Ел шебінде қырандай қырағы шекарашыларымыз тұр
Ел шебінде қырандай қырағы шекарашыларымыз тұр
Биыл Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. 1992 жылдың 18 тамыз күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заңына және Тәуелсіз мемлекеттер достастығына қатысушы мемлекеттер басшыларының «ТМД-ға қатысушылардың мемлекеттік шекарасын және теңіз, экономикалық зоналарын күзету туралы» келісіміне сәйкес Президент Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан Республикасының шекара әскерлері туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Содан бері 18 тамыз – Қазақстан Республикасының Шекара әскерлерінің құрылған күні болып аталып өтуде. Шекарашыларға тәуелсіз Отанымыздың шекарасын күзету – құрметті де абыройлы іс жүктелген. Осындай аса жауапты міндет тапсырылған шекарашылар Шекара қызметінің құрылуына 25 жыл толуына орай шығыс, солтүстік, батыс және оңтүстіктегі шекаралық аймақтарды аралап өту үшін арнайы эстафета ұйымдастырған болатын. Тарихи тәрбиелік маңызы зор эстафета Әулиеата жеріне келіп жетті. Көрші өңірдің Төле би мен Жуалы аудандарының, яғни екі облыстың түйіскен жерінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 25 жылдығына арналған эстафетаны Тараз шекара жасағы шекарашыларға тән дәстүрмен қабылдап алды. Осыған орай аудан орталығындағы саябақта мерекелік концерт ұйымдастырылды. Содан кейін эстафеташылар «Бауыржан Момышұлы» шекара заставасына келіп, шекарашылардың қызметтік-жауынгерлік өмірімен танысты. Мерекелік эстафета тарихымыздың темірқазығы – Тараз қаласына жетті. Тараздың батыс қақпасында эстафета қатысушыларын қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай қарсы алды. Эстафеташылар «Мәңгілік алау» мемориалына гүл шоқтарын қойған соң, ары қарай Меркі ауданына жолға шықты.
Суретті түсірген Виктор Барбаш.
Қанат Тілепберген, «Ақ жол».