Әлеумет

«Мәңгілік елдің» мәні рухани жаңғыруда

«Мәңгілік елдің» мәні рухани жаңғыруда

Ақыртас сарай кешенінде Байзақ аудандық сотының ұйымдастыруымен өткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбындағы мақаласын талқылаған «Мәңгілік Ел» бастауы – рухани жаңғыру» атты «дөңгелек үстел» отырысын Дәулет Тасыбаев жүргізді. Іс-шараға аудандық соттың судьялары, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Қалмұратов, ауданның Құрметті азаматы, ақын Қ.Нарбатыр, мәдениет бөлімінің өкілі Жансая Наурызбаева, сот қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиында Дәулет Тасыбаев: «Әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу – мемлекетіміздің басты мақсаты. Өркениетке бастайтын жаңа қадамы рухани жаңғырудан басталып отыр. Сол үшін заман ағымына қарай икемделу арқылы жаңа дәуірдің жақсы жаңалықтарын бойға сіңіру қажет», – деді. «Дөңгелек үстелде» ақын Қасқырбай Нарбатыр, мәдениет бөлімінің өкілі Жансая Наурызбаева өз ойларын ортаға салды. Баяндамашылар мақала аясында айқындалған жоспарларды, нақты жобаларды жүзеге асыруға, ел бірлігін нығайтуға бағытталған жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің тиімділігін, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларын іске асыру шеңберінде атқарылып жатқан шараларды атап өтті. Сонымен бірге, мәдени-танымдық жұмыстар мен әуесқой шығармашылық саладағы жан-жақты байланысты арттыру мақсатында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. «Дөңгелек үстел» жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылардың ұсыныстары ескеріліп, бағдарламалық мақаланы іске асыру мақсатында іс-шаралар жоспары құрылды.

Айдана Шотбасова, журналист.

Байзақ ауданы.