- Advertisement -

МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ БОЛСА ДА, МҮДДЕСІ ШЕКСІЗ ЖАНДАР

251

- Advertisement -

Тілдік қорымызға мүмкіндігі шектеулі деген сөз еніп, кемтар жандарды солай атап жүргенімізге де біраз жылдың жүзі болды. Әрине, бұл – мүгедек дегеннен әлдеқайда жұмсақтау естіледі. Осылай деп жандарын ауыртпауды ойлағанмен, біз олардың мүмкіндігін шектеп тастағандаймыз. Түрлі шаралар қолға алынып, тиісті жағдайлар жасалғанмен, қоғамдық көзқарас әлі өзгерген жоқ.
Қоғамға жат адамдай өмір сүру, әсіресе жас жеткіншектерге қиын. Бүгінде балалардың құқығын шектемеу үшін түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен, олардың қоғам өміріне араласуы әлі де шектеулі. Лайықты білім алу, көшеде жүріп-тұру, өз бетінше қалаған жеріне қатынау деген мұндай балалар үшін қол жетпес арман секілді. Расында, көшеге шыға қалса, көпшіліктің назары өзіне телінетін кемтар баланың біздің қоғамға бейімделіп кетуі мүмкін бе?! Арнайы балалар арбасымен кедергісіз қатынап, білім алып, өздері сынды жеткіншектермен қатар мектепке барып, қоғамда ешқандай алалау көрмейтін күн туар ма екен, соларға? Бұл кейбіреулер үшін тіпті мүмкін емес нәрсе. Жоқ, мұны айтумен елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай мүлде жасалмаған деуден аулақпыз. Дегенмен, базбіреулер мүмкіндігі шектеулі балаларға жасалатын көмектер туралы естімей қалып жатады. Тағы бірі қолдың қысқалығынан балғындарға арналған арнайы оңалту және бейімдеу орталықтары жұмыс істейтінін білмейді.
Сондай орталықтың бірі – Шуда да бар. Мұндай орталық аудандардың ішінде ең алғаш осы ауданда ашылған. 25 балаға арналған орталық 2014 жылдың қараша айынан бері 3 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға жеке оңалту бағдарламасы арқылы ем-шара жүргізіп келеді. Бүгінге дейін мекемеде 100-ге жуық жеткіншекке әлеуметтік көмек көрсетіліпті. Кемтар баланы оқуға үйретіп, жан-жақты тәрбиелейтін орталық қарапайым еңбек дағдыларына да баулиды. Бір айта кетерлігі, мұнда қабылдану үшін балалардың қолында мүгедектің жеке оңалту бағдарламасы болуы шарт. Нақтырақ айтсақ, мүмкіндігі шектеулі әр баланың кәсіптік оңалту бағдарламаларының орындалуын іске асыратын мүгедектігі туралы құжаты болуы керек.
Дерекке сүйенсек, ауданда мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 2992 болса, оның 405-і жас жеткіншектер екен. Соның ішінде 157 балаға жеке оңалту бағдарламасы берілген. Орталықтың барлық ұстаздары балалармен оңалту шаралары нәтижелі жүру үшін алдымен осы құжаттармен танысады. Әр жеткіншекке жеке тұлға ретінде қарап, педагогикалық, психологиялық, медициналық, мәдени, құқықтық және әлеуметтік, тұрмыстық бағытта жұмыс жүргізеді. Бала орталыққа бір апта немесе одан да көп бейімделуі мүмкін. Сол аралықта әр бала жеке педагогтың бақылауында болады. Екінші аптада әр маман түрлі әдістемелер арқылы толық тексеру жүргізеді. Тәрбиешілер баланың өз-өзіне қызмет көрсетуін, тазалық дағдыларын және әлеуметтік бағдарлауын анықтаса, дефектолог маман олардың психикалық даму деңгейін, жан-жақты мүмкіншіліктерін анықтайды. Сондай-ақ, музыкалық және еңбек пәнінің мұғалімдерімен бірге логопед, психолог мамандары да әр баламен жеке-жеке жұмыс істейді. Жүйелі жұмыстар жүргізіліп болған соң, барлық мамандар бірлесе келе топтық бағалау жүргізіп, баланың даму деңгейіне байланысты оларды 4 топқа бөледі. Сол арқылы барлық мәліметтерді тіркей отырып мониторинг жүргізеді де, баланың орталықта қанша уақыт болатынын анықтайды.
Орталық директорының айтуынша, аталмыш мекеме мүмкіндігі шектеулі балаларға қажеттілігіне орай тегін операцияларды да жасатып береді екен. «Мұндай балаларды ортаға бейімдеу – біздің басты міндетіміз. Олар өздігінен беті-қолын жуып, киімін кие алса, соның өзі бейімделу. Орталықта балғындар екі топқа бөлінеді. 3-тен 7 жасқа дейін кіші топ болса, 7-ден 18 жасқа дейінгілер – үлкен топтағылар. Қазір 25 балаға әлеуметтік көмек көрсетіп отырмыз. Жалпы, заңға сәйкес, мүмкіндігі шектеулі балаларды орталыққа ата-аналары өздері әкеліп, алып қайтуға міндетті. Дегенмен, ата-аналардың барлығы олай істей бермейді. Көбісі орталықтың мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы көлігіне сенім артады. Орталықтың көлік жүргізушісі күніне екі мезгіл шалғай ауылдардан балаларды орталыққа тасымалдайды. Ал біз оларды 6 айға дейін тиісті бағдарламалар арқылы оқытамыз. Кейде бізде оқығандары 1 жылдан кейін қайтадан келеді. Оңалту шараларынан кейін олардың қабілеті артып, мектепке баруға жарап жататындары да бар. Әрине, бұл біз үшін үлкен жетістік», – дейді орталық директоры Естай Қыстаубаева.
Осы орталықтан білім алған Аслан Забидов, Парасат Жарылқасын, Ахлима Аманқұл, Дарын Ермекұлы, Аязбай Мансұр сынды бүлдіршіндер қазір жалпы орта білім беретін мектепте оқиды. Олар – озат оқушылардың қатарында. Тіпті, 12 жасар Әлмұханбет Ізмағанбетов «Жұлдыз-ай» ән байқауының аудандық, облыстық іріктеулерінен сүрінбей өтіп, республикалық жарыста жеңіске жетіпті. Бұл – орталық қызметкерлерінің еңбегінің жемісі.
Естай Музапарқызының айтуынша, орталықта Дарын есімді бала оқыпты. Ол алғаш келгенде түс ажырата алмайтын болыпты. Басқа да кемшіліктері аз емес екен. Кейін арнайы мамандардың көмегімен оқып-үйренген Дарынды комиссия мектепке баруға қабілетті деп таныпты. Ол мектепке барғанның ертесіне анасы орталыққа жылап келіпті. Бірінші сыныпқа барған балалардың арасында Дарынның мүмкіндігі шектеулі болса да, барлық сыныптастарынан озық тұрған. Кез келген сұраққа мүдірмей жауап қайырған. «Балам ән шырқап, оған мұғалімі мен оқушылар қол соққанда еріксіз көзіме жас алдым» – деп кеудесін мақтаныш кернеген ана орталық қызметкерлеріне ризашылығын білдіріпті.
Иә, бұл – үлкен жетістік. Бір бала қоғамға бейімделсе, соның өзі табыс. Десе де, орталықта түйткілді мәселелер жоқ емес. Мекеме директоры ондағы бөлмелердің өте тар екенін айтады. Ал бұл балалардың еркін жүріп-тұруына кедергі келтіреді екен. Орталық заманауи техникалармен жабдықталғанымен, арнайы жабдықтарға арналған бөлмелер жоқтың қасы. «Жаз айларында балалар алаңға шығып, кең жерде білім алғанымен, қыстың күні орталықтың ішіне барлық жабдықтарды орналастыру қиынға соғады», – дейді Естай Қыстаубаева. Байқағанымыз, шынықтыру бөлмесінің өзі аядай ғана екен. Биыл осы бөлмені үлкейту жоспарланған. Алайда, қаржының жоқтығы қолбайлау болып отырған көрінеді.
Аудандағы мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді өмірге бейімдеп, оқуды үйретіп, тәлім-тәрбие беріп отырған орталықтың қазіргі жай-күйі осындай. Өкініштісі, осындай орталықтың бар екенін көпшілік біле бермейді. Сондықтан да мүгедек балалардың жартысынан көбі білім алуда өздеріне берілген мүмкіндікті толық пайдалана алмай отыр. Рас, жақын маңайдағы мектеп мүмкіндігі шектеулі балаларды есепке алып, білім алушылардың қатарына қосады, үйге мұғалім жіберіп оқытады. Негізі үйде оқу жеңілдігін пайдалануға да болады. Мұндай жағдайда оқу шығыны мемлекеттік бюджеттен бөлінеді. Өкінішке қарай, үйде оқуға арналған сағаттардың барлығы қамтылмайды. Ұстаз бірде бар, бірде жоқ, талап бар, сұрау жоқ, әйтеуір уақыт өткізудің қамымен қала береді. Ал дұрыс білім алмаған бала, ертеңгі күні жоғары оқу орнына түсуге, жұмыс істеуге де талпынбасы анық. Соның салдарынан көп баланың мүмкіндігі шектеулі күйінде қала береді.
Мүмкіндігі шектеулі баланы аяққа тұрғызу бірінші, ата-анасының парызы болса, екіншіден, әлеуметтік жағдай жасау – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Ауытқушылығы бар немесе мүгедек баланың отбасында психологиялық ахуал жеңіл емес. Ата-аналарының қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі, қарым-қатынас аясы да тек туыстары, дәрігер, мұғалімдермен ғана шектеледі. Сондықтан да мұндай балаларды тәрбиелеуде оңалту және бейімдеу орталықтарындағы арнайы мамандардың көмегі ауадай қажет. Инклюзивті білім беруден тыс мүмкіндігі шектеулі балаларға мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек қарастырылған. Атап айтқанда, мүгедектік белгіленген мерзімде ай сайынғы жәрдемақы тағайындалады, ортопедиялық-отрездік аяқ киім мен құралдар, мүгедек арбасы, гигиеналық заттар, жеке көмекші, құлағы естімейтіндерге жеке аудармашы, жылына екі рет оңалту орталықтарында ем алу қарастырылған. Аталған жәрдемнің барлығы тегін рәсімделеді. Бұл көмектің барлығы елді мекендерде жергілікті әкімдік арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балалардың жазғы демалысына да арнайы қаражат бөлінеді. Бірақ, кей кездерде мемлекеттік бюджеттен бөлінген қомақты қаражат игерілмей қалады. Себебі отбасылар бұл мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді қайдан, қашан және қалай алуға болатынынан бейхабар. Сол себепті аудандар мен шалғай ауылдардағы тұрғындарға осындай орталықтардың бар екендігін жиі хабарлап, олардың қызметтері туралы насихат жұмыстарын тұрақты жүргізіп отыру керек. Сонда ғана қоғамдағы біз сөз қылып отырған ерекше балаларды қарапайым ортаға бейімдеу жеңілдей түседі.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support