Саясат

Швейцар сағаты Астана уақытын көрсетеді

Швейцар сағаты Астана уақытын көрсетеді

ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің аумағында Швейцария Конфедерациясының ұлттық күні өтті. Мерекеде шетелдік музыкалық топтар өнер көрсетіп, жұртшылықты тамсандырды. Дәстүр бойынша делегациялар үш бөлімнен тұратын ұлттық павильон аумағын аралады. Павильонды салу кезінде заман талабына сай экологиялық технологиялар қолданылған. Мұнда келушілер өздерінің энергетикалық балансын өлшей алады. Шараның ресми бөліміне Конфедерация президенті Дорис Лойтхард қатысып, бұл көрменің планетамызда тұрақты болашақ құруға негіз болуы мүмкін екенін айтты. «Әртүрлі саяси шешімдермен байланыстағы технологиялық даму қазіргі уақытта энергетикалық секторға ғана емес, басқа да салаларға түбегейлі өзгерістер әкелуде. Сол себепті Қазақстан осындай ауқымды іс-шараны Орталық Азияда алғаш рет өткізе отыра, дұрыс таңдау жасады. Қоршаған орта, адами құндылықтар және тұрақтылық жиырма бірінші ғасырдағы үлкен сын-тегеурін болып табылады. ЭКСПО-2017 көрмесінің өткізілуі әлемдік қоғам үшін аса маңызды. Мұнда біз өзіміздің ең жаңа технологияларымызды одан әрі тарата аламыз және Қазақстан мен Швейцария арасындағы тұрақты ынты­мақтастыққа сүйене аламыз», деді ол. Швейцария Жаһандық инновациялық индекс рейтингінде жеті рет ең инновациялы ел ретінде танылған. «Энергетикалық стратегия-2050» бағдарламасы мемлекеттің болашақ ұрпағына энергияның қауіпсіз әрі сенімді жеткізілуіне кепілдік береді.Швейцарияның осы бағыттағы тәжірибесі олардың ұлттық павильонында көрініс тапқан. Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас, сауда-экономикалық ынтымақтастық белсенді дамып жатқанын әңгімеледі. «Біз Швейцария үкіметінің баламалы энергия көздерін дамытуға қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз. Швейцария халқы қабылдаған жоғарыдағы бағдарлама жасыл экономиканың дамуына едәуір үлес қосып, елдің одан әрі экономикалық дамуына ықпал етуде. Қазақстан да осы бағытты белсенді дамытуға ниетті. ЭКСПО-2017 көрмесі ел экономикасын одан әрі жаңғыртуға үлкен серпін беретін жалпыұлттық жоба болып табылады және жаһандық проблемаларды шешу үшін әлемдік алаңға айналатыны анық», деді ми­нистр.