- Advertisement -

Қордайда қоныс тойлары көп болмақ

74

- Advertisement -

Елбасының бастауымен қолға алынған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында азаматтардың тұрғын үйге қолжетімділігін арттыру, жаңа тұрғын үй алқаптарында қажетті инфрақұрылымдарын салып беру көзделгені аян. Бұл тұрғыда Қордай ауылының іргесін тағы 615 гектарға кеңейте түсетін «Солтүстік» және «Шығыс» жаңа ықшам аудандарындағы жұмысты атауға болады.
Алдымен жол салып, жарық пен су жүйесі тартылмайынша тұрғын үй салуға жер телімі берілмейтін тәртіп орнағалы он жылдан асты. Содан бері аудан орталығында жер кезегінде тұрғандардың саны 6 жарым мыңнан асқан. Солардың жартысына жуығының баспана салуға жер алу бақыты бұйыратын күн де алыс емес. Ал инфрақұрылым жүргізу туралы жаңа тәртіптің ерекшелігі неде? Ол енгізілгенге дейін, 2006 жылы осы аудан орталығының жанынан «Болашақ» ықшам ауданы құрылғандағы көріністі еске алайық. Бұрынғы ұжымшардың егістік жерінен бөлінген алқап мынау көшенің, мынау үйдің орны деп трактор соқасымен ұзыны мен көлденеңінен сызылып берілді де, жер кезегіндегілерге он сотықтан жаппай үлестірілді. Содан әркім өз әлінше құрылыс бастады. Оған қажетті керек-жарақты, тіпті, суға дейін жолсызбен тасыды, жауын-шашынды күндері бұрынғы егістік жер аяқ алып жүре алмас ми батпаққа айналып, көліктер әр жерде батып та жатты. Қолында барлар шағын электр генераторларын пайдаланып, кейбір пысықайлары ұзынды-қысқалы бағаналар орнатып жақын маңдағы үйлерден заңды-заңсыз жолдармен жарық тартып алғандары да болды. Әрине, кейіннен біртіндеп жарық та, су да, жол да тартылды. Бірақ, су құбырының кейін салынған жолмен сәйкеспей, қазір құдығының қақпағы қисайып жолдың қақ ортасында қалған тұстары аз емес, содан жол да бұралаң, қиқы-жиқы. Судың өзі белгілі бір уақытта ғана беріледі, ал арықпен келетін су атымен жоқ. Сондықтан мұнда үй қасына бақша егіп, ауласын көгалдандырып жатқандар некен-саяқ. Оның үстіне бөлінген жер телімдерінің арасында кетік тістің орнындай әлі күнге бос жатқандары да аз емес.

Алдымен инфрақұрылымын жүргізу талабы мұндай келеңсіздіктерге жол бермейді. Аудан орталығының шығыс жағында қатар жатқан «Солтүстік» және «Шығыс» ықшам аудандарында қазір жол салу және электр желілерін тарту жұмыстары қатар жүргізілуде. Тараздық мердігер «Пырақ Құрылыс» ЖШС электрлендіру үшін бөлінген 966 миллион 501 мың теңгенің шілде айына дейін 335 миллион теңгесін игерген. Серіктестіктің учаске басшысы Олжас Болтаевтың айтуынша бір арнайы подстанса, тоғыз трансформатор, үш мыңға жуық электр бағаналары орнатылған. Енді электр сымдары тартылып жатыр, екі мыңға жуық көше шамдары орнатылып, бағана басында әр тұрғын үйге жалғанатын жиырма метрлік желіге дейін қарастырылған. Жұмысшылар әрқайсысында жеті-сегіз адамнан бар төрт бригадаға бөлініп жұмыс істеуде. Олардың ішінде «Жұмыспен қамту орталығынан» жіберілген оннан аса жергілікті мамандар да бар. Барлық жұмыс жобада көрсетілгендей алдағы қараша айына дейін толық аяқталмақ.
Сонымен қатар бас мердігер «Тараз Құрылыс Дизайн» ЖШС көше жолдарын салуға бөлінген 593 миллион 600 мың теңгені игеруге биылғы мамыр айында келісімшартқа отырып, жұмысты бастады. Қазірдің өзінде бірқатар көшелерге тас төселіп тегістеліп үлгерген. Жұмыс толығымен келесі жылдың соңына қарай аяқталады. Ал инфрақұрылымын сумен қамтамасыз етудің жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға аудан бюджетінен 14000,0 мың теңге бөлініп, онымен «ПСК Градцентр» ЖШС айналысуда. Жоба мемлекеттік сараптамадан өткеннен кейін, су құбырын жүргізетін мердігерлер анықталады.
Сөйтіп, осы үш бағыттағы жұмыстар толық аяқталған бойда, яғни, келесі жылдан кезекте тұрғандарға әрқайсысы он сотықтан 2776 жер телімі беріле бастайды. Бұл он мыңға жуық тұрғындар баспаналы болады деген сөз. Дәл осылай Сортөбе ауылындағы жаңа жеке тұрғын алқабының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын салу бойынша «Атырау ЖБИ» ЖШС күшімен электр желілері және көше жолдары тартылуда. Мұндай барлығы дайын учаскеде құрылыс салу тұрғындар үшін оңай әрі тиімді болмақ. Мемлекеттік бағдарламаның шапағатын жұрт осылай сезінетін болады.

Қордай ауданы.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support