. Сондай-ақ мыңнан аса мүйізді ірі қара малын бордақылап, екі жүз елу тоннаға жуық ет өндіретін «Дулат» шаруа қожалығына атбасын бұрған қонақтарды шаруашылық жетекшісі Мусат Алашбаев өздерінде атқарылып жатқан жұмыстармен кеңінен таныстырды. Жұмыс сапары бұдан әрі Мырзатай ауылдық округіндегі «ЕрСән – ЖәнАй» жеке меншік балабақшасында өз жалғасын тапты. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде еңсе көтерген бөбекжайда мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылып отырған тәрбиеленушілердің жүздері балбұл жайнап, жаттаған тақпақтарын айтып беруі қонақтарды бей-жай қалдырмады. Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары Қостөбе ауылдық округіндегі «Агали» шаруа қожалығында да болды. – Еліміздің экономикасы күн санап көтеріліп келеді. Отандық өнімдерді қолдау басты назарда болады. Елбасының өзі еліміздегі шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инвестиция тарту қажеттігін айтып отыр. Алда қыруар іс тұр. Осы орайда біздің мақсатымыз – нақты жағдайды көзбен көру, халықпен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын, өтініш-тілектерін қаперге алу, – деп, Бақытжан Ертайұлы аймаққа жасаған жұмыс сапарының қорытындысын тиісті орган басшыларымен бірге талқылауға және бірқатар мәселелерді Парламентте көтеруге ниетті екендіктерін жеткізді. Арнайы сапарларының бір күнін Байзақ ауданындағы жаңалықтармен, жақсылықтармен танысуға және өзекті тақырыптар мен маңызды мәселелер талқыланған жүздесулерге арнаған халық қалаулылары мұндағы табысты істерге дән риза болып қайтты. Бұдан кейін халық қалаулылары Жуалы ауданындағы бірнеше ірі өндірістік және әлеуметтік орындармен де танысты. Олар аталмыш ауданда ең алдымен күн көзінен қуат алатын «Бурное Солар-1» стансасында болды. Станса жұмысымен танысып, оң бағасын берді. Жобаға салынған жалпы инвестиция құны 122 миллион АҚШ долларын құрайды. Орталық Азиядағы ең ірі станса құрылысын «Самұрық-Қазына Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі британдық «UG Energy Limited» компаниясымен бірге жүргізген. Сапар барысында депутаттар «Гамбург» шаруа қожалығының өндіріс жұмысымен танысты. Серіктестік директоры Е.Кохтың мәлімдеуінше, шаруа қожалығының қарамағында 2500 гектар жер бар, мұнда ірі қара мал жайылып, жемшөп дақылдары өсіріледі екен. Шаруашылық күн сайын 10 тонна сүт өндіреді. Сонымен қатар республиканың өзге де өңірлеріне нарыққа жоғары сапалы ет-сүт өнімдерін жеткізіп отырады. Депутаттардың келуіне орай серіктестік директоры өз ұсынысын жеткізді. Ол мемлекет тарапынан қабылданған бағдарламалардың ережелері жыл сайын өзгеретініне байланысты өз ойын ортаға салды. Мәселен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасының ережесі 2017 жылы жаңартылған болатын. Ал кәсіпкер өзінің шаруашылығын кеңейту мақсатында 800 бас ірі қара малға арналған кешенді соғуға ниет білдіріп, өткен жылы бизнес-жоспар жасап, биыл құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Алайда 2017 жылы өзгертілген жаңа ережеде құрылысқа мемлекет тарапынан субсидия берілмейтін болып шығады. Осылайша бағдарлама ережесі өзгеруі нәтижесінде зардап шегіп отырғанын жеткізді шаруа қожалық иесі. Халық қалаулылары оның ұсынысын жазып алып, мәселені шешу жолдарын қарастыратындығын айтты. Депутаттар аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясында» болды. Бүгінде аталған кәсіпорын күніне 25 тонна сүт қабылдап, одан ірімшіктің бірнеше түрін, сүт, тағы басқа өнімдер өндіреді. Мұндағы жұмыстың барысын компания директоры Әбдібек Пошқаев кеңінен тарқатып айтты. Содан соң «Агроазық-түлік нанмен жабдықтау» ЖШС жұмысымен танысып, Б.Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Б.Ертаев пен С.Омаров Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейіне де арнайы барды. Музейдің ғылыми қызметкері Ұлханым Исмаилова жәдігерлермен таныстырып, батырдың өмірінен тың мағлұматтар берді. Жуалылық кәсіпкерлердің нәтижелі еңбегін лайықты бағалап, ұсыныстарын тыңдаған депутаттар Тараз қаласына аттанып кетті.
Байзақ және Жуалы аудандары.
Қарлығаш есбергенова, «Ақ жол».