Әлеумет

Жанам деген жастарға от беретін көрме

Жанам деген жастарға от беретін көрме

Алдымен бірлігі мығым еліміз ішкі тұрақтылығын нығайту арқылы берекеге кенелгенін айтуымыз керек. Тәуелсіз Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті сақтау жолындағы бастамаларын дүниежүзінің алпауыт мемлекеттері құптап, мойындап отыр. Негізі сарапшылар біздің Отанымызды экономикалық өсімге қол жеткізуге қолайлы әрі қауіпсіз аймақ санайды. Мұны қысқа мерзімде қуатты мемлекет ретінде қалыптасқан еліміз әлемдік деңгейдегі іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыру арқылы дәлелдеді. Жалпы, ЭКСПО – 2017 халықаралық көрмесін өткізу мәртебесі жайдан-жай беріле салған жоқ. Міне, көптен күткен көрменің алғашқы айлары да сырғып өте шықты. Осы аралықта біз көрмеден не көрдік? Халықаралық шараның әкелер пайдасын түсініп, сезіне алдық па? Ең бірінші айтарымыз, көрмені тамашалау үшін Астана қаласына барғаныңызда Елорданың көркейе түскенін байқайсыз. ЭКСПО қалашығында қатысушы әр мемлекеттің ұлттық күндері өткізіліп жатқанын да көзіңіз шалған шығар. Өз кезегінде қаланың көрнекті жерлерінде апта сайын еліміздің әрбір аймағының мәдениет күндері ұйымдастырылуда. Бір сөзбен айтқанда, ұлттық құндылықтарымыз насихатталып, тарихымыз бен мәдениетіміз танытылуда. Жуырда ғана тарихы терең Таразымыздың өнерпаздары да Арқа төсіне барып, талайды тамсандырып қайтты. Көрмені тамашалауға келген шетелдік туристер Астананың ажарына тамсанып қайтуда. Ал біз Елбасы Н.Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында осындай маңызды әрі тарихи шараның куәсі болдық. ЭКСПО-2017 көрмесі Қазақстанның халықаралық аренадағы зор беделін айқындайды. Осы көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын ұсынып және оның тиімді жолдарын көрсете білген еліміз тағы да жаһандық мәселелерді шешуде бастамашылдық танытып отыр. Елорда төрінде шетелден келген саясаткерлер, сарапшылар мен білікті мамандар бас қосты. Міне, сол лидерлермен Астана төрінде тереземіз тең сөйлесуге мүмкіндік туды. Айтулы шараның бір мақсаты да осы болса керек. ЭКСПО бүкіләлемдік көрмесінің жастар үшін пайдасы зор деп есептеймін. Ең бастысы олар әлем жетістіктерімен танысады. Бүгінгі жастар креативті. Сондықтан бұл шара жаңалық ашуға, ғылым жолында ізденуге серпіліс туғызары сөзсіз. Біз осы мүмкіндікті ұтымды пайдалансақ, ұтарымыз көфп. Бұл көрмеге әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған қонақтарды көргенде жас ұрпақтың бойында еліне, туған жерге деген мақтаныш сезімдері оянары анық. Елбасымыз айтып жүрген көп тіл білудің пайдасын да осы шара арқылы түйсіне түсері айқын. Ал бірнеше тілді меңгергендер үшін көрме – ең тиімді тәжірибе алаңы болмақ. Аталмыш көрмеге жамбылдық жастар да өз үлестерін қосады. 100 жас ерікті ЭКСПО – 2017 көрмесіне тамыз айында барғалы отыр. Оларға қойылар талап күшті. Артылар жауапкершілік жүгі де жеңіл емес. Сондықтан біз халықаралық көрмеге волонтер ретінде баратын еріктілерді дайындау және олардың біліктіліктерін арттыру мақсатында өңірдегі жоғары және орта арнаулы оқу орындарымен бірлесе отырып, тіл біліктілігі мен белсенділік талаптары бойынша іріктеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Іріктелген жастар міндеттерімен, арнайы ережелермен таныстырылды. «Астана ЭКСПО Ұлттық компаниясының» мамандары үш аптаға созылған вебинар жұмыстарын жүргізді. Астанадан арнайы келген бапкер-мамандар көрмені ұйымдастыру және өткізу жұмыстары бойынша функционалдық міндеттемелермен таныстыру мақсатында оқыту курстарынан өткізді. Қазір еріктілердің қолында «Астана ЭКСПО Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Е.Шормановтың қолы қойылған сертификаттар бар. Біз еріктілер тобының жұмыстарын жандандырып, олардың даярлығын пысықтау үшін облыстық тілдерді дамыту басқармасына қарасты оқыту орталығымен бірлесе отырып ағылшын тілі курстарын ұйымдастырғанбыз. 40 студент тіл білетінін айқындайтын арнайы сертификат алды. Осылайша, бірнеше тілді меңгерген белсенді 150 волонтердің тізімі жасақталған. Енді 4 тамыз бен 12 қыркүйек аралығында жамбылдық 100 жас халықаралық мамандандырылған көрмесінде функционалдық міндеттің 7 түрі бойынша волонтерлік қызмет атқаратын болады. Облыс волонтерлерін үйлестіріп, жетекшілік жасау міндеті облыстық «Жастар ресурстық орталығына» жүктелген. Іріктеліп алынған 100 еріктінің жол шығыны облыс әкімдігінің жастар саясаты мәселелері басқармасы есебінен төленеді. Ал олардың жатын орны мен күнделікті тамақтануына қажетті қаражатты «Астана ЭКСПО Ұлттық компаниясы» АҚ қарастырған. ЭКСПО біздің жастарымызға тіл біліктілігін арттыруға, коммуникациялық қабілетін дамытуға мүмкіндік беріп, әрбір іске жоғары жауапкершілікпен қарауға үйретеді деп ойлаймын.

Талғат Шайхиев, облыстық «Жастар ресурстық орталығының» директоры.