- Advertisement -

Балауса Гүлдеріміз беймезгіл солмаса екен…

137

- Advertisement -

Кім-кімнің де ғылым жетістіктері мен денсаулықты сақтап, нығайтудың тиімді жолдарын пайдалана отырып көздеген мақсатына жетуіне мүмкіндігі бар. Соның ішінде саламатты өмір салтын ұстану әрқайсымыздың дене шынықтырумен айналысуымызға, дұрыс тамақтануымызға, есірткі, темекі мен ішімдікті тұтынуды қойып, тазалық пен тәртіп шараларын сақтауымызға «жасыл жол» ашатыны белгілі. Осыған байланысты, әсіресе, студент жастардың рухани қабілетінің саламаттылығын жөнге келтіріп, жүйелеу арқылы оларды тән саулығын сақтау жайынан да хабардар етіп отыру міндеті алға қойылып отыр. Саламатты өмір – тек қана тән саулығы деп түсінбегеніміз жөн, ол адамгершіліктің асыл қасиеттерін сақтай білудің де тәсілі.
Әркімнің жеке басының денсаулығын сақтауы өзінің жауапкершілігіне байланысты екеніне әлі де болса бұқара халық толықтай мойын ұсына қойған жоқ. Студент қауымының саламатты өмір сүруінің негізі – ағзасының дұрыс дамып жетілуі үшін уақтылы дұрыс тамақтануы керек екендігі дәлелдеуді де қажет етпес.
Дейтұрғанмен, бүгінгі студенттердің материалдық жағдайы қалай десек те сын көтермейді, мұны мойындауымыз керек. Осылайша күнкөріс салдарынан студенттер арасында ұрлық, тонаушылық құбылыстарының күн өткен сайын көбейе түсуін кімнен көреміз? Бүгінгі таңда студент жастардың арасында кеңінен етек жайып бара жатқан нашақорлық, уытқұмарлық, шылымқорлық мәселелері бақылаусыз қалып қоюда. Болашақ ана – қыздарымыз-дың бір-екеуі болса бір сәрі, жаппай ауыздары шылым шегуден босамауға айналып барады. Ал шылым тартқандардың ішімдік ішулері шектеулі деп тағы айта алмаймыз.
Біз болашаққа сеніммен қарауға, жат қылықтардан іргемізді аулақ салуға тиіспіз. Жастар ересектерден үлгі алады. Кейінгі өсіп келе жатқан жасөспірімдер болса аға, әпкелеріне қарап өседі. Олар сана сезімі жетілгенде қайсысы жаман, қайсысы жақсы екенін өздері-ақ айырады деп жүргенімізде, нашақорлық, шылымқорлық уыты бойларына сіңіп, тым кеш болып қалуы әбден мүмкін. Жасөспірімдерді, жастарды болсын енді ғана бүрін жарып, қауызын ашқан гүлге теңейміз. Сол гүлдердің жайқала құлпырып өсуі үшін не қажет, не істеу керек? Егер гүлді суармасаң, ол солады. Адам да сол сияқты. Адамды бұзатын жаман әдеттер: жалқаулық, темекі, насыбай, арақ, есірткі, тағы басқалары. Міне, осындай жаман әдеттерден аулақ болсақ, болашақта деніміз сау, саламатты азамат болып өсіп-жетіліп, дүниенің бір кірпіші болып қаланарымыз сөзсіз. Білімгерлеріміз білімді де білікті болып өссе екен деймін. Өйткені, олар – болашақтың гүлдері. Гүлдер мезгілсіз солмаса екен!

Жанар БЕКБЕРГЕНОВА,
М.Х.Дулати атындағы
ТарМУ-дың аға оқытушысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support