Әлеумет

Жамбылдық өнерпаздар астаналықтардың жүрегіне жол тапты

Жамбылдық өнерпаздар астаналықтардың жүрегіне жол тапты

Еліміздің жүрегін тарихи сарынмен тербеген Жамбыл облысының мәдени күндері Елорда төрінде естен кетпес көріністермен басталып, лайықты жалғасын табуда. Бас қаланың орталығы таңның атысы, күннің батысы ән-күйден арылмай, астаналықтар мен ЭКСфПО көрмесіне келген шетелдік туристерге Әулиеата мәдениеті мен тарихы кеңінен таныстырылып жатыр. Әсіресе, ЭКСПО көрмесі аумағындағы Амфитеатр сахнасында жамбылдық өнерпаздардың жұлдызы жарқырады. Олар «Әуені әсем Әулиеата» атты концертін ұсынды. Амфитеатр – ЭКСПО басталғалы бері талай дүлдүл өнерпаздарды көрген сахна. Біздің облыстық филармония әртістері де үлкен сахнаның деңгейіне сай өнер көрсете білді. Ашық аспан астында көптеп жиналған көрерменнің разы болғаны соншалық, ду қол шапалағын толассыз соғып, әнші, биші, күйшілердің шабытын еселей түсті. Бұл мерекелік кешті тамашалау үшін «ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев арнайы қатысты. Облыстық филармония бұл жауапты шараға бар ынта-шынтасымен көктем басталғалы бері дайындалған көрінеді. Сахналық киімдер түгел жаңартылып, әндер қайтадан өңделіп, жаңа әндер мен композициялар жазылуының нәтижесінде кеш жарқырап өтті. Дәл осы сахнадағы концертке 110 адам атсалысыпты. Концерт Түркештің екпінді «Көңілашар» күйімен басталып, Әкім Ысқақтың сөзіне жазылған Дүйсенәлі Бықыбаевтың «Жаса мәңгі, Астанам» әнімен аяқталды. Астанаға деген ыстық сүйіспеншілікпен жазылған бұл әннің осы алып сахнада алғаш тұсауы кесіліпті. Жиналған қауым концерт барысында Жанатбек Кәдіровтің, Оңал Азаматованың, Әсел Уәшованың, Бахром Муминовтың құлақтың құрышын қандыра орындаған әндерін сүйсініп тыңдап, өнеріне тәнті болды.

DSC_2456 IMG_0989 IMG_0361 IMG_0092 DSC_2284 DSC_2241 DSC_2179 DSC_1955 DSC_1933Екінші күн «Хан шатыр» орталық сауықтыру орталығы алдындағы саябақта Жамбыл, Байзақ, Т.Рысқұлов ауданының өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен басталды. Қазақтың күміс әшекейлері пішіндес шағын сахнада, сондай-ақ ұлттық салт-дәстүрлердің қойылымдары көрсетілді. Мәселен, Байзақ ауданының «Шахан» театры «Айша бибі» көрінісін сахналады. «Әулиеатадан ән шашу» атты концерт кешке де жалғасты. Ал Жастар театрында жазушы Арғынбай Бекбосынның «Домалақ ене» драмасы өнерсүйер қауымға керемет тарту болды. Бұл қойылымға астаналық көрерменнің қызығушылығы ерекше болғанын залда ине шаншар орынның табылмауынан-ақ аңғаруға болады. Символикалық драманың қоюшы-режиссері Қуандық Қасымов. Ынтымақ, ұлтты ұйыстыру, бірлік ұғымымен үндескен сахнадағы үлкен ұршық декорациясы спектакль басталмас бұрын көрерменнің ойын сан-саққа жүгіртіп, қызықтыра түсті. Ауыздан-ауызға жеткен Бәйдібек би мен Домалақ ана туралы бұл аңызды білмейтін қазақ кемде-кем. Алайда, оқиғаны есту бір бөлек, оған жан бітіріп қабылдау мүлдем басқа сезім. Өнерсүйер көрерменнің санасында осы тарих қайта жаңғырып қана қоймай, рухани әлеміне серпіліс тудырды десек артық айтқандық емес. Ал әртістер арасында барша көрерменнің есінде айрықша сақталып, сүйіспеншілікке бөленген Ақсақ Темірдің рөлін сомдаған К.Ақүрпековке жұрттың қошеметі айрықша болды. Облыстық театрдың директоры Болат Бекжанов: «Жер бетіндегі ең үлкен капитал – адам. Сондықтан, соншалықты ұрпақ тараған Домалақ ана тегін адам болмаса керек. Шығарма мақсаты – ұршықтай иірілген дүниеде қазақ балаларын біріктіру, жақындату, адамгершілікке, бірлікке, иманға тәрбиелеу. Астаналықтар спектакльді жылы қабылдады, жүрегімен қабылдады. Демек, шығарма мақсатына жетті», – деді. «Тараздықтар келеді деген хабар жеткен соң, спектакльге алып-ұшып келдік. Себебі, бұл театрдың атағын бұрыннан білеміз. Мықты әртістері бар. Қойылым күткен нәтижені ақтады. Бір демде көріп шықтық. Ұлтымыздың бай тарихының үзіндісін көз алдымызға әкелген жамбылдықтарға мың алғыс», – дейді Астана тұрғыны Базаркүл Ахмет.

Жамбылдықтар ұсынған бағдарламаның үшінші күні «Қазанат» қалалық ипподромы аумағында өтті. Ондағы этноауылда келушілерді кіреберістен Шу аудандық Мәдениет үйінің фольклорлық ансамблі қарсы алып, серпінді әуенмен шабыт сыйлап тұрды. Ал іс-шара аумағында облысымыздың қолданбалы қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылған. Киіз үй пішіндес жеке-жеке дүңгіршектерде қолөнершілердің ұлттық нақыштағы көздің жауын алар сан алуан туындылары жайқалып тұр. Әсіресе, Тараз қаласынан келген қолөнерші-суретші Қазым Аманқосовтың шеберлігі дүйім көпшіліктің назарын аудартты. Шебер қолындағы қара домбырасына ағаштан жасалған шағын таутеке мүсінін байлап, күй шерткенде әлгі таутеке дыбыстың ырғағымен ойнақтай жөнеледі дейсіз. Қолөнерші 90-шы жылдан ұлттық өнерді жаңғырту мақсатын көздеп, осы іспен айналыса бастаған. Ал екі жыл бұрын Абу-Даби қаласына осы қызықты туындыны алып барып, түркілерге тән аталмыш шығармашылықты арабтарға таныстырыпты. Қолөнершінің шәкірті Серік Бисенов те осы көрмеден табылды. Ол қобыз бен домбыра жасаудың шебері екен. Этноауылға «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени музейінің қызметкері, жан-жануарлардың эксклюзивті шағын бейнелерін жасаумен айналысатын Мұрат Жексенбиев те келіпті. Бір-бірін қайталамайтын мүсіндер қиял-ғажайыптан туған бейнелерді елестетеді. Бұл заттар қыштан, балшықтан жасалады екен. Оның қолынан, сондай-ақ бойжеткендерге арналған күміс әшекейлер жасау да келеді екен. Алаңда екі қанатты киіз үйдің кішірейтілген үлгісін «Би-төре» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі алып келіпті. Олар осындай киіз үйлер, кәдесыйлар жасаумен, ұлттық киімдер тігумен 25 жылдан бері айналысып келеді екен. Серіктестік жетекшісі Туғанай Жолақова бүгінде киіз үй тігуді білетін адам кемде-кем екенін айтып, жас ұрпаққа балабақшадан бастап оны құрастыруды үйретіп, жарыстар ұйымдастырып, болашақ шеберлерді дайындау қажет деген ойын жеткізді. Сөрелердегі ою-өрнекті темірден, ағаштан, қыштан, киізден, матадан жасалған бұйымдарға, ұлттық киім, сауыт-сайман, кілем, ыдыс, ат әбзелдері, кәдесыйларға келушілердің бірі қызыға қарап жүрсе, енді біреулер естелікке сатып алды. Ал шетелдік туристер қазақтың домбырасын қолына ұстап, шертіп көруге құмарланып жатты. Көппен бірге облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов этноауылды аралады. Әр жерде алтыбақан тартылып, киіз үйлер көптеп тігілген мәні мен сәні келісті алаңда жиналған жұрт сәлден соң ортадағы ақ шатырлы «Мюзик холға» қарай аяңдап, облыстық филармонияның қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің «Күй керуені» атты концерттік бағдарламасын тамашалады. Ұлттық рухпен қуаттандырып, көңілдерді шалқытқан бұл концерт Түркештің «Көңілашар» күйімен басталды. Дирижер Мұхтар Рахманқұловтың жетекшілігімен оркестр халық әндерін орындаушыларды да сүйемелдеді. Жамбылдық бұлбұл көмей әншілердің арасында Оңал Азаматова «Жалт-жұлт еткен дүние-ай», Әсел Уәшова Латиф Хамидидің «Бұлбұл», Бахром Муминов «Osole mio» әндерімен жүректерге жол тапты. Оркестр орындауындағы Ы.Дүкенұлының «Жез киік», Құрманғазының «Серпер», «Сарыарқа», Сүгірдің «Аққу», «Ыңғайтөк» күйлері сәтті шықты. Сонымен қатар Ж.Ажмұханов, Д.Басықараев, Д.Байзілдаевтың жарыса шерткен күй тартысы да көрерменді сүйсіндірді. Ақ шатырлы сахнада оркестрдан кейін «Думанды ел» атты облыс өнерпаздарының гала-концертіне кезек келді. Эстрадалық әндер жеке, дуэт, трио, квартет орындауларында шырқалып, Айжан Қонарбаеваның жетекшілігіндегі «Ақ кербез» би ансамблінің мың бұрала билеген тақырыптық, ұлттық билері көрерменді ерекше баурап алды. Содан соң сахна айтыскерлерге бұйырды. Жас ақындар Дидар Аббасов пен Бағнұр Нұрман, Бақытбек Жұмабек пен Мейіржан Жекебаев, Айтмұхамед Исақов пен Нұрлыбек Құрманов, Дархан Әбдіманатұлы мен Әсет Дүйсебаев өзара қағытпа қалжыңын араластырып, тақырыпқа ЭКСПО көрмесін арқау етіп әдемі айтысты ортаға салды. Бұл күні Жастар театрының сахнасы тағы да тараздықтарға бұйырды. Онда С.Балғабаевтың «Ең жақсы еркек» комедиясы ұсынылды. Орталық саябақ сахнасы да бос қалған жоқ. Кешке ол жерде Шу, Меркі, Қордай, Мойынқұм аудандарының өнерпаздары ән мен биден шашу шашты. Ал М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында тараздықтар Г.Фигейредонның «Дон Жуан» комедиясын сахналады.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Астана.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.