Экономика

Маңдай тердің өтеуі

Маңдай тердің өтеуі

Масаншы ауылдық округіндегі 66 шаруа қожалықтарында осы күндері уақытпен санаспайтын қызу еңбек өріс алған. Олар жиынтығы 2000 гектар астық, 600 гектар картоп, 300 гектар көкөніс және басқа да дақылдар өсіріп, қазір кейбір түрлерінен жиын-терінге кірісті. Агроқұрылымдардың ішіндегі бірегейі «Щенхо» ШҚ осы округте үш жылдан бері қант қызылшасын өсіріп келе жатқан жалғыз шаруашылық. Биыл да он гектарға себілген балтамырдың бапты күтім көргені байқалады. Осымен төртінші қайтара суарылған плантация арамшөптен таза әрі жасыл жапырақтардың астындағы тәтті түбірлері күн санап ұлғайып салмақ қосуда. Әр жерде арық-атыздан байлап жүрген сушылар көрінеді. Қожалық басшысы Уджур Керим алдағы жылдары қант қызылшасын тамшылатып суару технологиясымен өсіруге бел буып отырғандарын айтады. Бұған алғышарттар жоқ емес. Израильдік-украиндік «АІК» компаниясы өкілдерінің Қордайдағы бірқатар шаруашылықтардың ылғал үнемдеу технологиясын игеруіне көмектесіп жатқанына бірнеше жыл болды. Солардың қатарына соңғы жылдары «Щенхо» қосылып, пиязды тамшылатып суаруда едәуір тәжірибе жинады. Жаратылысынан дихан дүнген ағайындар жаңаға тәуекел етуден ұтылмайтынына көздері жетіп отыр. Келісімшарт бойынша бар жауапкершілікті компания өз мойнына алады. Барлық қажетті жабдықтарды өздері әкеліп іске қосып берген. Егістіктің топырақ қыртысына жүргізілген талдаулар нәтижесіне сәйкес өсімдік тамырына сумен бірге жіберілетін минералды тыңайтқыштардың қажетті мөлшерін белгілеп береді. Арнайы кестеге сәйкес барлық жұмыс барысын өз мамандары арқылы үйлестіріп, бақылауда ұстайды. Биыл да қожалық отыз гектар пиязды тамшылатып суаруда. – Жаңа технологияның артықшылығы айтарлықтай, – дейді қожалық басшысы. – Егер мына плантацияны арықпен бір қайтара қандыра суаруға кемінде бір апта уақыт кететін болса, тамшылатып суаруға бір тәулік жеткілікті. Бұдан қаншама уақыт әрі су үнемделуде. Есесіне өнімділік екі-үш есеге дейін артады. Мысалы, арықпен суарылған пияздың гектарынан мықтағанда 20-30 тонна өнім жиналатын болса, тамшылатып суару арқылы 90 тоннаға дейін жеткізіп жүрміз. Сондықтан, болашақта астықтан басқа дақылдардың барлығын тамшылатып суаруға көшкен дұрыс болар. Уджур Керим былтыр институт бітіріп келген жас агроном, немере бауыры Уджур Рахимның теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруына көмектесіп, бар білгенін үйретіп жүр екен. – Кезінде осылардай қылшылдаған жас күнімізде беліміз қайысып жүріп еңбекке араластық. Үлкендердің айтуымен, көрсетуімен әр нәрсенің жөнін білдік емес пе. Ертең біздің ізімізді осылар басады, – деді мұрты жаңа тебіндеген азаматтың болашағына үлкен сенім артатынын білдіріп. Кешегі думанды студенттік өмірді ұмытқан жас жігіт болса тобықтан лай кешіп, әрқайсысы жұдырықтай пінә байлаған пияз тамырына су тамшылатқан түтіктердің жайын қадағалап жүр (суретте). Шаруа қожалығының 670 гектар астық егістігінде орақ науқаны бел ортадан ауыпты. Қырман басында күнде қарбалас. Одан бөлек, елу гектар картоп қазылып жатыр екен. Енді қырық гектар дәндік жүгері, жүз гектар мақсары, әрқайсысы төрт-бес гектардан сәбіз, қарбыз, қытай пиязы пісіп тұр. Жарна үлестерін «Щенхо» шаруа қожалығына біріктірген жарна иелерінің жұмысқа жарамдыларының босқа қарап жүргені жоқ. Ересек бала-шағаларымен күннің аптап ыстығын, шаң мен тозаңды елемей егістік басында тірлік етуде. Өйткені, ащы еңбектің дәмі тәтті боларын олар маңдай тердің өтеуінен біледі.

Қордай ауданы.

Құрманбек Әлімжан, «Ақ жол».