Ардагерлер ән шырқайды
Ардагерлер ән шырқайды
Зейнет жасына жеткен соң менің санамды бір ой шырмап алды. Аумақтық ардагерлер ұйымын басқарғанымның да әсері болған шығар. Қазыналы қарттармен жиі бас қосып, түрлі тақырыптарда жиындар өткізіп тұрамыз. «Құры қарап жүргенше, ақсақалдардың басын қосып, ансамбль құрсақ қалай болады?» деген ойымды ортаға салғанда олар мені қолдай кетті. «Әу» демейтін қазақ жоқ қой. Ансамбль құрамына жиналғандардың бәрі де сан алуан мамандықтың иелері. Десе де, олар еш қаймықпай келісім беріп, жинала бастадық. Ойлана келе ұжымның атын «Ардагерлер» деп қоюды жөн деп таптық. Өнер ұжымы мүшелерінің алды жасы сексенге жетсе, берісі алпыс бесте. Біз сан қилы мекемелерге, оқу орындарына, ұйымдарға барып, қайырымдылық концерттерін қойдық. Жамбыл, Т. Рысқұлов, Меркі, Байзақ аудандарын аралап шықтық. Жергілікті жұртшылық бізді ыстық ықыласпен қарсы алып, қошеметін аяған жоқ. Жүрегі жырға толы қарттарымыз ән шырқап, күй тартқандарына дән риза болысты. Қалалық, облыстық байқауларда бақ сынап, жүлдегерлердің қатарынан көріне білдік. Астанада өткен республикалық байқауда да бақ сынап, жүлделі екінші орынды еншіледік, Құрмет грамотасымен және бағалы сыйлықтармен марапатталдық. «Ардагерлер» ансамблінің құрамында жеке дауыста Бекжан Ильденбаев, Максим Бокаев, Мергенбай Елдесбаев, Жаңбырбай Жалмағанбетов, Тұрар Бердіходжаев, Мейірқұл Мұстафаев, Қорабай Есдәулетов бастаған азаматтар бебеулете ән шырқаса, Еркемұрат Болысбаев, Тасболат Жорықбаев, Мырзабек Базарбеков, Манас Әлімбаев, Есенбай Үсенбаев, Сембай Далиев хордың сәнін келтіреді. Ансамбліміздің музыкалық жетекшілері – Ә. Сайлыбаев, А. Сәрсенов сынды қазыналы қарттарымыз. Уақыт өте келе ансамбльдің кейбір мүшелері денсаулығына байланысты өнер көрсетуін тоқтатса, бір-екі азаматымыз дүние салды. Бүгінгі таңда ансамбльдің құрамында 15 адам бар. Таяуда қарттар үйінде қайырымдылық концертін қойдық. Олар біздің концертімізді тыңдап, көздеріне жас алды. Мекеме басшылары ризашылықтарын білдіріп, Алғыс хат тапсырды. Ардагерлер ұйымының 30 жылдығына орай өткен облыстық жиында ұжымның жеке әншілері қазақ драма театрының сахнасында ән шырқады. Күзде сәтін салса, аудандарды аралап, концерттік бағдарламамызды жұрт назарына ұсынбақ ойдамыз. Алматы қаласынан да шақырту алған жайымыз бар. Қашанда халықтың қошеметіне бөленіп жүрген ұжым мүшелеріне зор денсаулық тілеп, «Шырқай бер, аман бол, қарттарым» дегім келеді.
Жақсылық Досаев, «Ардагерлер» ансамблінің жетекшісі.
Тараз қаласы.