Қазақтың «Астанасы» польшаның «Легиясын» ойсырата ұтты
Қазақтың «Астанасы» польшаның «Легиясын» ойсырата ұтты
Енді елордалық клуб аталған командамен сырт алаңда кездеседі УЕФА Чемпиондар лигасында ел намысын қорғап жүрген «Астана» клубы үшінші іріктеу кезеңі шеңберінде өз алаңында Польшаның «Легия» командасын қабылдады. Тартысты өткен матчта елордалық клуб 3:1 есебімен жеңіске жетті. Расын айту керек, бұл ойында «Легия» клубы фаворит саналған. Алайда «Астана» өз алаңында сауатты ойын өрнегін көрсетіп, жанкүйерлеріне жеңіс сыйлады. Матч басталысымен-ақ өткір шабуылдар ұйымдастыра білген елордалық клуб қарсыластарға қауіп тудырумен болды. Өз кезегінде польшалық команда да қарымта шабуылдарға шығып отырды. 16 минутта «Астана» командасының шабуылшысы Джордже Деспотович жарақат алып қалғанымен, оның орнына шыққан Роман Муртазаев та ойын қарқынын төмендетпеуге барын салды. Нәтижесінде алма-кезек шабуылдардың бірінде «Астана» командасы 36-минутта алғаш болып есеп ашты. Шабуылшы Жуниор Кабананганың шірене тепкен тобы «Легия» қақпасында тулап қоя берді. Осыдан кейін-ақ отандық клуб ойын тізгінін қолға алғандай болды. Оған 42-минутта елордалық клубтың жартылай қорғаушысы Иван Маевский салған голы негіз бола алады. Осылайша, кездесудің бірінші таймы 2:0 есебімен аяқталды. Екінші таймда польшалық «Легия» клубы есепті теңестіру үшін аянып қалмады. Дүркін-дүркін шабуылдарына «астаналықтардың» сауатты қорғанысы тоқтау бола білді. «Легия» командасының бас жаттықтырушысы Яцек Магера ойынға тың серпін беру үшін алаң сыртындағы ойыншыларды да шығарды. Осылайша 70-минутта жартылай қорғаушы Каспер Хамалайненнің орнына шыққан Армандо Садику 79-минутта «Астана» қақпасына алғашқы голды салып, есеп айырмасын қысқартты. Дегенмен, қосымша уақытта «Астана» командасының ойыншысы Патрик Твумаси «Легия» қақпасына үшінші голды салып, ойын тағдырын түбегейлі шешті. Осылайша, Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Астана» польшалық команданы 3:1 есебімен жеңді. Осы ойыннан кейін «Астана» футбол клубы әлемдегі ең мықты жүз клубтың қатарына енді. Нақтырақ айтсақ, «Астана» УЕФА рейтингінде 96-сатыда тұрақтапты. Ол «Бордо» (Франция), «Вест Хэм» (Англия), «Лилль» (Франция), «Штуттгарт» (Германия), «Партизан» (Сербия), «Панатинаикос» (Греция) командаларынан жоғары тұр. Ал Астанаға есе жіберген Польшаның «Легия» (Варшава) командасы рейтингте 61-орында жайғасқан. Қос команда, төртінші тамызда Варшавада қайта кездеседі. Бүгінде Польшаға аттанып кеткен «астаналықтар» қарымта кездесуде де ұпайларын еселеуге тырыспақ. Ал алаң иелері алдыңғы ойындағы кемшіліктерінен үлкен нәтиже шығаруға барын салатыны сөзсіз.
Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».