- Advertisement -

Экономиканың барлық саласында серпін бар

80

- Advertisement -

Даму қарқыны тұрақты

Жұмыс жүйелі жүруі үшін жоспар нақты болуы тиіс әрі алға белгілеген межеге толықтай қол жеткізу керек. Аймақтағы атқарушы органдар бұл міндетті мүлтіксіз атқарып келеді. Алғашқы жартыжылдықта облысымызда барлық көрсеткіштердің 100 пайыз орындалуы – соның дәлелі. Бұл туралы жақында ғана Үкімет басшысы өткізген селекторлық кеңесте айтылған болатын. Дегенмен, кейбір салаларда кемшін түсіп жатқан мәселелер де жоқ емес. «Сондықтан, жеткен жетістіктерге тоқмейілсіп қалмай, алдағы уақытта олқылықтарға жол бермеу үшін, сол кемшіліктерді саралап алуымыз керек», – деді облыс әкімдігінің алқа мәжілісінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев.
Өңірде шағын және орта бизнес құрылымдарының өндірген өнімі және инвестиция көлемі төмендеп, кейбір аудандарда құрылыс жұмыстарының көлемі азаюына қарамастан, жыл басынан уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде экономиканың барлық салаларында өсу үрдісі байқалуда. Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірхановтың сөзіне сүйенсек, алты айдың ішінде өнеркәсіп кәсіпорындары 162,8 миллиард теңгеге өнім өндірген. Бұл көрсеткіштің былтырғы кезеңмен салыстырғанда 0,2 пайызға артуы – кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда өндіріс көлемін 15,3 пайызға, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау 3,6 пайызға ұлғайтудың арқасында мүмкін болып отыр. Бірақ, есесіне электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауаны баптауда жұмыстар және қызметтер көрсету өндірісі 1,2 пайызға, өңдеу өнеркәсібінде 1,8 пайызға төмендеген.

Биыл индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы шеңберінде 2017 жылы жалпы құны 15,4 миллиард теңгеге 1365 жаңа жұмыс орны құрылатын 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Алғашқы жартыжылдықта құны 6,3 миллиард теңгені құрайтын 4 инвестжоба іске асырылып, 303 жаңа жұмыс орны ашылыпты. Ал ауыл шаруашылығында есепті кезеңде 52,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғы көрсеткіштен 3,9 пайызға асып жығылған. Өсім негізінен мал шаруашылығында өндіріс көлемінің 4,1 пайызға ұлғаюына байланысты болып отыр. Қазір егін шаруашылығында мал азығын дайындау және масақты дақылдарды жинау жұмыстары секілді науқандық жұмыстар қарқын алған кез. 25 шілдедегі мәліметке сүйенсек, масақты дәнді дақылдарының 52 пайызы орылған. Орташа өнімділік гектарына 18,9 центнерді құрап отыр.

Жомарт Әмірхановтың айтуынша, «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде агроөнеркәсіп кешенін қолдауға бюджеттен 12,1 миллиард теңге субсидия қарастырылып, 1 шілдеге дейін 2,6 миллиард теңгесі игерілген. Шаруалар ісін шалқытуға септігі тиетін «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары тиімді жүзеге асырылуда. Бағдарламалар беретін мүмкіндіктерге сәйкес 2325 ірі қара, 15000 қой, 500 жылқы алу жоспарланса, есепті кезеңде тиісінше 1653 мүйізді ірі қара, 8484 қой, 692 жылқы сатып алынған.
Биыл өңірімізде шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны да артыпты. Атап айтсақ, 10,4 пайызға ұлғайған. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметі бойынша есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке кәсіпкерлер 6,7 миллиард теңге түсімдер түсіріп отыр. Ол бюджетке түскен барлық түсімдердің 18,1 пайызын құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылып, нақты нәтиже бере бастағанының көрінісі осы. Жалпы, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы қабылданғалы бері 84,9 миллиард теңгені құрайтын 861 жобаға, оның ішінде есепті кезеңде 5,0 миллиард теңгеге 130 жобаға қолдау көрсетілген.
Әкімдік мәжілісінде осы және басқа салалардағы ілкімді істерді толық баяндаған басқарма басшысы жалпы көрсеткішті кері тартып тұрған кемшіліктерге де тоқталып өтті. Айқын мәселе – өңірде әлеуметтік-экономикалық ахуалды тұрақтандыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылған. Тұрғындардың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету, нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу секілді міндеттер толық орындалуда. Білім, денсаулық сақтау салаларында да ілгерілеу байқалады. Десе де, нарық ырыққа көнбей, әлеуметтің отбасылық бюджетіне әсер етіп тұрған жайы бар.Басқарма басшысының мәліметінше, облыста азық-түлік тауарлары бойынша тұтыну бағалары – 4,3 пайызға, азық-түлік емес тауарлар – 3,4 пайызға, ақылы қызметтер – 3,2 пайызға қымбаттаған. «Жалпы, инфляция деңгейі республикалық орташа көрсеткішпен тең әрі бағаны тұрақтандыру үшін жәрмеңкелер өткізіліп жатқанымен, бағаға бақылау қатаң болуы керек», – дейді облыс әкімі. «Басқасын былай қойғанда, ритуалды қызмет көрсету ақысының көтерілгенін қалай түсіндіруге болады. Баға қымбаттады деп, онсыз да қара жамылып отырғандардың қалтасын қаға бере ме? Жерлеу рәсімінен бизнес жасамасын ешкім өйтіп», – деп өзекті мәселені алға тартқан өңір басшысы өзге де кемшіліктерді сөз етіп, тиісті басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне жағдайды түзеу керектігін ескертті.

Аудандардағы ахуал

Алғашқы алты айда Шу ауданында жалпы 21 миллиард 767,7 миллион теңгенің өнімі өндіріліп, былтырғымен салыстырғанда жоспар 108,3 пайызға орындалып отыр. Өнеркәсіп саласындағы өнім мен көрсетілген қызмет көлемі 2 миллиард 663,9 миллион теңгені құрайды. Бөлшек сауда тауар айналымы да, көтерме сауда көлемі де өскен. Ауыл шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнімнің жалпы құны 6 миллиард 822,2 миллион теңгені құрайды. Егіннің шығымы да жақсы. Аудан әкімі Қайрат Досаевтың айтуынша, орташа есеппен гектарынан 21,6 центнерден айналып жатқан көрінеді.
Негізгі капиталға инвестиция тарту да тоқтап қалмаған, шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының жұмыс қарқыны да қалыпты. Жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау көрсету де жоспарға сай атқарылуда. Қоғамдық тәртіп және жол қауіпсіздігін сақтау бағытында ауқымды шаралар атқарылған. Соның нәтижесінде кейбір қылмыстар саны азайыпты. Білім, денсаулық сақтау салаларында да нәтижелі жұмыстар баршылық. Мәселен, биыл ауданда 450 орынға арналған жеке меншік балабақша ашу көзделсе, Бірлік ауылында 15 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы басталған. Сонымен қатар, биыл Төле би ауылында аудандық емхана құрылысы да жоспарланып отыр екен. Дегенмен, әлеуметтік мәні бар сырқат түрлері бойынша аурушаңдық деңгейі өскен. Оны Қайрат Досаев скринингтік тексерулерді жоспарға сай жүргізудің нәтижесі деп түсіндіреді.
Туберкулезбен ауырғандар көрсеткішінің коэффициенті 53,3-ті құрап, 40 пайызға артуын облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов та осымен байланыстырады. «Ауданда жылжымалы флюорографиялық аппарат сатып алынған. Соның арқасында әр аулаға барып, тексеру жүргізудің нәтижесінде ауруды ерте анықтауға мүмкіндік туды», – дейді өңірдің бас дәрігері. Дегенмен, ауданда жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққандар көбейіп, алты айдың өзінде 5 нәрестенің шетінеуі бұл салада алаңдатарлық жағдайлар бар екенін көрсеткендей.
Мойынқұм ауданында да әлеуметтік-экономикалық жағдай тұрақты. Тиісті жұмыстар атқарылып, жоспарлы межеге қол жеткізілген. Аудан әкімі Бақытжан Нұркеновтің айтуынша, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша да көптеген шаруа тындырылыпты. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілетіні, нақтырақ айтсақ, азаматтардың мәртебесін анықтау мәселесі жұмыссыз ретінде тіркелмегендерді айқындауға мүмкіндік берген.
Аудан бойынша мәртебесі анықталмаған 8480 адамның тізімі анықталыпты. Аталған тізім бойынша ауылдық округ әкімдерінің әр үйді аралап, тиісті жұмыстар жүргізуінің арқасында тұрғындардың мәртебелері анықталып, толығымен базаға енгізіліпті. Оның ішінде нәтижесіз өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 3542. Бүгінде оларды жұмыспен қамту шаралары қолға алыныпты.
Қос ауданда атқарылған жұмыстарды саралай келе облыс әкімі жалпы жағдайдың жақсы екенін, дегенмен айтылған сынды назарға алып, кемшіліктерді жоюды тапсырды.

Ұрлыққа тосқауыл
қойылу керек

Облыс әкімдігінің мәжілісінде өңірлік жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Бақытжан Бейсеев алты айда атқарған жұмыстары туралы баяндап, бірқатар көкейкесті мәселелерді талқыға салды. Оның айтуынша, қазір өңірдегі криминогендік жағдай тұрақты. Қабылданған шаралардың арқасында, жалпы тіркелген қылмыс санының тенденциясы кеміген. Учаске инспекторлары қоғамдық жерлерде, көшелерде жасалған қылмыстардың санын өсірмеу үшін алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Соның арқасында мас күйінде, топтасқан және кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны азайған.
– «Көршілер бақылауы» бағдарламасын бағытқа ала отырып, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын өткізгеннің арқасында жалпы ұрлық деректерінің 14,9 пайызға кемуіне қол жеткіздік, атап айтсақ, пәтерлер мен ұялы телефон ұрлықтары және автокөліктерді заңсыз айдап кету деректері. Осы бағыттағы қолға алған шараларды жандандырсақ, бұдан да жоғары көрсеткішке қол жеткізеріміз анық. Сондай-ақ, бірлескен мал ұрлығына қарсы іс-шаралар жоспарын уақтылы орындаудың нәтижесінде алты айда мал ұрлықтарының санын 435-тен 297 дерекке дейін азайды. Сонымен қатар, «Жасөспірім», «Отбасы және мектеп» және тағы бірқатар жедел-профилактикалық шараларды дер кезінде өткізудің арқасында алғашқы жартыжылдықта жасөспірімдер қылмыстылығы 5,1 пайызға, яғни 98-ден 93-ке, жасөспірімдерге қатысты қылмыстың саны 52,6 пайызға, өз-өзіне қол жұмсау (суицид) деректері 20-дан 8-ге кеміді, – дейді Бақытжан Халилұлы.
Рас, алғаш құрылған кездегіге қарағанда жергілікті полиция қызметінің жұмысы ширай түскен. Бірақ, жол апаттары әлі де азаймай тұр. Ұрлыққа да тосқауыл қоюға полиция қызметкерлерінің дәрмені жетер емес. Осы деректерді алға тартқан Кәрім Нәсбекұлы полиция басшысына елді мекендерге барып, кездесу өткізуді тапсырды. Көп жағдайда қараусыз жүрген мал ұрланатыны шындық екенін, бірақ қылмыстың ашылмауы себебінен ұрлықтан көз ашпаған шаруалар ашынғаннан өзіне қайырыла бастағанын айтты. «Т.Рысқұлов ауданына барып, тұрғындармен кездескенімде он адам сөз сұрап, соның жетеуі мал ұрлығының көбейіп кеткенін айтып шағымданды», дей келе аудандағы жергілікті полиция қызметінің басшысы Досмырза Алашбаевтан аудан азаматтары көтерген мәселелердің қалай шешімін тауып жатқанын сұрады. Полиция басшысы шаруашылық басшысы Сәбит Сұлтан қозғаған мал ұрлығы осыдан 7 жыл бұрын орын алғанын, ал Каменка ауылындағы 23 малды ұрлаған бір адам екені анықталғанын, ақысын төлемей қойған соң малшы жұмыс берушіден осылай есесін қайтармақ болғанын тәптіштеп түсіндірді. Сол сияқты мал ұрлығы, көшедегі қылмыс саны, жол апаты көбейген аудандар мен Тараз қаласының жергілікті полиция қызметінің басшылары да облыс әкіміне мән-жайды баяндап, кемшіліктерді жоюға уәде берді.
Жергілікті полиция алты айда ауқымды жұмыстар атқарып, бірқатар көрсеткіштерді төмендетуге қол жеткізген. Дегенмен, Т. Рысқұлов ауданында көшедегі қылмыстардың 58,3 пайызға, мас күйіндегі жасалған қылмыстар – 433,3 пайызға, жол- көлік оқиғасынан жапа шеккендер саны 5,7 пайызға артқан. Жуалы ауданы бойынша маскүнемдікпен жасалған қылмыс деңгейі 187,5 пайызға, топ болып жасалған қылмыс саны – 20 пайызға артып отыр, ал пәтер ұрлықтары екі есе өскен. Тараз қаласы бойынша мал ұрлық деректері 8 пайызға, бұрын сотталғандар жасаған қылмыстар саны 599 пайызға, жол-көлік оқиғалары 13,5 пайызға көбейген.
Облыс әкімі мәжілісте көтерілген мәселелерді толық назарға алып, кемшіліктерді түзеуді тапсырды. Соңында Астанадағы облыстың мәдениет күндерін өткізуге атсалысқан басқарма басшылары мен барлық азаматтарға ризашылығын жеткізіп, тарихи-мәдени шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтып өтті.

Ардақ Үсейінова,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support