Әлеумет

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қандай тарихи жәдігерлеріміз енеді?

«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына қандай тарихи жәдігерлеріміз енеді?

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жұрттың санасына жалпыұлтқа тән қасиетті және киелі орындар ұғымын мықтап сіңіру үшін «Қазақстанның рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыруды тапсырған болатын. Бұл бастаманың түпкі төркіні – Ұлытау төріндегі жәдігерлер кешенін, Қожа Ахмет Ясауи мавзолейін, Тараздың ежелгі ескерткіштерін, Алтайдағы көне қорымдар мен Жетісудың киелі мекендерін және басқа да жерлерді өзара сабақтастыра отырып, ұлт жадында біртұтас кешен ретінде орнықтыруды меңзейді. Без-имени-8 Без-имени-7«Әрбір халықтың, әрбір өркениеттің баршаға ортақ қасиетті жерлері болады, оны халықтың әрбір азаматы біледі. Бұл – рухани дәстүрдің басты негіздерінің бірі», – деген еді Елбасы өз мақаласында. Осы орайда, есімінің өзі киелі саналатын Әулиеата өңірінде қасиеті ел аузында аңызға айналған, әлі де зерттеліп жатқан тарихи орындар жетерлік. Соның бірі – Шу ауданы аумағындағы есімі ерекше құрметпен аталатын ортағасырлық Ақтөбе (Баласағұн) қалашығы. Аталған қалашық 1894 жылдары алғаш рет зерттеле бастаған. Ал 1974 жылы профессор Уахит Шәлекеновтің жетекшілігімен келген ҚазМУ археологтары бұл өлкені өздерінің зерттеу нысанына айналдырды. Міне, содан бергі ширек ғасырға жуық уақытта студент-археологтар жыл сайын Баласағұн қалашығына келіп, арнайы зерттеу жүргізіп, іс-тәжірибеден өтіп келеді. Соңғы жылдары жүзеге асқан «Мәдени мұра» бағдарламасы тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-мәдени өміріне біз күтпеген үлкен жаңалықтар алып келді. Сондай жағымды жаңалықтардың бірі – белгілі тарихшы, археолог және этнолог ғалым Уахит Хамзаұлының монографиялық еңбегінің жарық көруі. Профессордың бұл туындысы өзінің тың деректерімен құнды болды. Ол өзінің монографиясында 30 жыл бойы жинақталған құнды археологиялық жәдігерлерге сүйеніп, ортағасырлық тарихи қала – Баласағұнның тұрған жерін анықтап, оның сол ғасырлардағы түркі мемлекеттерінің әлеуметтік-саяси және мәдени орталығы болғанын дәлелдеп берген. Осылайша, құпиясын жер астына бүккен көне қала тарих факультеті студенттерінің археологиялық базасына айналған. Ширек ғасырға жуық уақыт жүргізілген зерттеу жұмыстары да нәтижесіз емес. Осы уақыт аралығында қалашықтағы цитадельде, шахристанда және рабадта көптеген құнды дүниелер табылып, тарихтың бүгінгі ұрпаққа беймәлім беттері ашылып келеді. Олардың арасында Х-ХІІ ғасырларға тиесілі су құбырлары, қыштан жасалған ыдыстар, мұнара және тағы да басқа құнды дүниелер бар. Шу өңірінің энциклопедиялық жинағында 1980 жылы Ақтөбе қонысының үстінен ұшақпен түсірілген суреттің нәтижесінде қалашық орталығының 70 шаршы шақырымды құрайтын үлкен аумақты алып жатқандығы және қаланы қоршайтын қамалдың жалпы ұзындығы 52 шақырымға жететіндігі айтылған. Дәл осындай көлемдегі шаһарлар Шу мен Талас өңірлерінде болмаған көрінеді. Өз заманының данышпан ғалымы Жүсіп Баласағұни өмір сүрген ғажайып қала осылайша тарих сахнасынан жойылып кеткенімен, араға жүзжылдықтарды салып, егемен елімізге аса құнды тарихи жәдігер ретінде қайта оралып отыр. Баласағұн қалашығында жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары тәуелсіз еліміздің тарихын жаңа, тың деректермен толықтыра түсетіні даусыз. Осы орайда, ортағасырлық Баласағұн қалашығы Елбасы ұсынып отырған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енуге лайықты деуге әбден болады. Бұл сөзімізді Ақтөбе қонысына арнайы барғанымызда сол маңда археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының аға-ғылыми қызметкері, Археология және этнология мамандығы бойынша философия докторы Ералы Ақымбек те растап отыр. Оның айтуынша, Баласағұн қалашығы жер көлемі жағынан да, табылған жәдігерлердің саны жағынан да еліміздегі киелі жерлердің тізіміне енуге лайықты екен. – Бұл қалашыққа 2001 жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп келемін. Ақтөбе қонысының жанындағы ежелгі қала үш бөліктен тұрады. Цитадель, шахристан және рабад. Аталған үш бөлікте қала мен әскер басшылары және шаруашылық аймақты қоныстанған қарапайым халық тұрған. Оның сыртынан екі қорғаныс қабырғасы өтеді. Ішкі қабырға 15 шақырым болса, сыртқысы 18 шақырымдай аумақты алып жатыр. Оған қоса, өзен жағында тағы да қосымша қабырғалар болған. Бір таңғаларлығы, Баласағұн қаншалықты ежелгі болғанымен орталыққа ауызсу қазіргідей су құбырлары арқылы келген. Мен мұнда келгеннен кейін араға алты жыл салып, қаланың сыртқы қақпа маңынан шарап жасайтын шеберхананы аштым. 2008 жылы ІХ-ХІ ғасырларға жататын бірнеше тұрғын-жай бөлмелерін таптық. Бір жылдан соң, маған дейін де зерттелген мұнараның біз білмейтін қырлары анықтала бастады. Осыдан үш жыл бұрын сол мұнараның айналасынан бірнеше бөлмелер бой көрсетті. Ол ХІ ғасырдың басына жатады. Қазіргі кезде оның тек іргетасы ғана сақталған. Іргетасының жерге көмілген бөлігінің өзі 2,5 метр болады. Ал 2015 жылы сол замандағы кірпіш күйдіретін пеш табылды. Өткен жылы қалашықтың сыртқы қорғаныс қабырғасының маңынан керамика күйдіретін пешті аштым, – дейді Ералы Шардарбекұлы. Иә, расымен де құпиясы әлі де толық зерттеліп бітпеген қаланың келешек ұрпаққа берер дерегі көп екені даусыз. Қазіргі кезде қалашық маңындағы Ақсу ауылының тұрғындары да археологиялық жұмыстарға тартылуда. «2015 жылы «Шу өңіріндегі ортағасырлық қалалар мен қоныстардың керамикасы» деген тақырыпта үш жылдық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бізге Білім және ғылым министрлігінен арнайы грант бөлінді. Бөлінген қаржыға сонау Алматыдан жұмысшы топты алып келгеннен, жергілікті жердің тұрғындарын жұмыспен қамту тиімді болып тұр. Жалпы, Елбасының мақаласында айтылған киелі орындарды тарихи, архитектуралық, археологиялық және табиғи жерлер деп бірнеше бөлікке бөліп қарастыруға болады. Ал ортағасырлық бұл қаланы қай жағынан алып қарасақ та, аталған тізімге енгізуге лайықты деп ойлаймын. Ол Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, бұл жер Елбасының: «Елді мекендерге жақын орналасқан тарихи жерлерді көбірек зерттеу керек» деген тапсырмасына да дөп келеді», – дейді Ералы Ақылбек. Қазіргі таңда «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына жауапты мемлекеттік орган ретінде Мәдениет және спорт министрлігі тағайындалғаны белгілі. Жобаның негізгі орындаушысы ретінде Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі жанынан «Қасиетті Қазақстан» орталығы құрылып, арнайы жұмысшы топ өз жұмысын бастап кетті. Орталықтың міндеті – еліміздегі киелі жерлер мен ескерткіштердің деректер қорын әзірлеп, «Қазақстанның киелі жерлерінің Атласын» құру болып табылады. Бұл өте ауқымды жұмыс екені айтпаса да белгілі. Қазірдің өзінде қыруар тірлік атқарылып, елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің арасынан Сарапшылар кеңесі құрылды. Аталған кеңес сакралды нысандарды табиғи-ландшафты, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары саналатын діни нысандар, тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты орындар арқылы жеке-жеке анықтайтын болады. – Шу өңірінде халық көп баратын және мінәжат ететін жерлер көп. Алайда олардың барлығы толық зерттеліп бітпегендіктен аталған жобаға ұсына алмаймыз. Дегенмен облысымызбен қатар, республикаға белгілі ортағасырлық Баласағұн қалашығы мен аудандағы Қорғаншы бекінісін «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына ұсынып отырмыз, – дейді Шу аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ескерткіштерді қорғау жөніндегі инспекторы Айжан Кәрібаева. Бүгінгі таңда көне қаладан шыққан құнды жәдігерлер еліміздің орталық мемлекеттік музейіне, сонымен қатар облыстық және аудандық музейлерге де қойылған. Бұдан бөлек, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде осы қалашыққа арналған арнайы музей де бар. 2014 жылы 25 маусымда Катар мемлекетінің Доха қаласында өткен ЮНЕСКО-ның 38-сессиясы барысында Бүкіләлемдік мәдени мұралар тізіміне енгізілді. Ұлы Түрік қағанатының кезінде салынып, Х-ХІІ ғасырларда Қараханидтер империясының астанасы болған, ортағасырлық түркі елінің көрнекті тұлғалары Жүсіп Баласағұн мен Махмұд Қашқари өмір сүрген ежелгі қаланы қай қырынан алып қарасақ та қасиетті мекенге жатқызуға болатыны анық. Егемендікке қол жеткізіп, етек-жеңімізді жинағаннан бері еліміздің әл-ауқаты, экономикасы мен саясаты бұрын-соңды шықпаған биікке көтерілді. Әлемдік саясатта болып жатқан қарама-қайшылықтарға қарамастан рухани жаңғыруға қадам бастық. Ал рухани жаңғыру дегеніміздің өзі осындай киелі орындарды, ұлы мұраларды түгендеу екені айтпаса да белгілі.

Ерғали қартайған, «Ақ жол».

Шу ауданы.