Швейцария – Қазақстанның еуропадағы аса маңызды серіктесі
Швейцария – Қазақстанның еуропадағы аса маңызды серіктесі
Нұрсұлтан Назарбаев Швейцария Конфедерациясының Президенті Дорис Лойтхардпен кездесті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Дорис Лойтхардқа ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіндегі Швейцария ұлттық күнінің ашылуына қатысқаны үшін ризашылық білдірді. – Сіздің алғаш рет жаңа елордамызға келіп отырғаныңызға қуаныштымын. Жақында, 1 тамызда Швейцарияның ұлттық мерекесі – Конфедерацияның құрылған күні атап өтілді. Мейрамдарыңызбен құттықтаймын. Бүгін ЭКСПО көрмесінде ұлттық күндеріңізді аштыңыз. Сізге ұнады деген үміттемін. Біз үшін ЭКСПО көрмесіне келуіңіздің маңызы зор, – деді Қазақстан Президенті. Нұрсұлтан Назарбаев екі ел арасында қалыптасқан ынтымақтастыққа тоқталып, екіжақты экономикалық және саяси қарым-қатынастардың одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді. – Швейцария – Қазақстанның Еуропадағы аса маңызды серіктесі. Біз бұл қарым-қатынасты жоғары бағалаймыз және оны әрі қарай дамытуға ниеттіміз. Елдеріміз арасындағы тауар айналымы артып келеді. Швейцария бизнесінің елімізде дамуына мүдделіміз. Қазір 300 кәсіпорын жұмыс істеуде, олардың саны одан да көп болуы мүмкін. Сіздің сапарыңыз экономикалық және саяси қарым-қатынасымыздың одан әрі нығаюына серпін береді деп сенемін, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы Швейцария Конфедерациясының Президентіне Қазақстанға жасаған сапары барысында аралап көруге болатын Астана қаласындағы сәулетті ғимараттар туралы айтты. – Соңғы он бес жылда салынған қалаға алғашқы сапарыңыз қызықты болған шығар деп ойлаймын. Біз ЭКСПО нысандарын 3 жылда салып шықтық. Астанада әлемде теңдесі жоқ көптеген бірегей жобалар жүзеге асырылды. Мәселен, мұнда сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша таңғажайып пирамида салынды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен бірге Мемлекет басшысы «Нұр Әлем» сферасын, «Хан шатыр» сауда және ойын-сауық орталығының ғимаратын, «Нұрлы жол» жаңа вокзалын, «Астана Опера» опера және балет театрын, сондай-ақ басқа да нысандарды атап өтті. Кездесуде Дорис Лойтхард Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, ЭКСПО-2017 көрмесінің табысты ұйымдастырылумен құттықтады. – Шын мәнінде, «Нұр Әлем» сферасы – таңғаларлық нысан. Онда орналасатын «Астана» қаржы орталығының даму перспективасы өте жақсы болады деп ойлаймын. Сонымен қатар бизнес тарапынан қарым-қатынасты нығайтуға зор қызығушылық бар екенін айтуға болады, – деді Швейцария Конфедерациясының Президенті.