- Advertisement -

БАҒЫ ЖАНҒАН БАҒДАТ

103

- Advertisement -

Кәсіпкер жігіт Бағдат Бақытқадырұлымен бірге Қайыңдысайды бетке алып келеміз. Жанымызда «Мақпал» мал бордақылау кеңшарында бас мал дәрігері болып істеген, бүгінде зейнеткер Әбілда Нұржанов ақсақал бар. Жасы 78-ге келсе де сөзінен жаңылмай, қолына таяқ ұстамай-ақ, Қайыңды ауылын күніне алты шақырым жаяу жүріп аралап шығатын шынашақтай қария туралы бұған дейін газетімізде жазғанбыз.
Көлігіміз Қайыңдысайдың аузындағы суы сарқырап аққан, тал-дарағы иінтіресе өскен шатқалға салынған үйдің дарбазасына келіп тірелді. Есікті Бағдаттың келіншегі Ғазиза ашты. Ерлі-зайыптылар қалада тұрады демесеңіз, ала жаздай осы фазендада. Аула іргесінен өзен жағалай отырғызылған екі гектар алма бақтың жемісі мен таудың саф ауасы пәкиза табиғаттың күйін шертіп, аптап ыстықтан келген жанның көңіліне хош ұялатады.
Бал татыған қаймақтан, сары уызы сыртына шығып тұрған ірімшік пен қолдан сыққан құрттан, сары суы алынып, шайқалған сары майдан дәм тата отырып, ақсақал екеуміз Бағдатты әңгімеге тарттық:
– Шаруа қожалығындағы сиырлардан бөлек, қолдағы 15 шақты сиырдан айына Таразға бес-алты тоннадай сүт өткіземіз. Мына дастарханда тұрған қаймақ, сары май мен айран-құртты да қалалықтарға алып барып сатамыз. Тараздықтар тарапынан өз қолымызбен дайындаған табиғи өнімге деген сұраныс өте көп. Мұнымен қоса, базарларға жыл сайын 1000 қазақы қой мен 40-тан аса жылқы бордақылап апарамыз. Қожалығымызда түйеден басқа түліктің бәрі өсіріледі. 2006 жылы осы шаруаны қолға алғанымызда қорамызда 300 қой, 20 жылқы, 10 сиыр бар болатын. Он бір жыл ішінде тек саулық қойдың басын төрт мыңға, жылқыны екі жүзге, сиырды елу басқа жеткіздік. 2010 жылы қазақтың қылшық жүнді құйрықты қойларына асыл тұқымды деген статус алдық. Содан бері Үкіметтен субсидия алып келеміз. Былтыр 4,5 миллион теңге субсидия алдық. Ендігі мақсатымыз – ет пен сүт өндіру жөнінде кластер құру. Ең алдымен сүт өнімдерінен қаймақ, айран, ірімшік, пастерленген ірімшік, сүт шығаратын цех ашу ойымызда бар. Оны өзіміздің фирмалық дүкендер арқылы сату да жоспарымызда тұр. Бұл істе маған бауырларым Болат, Қуаттың, балаларымның беріп жатқан көмегі зор. Бауырларым мал бағудың қыры мен сырын менен жақсы біледі. Сондай-ақ, аға шопандар Керімбай Нұрланов, Әлібек Сыдықов, Орынбасар Қуандықовтың еңбектеріне дән ризамын. Бағымдағы малдың барлығы шелді. 150 биеден жылқышыларымыз 140 құлын алды. Көгенге келген қозының да қарасы үш мыңнан асып жығылады, – деді «Бағдат» шаруа қожалығының жетекшісі.
Биыл жаз ыстық. Абырой болғанда мал сулы өңірді жайлап, қоңын жоғалтқан жоқ. Енді аз күнде саулықтар қозысынан бөлінеді. Бәкең оған әзірден дайындықты бастап кетіпті. Жаңа құрылатын отарларға қойшы іздеуде, қазірдің өзінде 20 мың түк тайланған шөбі дайын. Жыл сайын қамбасына жүз тоннаға жетеқабыл жем құйып алады. Екі «КамАЗ» және бір «Газ-53» көлігі осы жұмыстарға жегілген. Жазда Мақпал тауын, қыста құмдағы Кіші Қызқашқан мекенінде қыстайтын қожалықтың жұмысына көңіл толады.

Сейсен ҚОЖЕКЕ.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support