- Advertisement -

«Түркісібпен құрдас» көненің көзін шынымен-ақ қоқысқа тастай ма?

110

- Advertisement -

Жамбылдық теміржолшылар Жамбыл локомотив пайдалану депосы мен Тараз локомотив жөндеу депосының ауласында орналасқан тарихи ескерткіш-паровозды қатты құрметтейді. Уақытында осы екі депо да бір мекеме болатын. Сонау өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасы… Жамбыл стансасында орналасқан локомотив депосының ардагерлері және қызметкерлерінің ұсынысымен теміржолшылардың құрметіне лайықты ескерткіш қою қолға алынады. Депода музей ашылып, аулаға әйгілі «Түрксіб» темір жол құрылысының тірі куәгері Э№4161 паровозы қойылады. Мұны кешегі аталар дәстүріне тағзым, бүгінгі ұрпаққа аманат деп түсінген теміржолшылар зор мақтаныш еткен-ді. Тіпті, кешегі күн мен бүгінгі күнді байланыстырған алтын көпір – бұл ескерткіш әрбір теміржолшы әулетінің, қарапайым жұмысшының тағзым етер мекеніне айналады. Себебі өткен ғасырдың басында ел экономикасын көтеру жолында теміржолшылар аянбай еңбек етіп, тер төкті. Сонау сұрапыл соғыс жылдары тылдағы еңбеккерлердің сәлемдемесін осы болат жол арқылы тасымалдады. Жылжып жылдар өтті. Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ал ескерткіш өткен күннің белгісі болып қалды…
2014 жылы Астана қаласында Қазақстан темір жолының 110 жылдығына орай өткен салтанатты шарада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада теміржолшылардың құрметіне ескерткіш қою жөнінде ұсыныс тастайды. Тарихи ескерткіштер қатарында Таразда тұрған Э№4161 паровозы таңдалып алыныпты. Әрине, бұған жамбылдық теміржолшылар қуанбаса, еш өкінген жоқ. Өйткені, тарихи ескерткіштің орнына тағы бір тарихи паровоз келетін болды. Сөйтіп, ұлттық компанияның шешімімен әйгілі Э№4161 тарихи паровозы Астана төріне орнатылды. Ал 2005 жылы Таразға Л№3576 паровозы әкеліп орнатылды. Осылайша паровоз орнатылған кешен өз келбетін жойған жоқ. Мұнда аға буын теміржолшылар балаларын, немерелерін алып келіп, кешегі еңбек жолын, өмірден түйген өнегесін үлгі етті. Алайда соңғы күндері Тараз локомотив жөндеу депосының ұжымы осы дәстүр үзіледі ме деп дабыл қағуда. Оған себеп – кәсіпорынға Щучинск қаласында орналасқан «Рауан-Бурабай» ЖШС директоры Р.Махаевтан келіп түскен хат болып тұр. Хат мазмұнында «Жамбыл локомотив пайдалану депосының аумағында орналасқан паровоз-ескерткіш «Рауан-Бурабай» ЖШС балансына қарайды. Серіктестік басшылығы алдағы уақытта паровозды бөлшектеп, металл сынығына өткізуді жоспарлап отыр» делінген. Темір сынығын өткізуге басқа нысан табылмағаны ма? Осы хаттың негізінде бүгінгі күні Жамбыл жол бөлімшесінің әкімшілігі «Қамқор Локомотив» ЖШС бас директоры М.Амиров пен «ЖТ-ҚТЖ» АҚ президенті О.Кулаковқа хат дайындап отыр. Негізгі мақсат – соңғы 42 жыл көлемінде жамбылдық теміржолшылардың көз қуанышына айналған паровоз-ескерткішті тұғырынан тайдырмау. Осы орайда ЖТ-Жамбыл жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Сағымбек Ақшалов былай деді: «Орыс халқында «Болашақ – біздің жақсы ұмытылған кешегіміз» деген қағида бар екен. Ендеше кешегі өткенімізге, тарихымызға неге қиянат жасаймыз. Аға буын теміржолшылар паровоз-ескерткіштің орнынан алынуына қарсы. Өз кәсібін сүйген, өнегелі өмір жолын ұстанып, бүгінгі жас мамандарға даңғыл жол сілтеген ардагерлердің, қарт теміржолшылардың мақтанышы ғой бұл нысан. Тіпті мұнда бала-шағамызбен, немерелерімізбен келіп, суретке түсіп, өткен күнге көз жүгіртеміз. 115 жылдық тарихы бар Қазақ темір жолының қайталанбаас дәстүрі қалыптасты. Ол саналы ұрпақтың жадында мәңгі жатталуы керек қой. Дәстүр үзілмей, кәнігі теміржолшылар қалыптастырған құндылықтар жоғалмау керек».

Ерман Әбдиев,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support