Экономика

Көсегенің көк жонына орақ түсті

Көсегенің көк жонына орақ түсті

Өткен қыс айының соңы шаруа баққан жандарға айтарлықтай қиындық әкелгені есте. «Қыс аяғы қысылшаң» демекші қаңтар-ақпан айларында жауған қалың қар малдың өріске шығуын қиындатып, көбі қолға қарап қалды. Көктем әне-міне шығады деп үміттеніп отырған шаруалардың біразы азын-аулақ шөбі түгесіліп, сырттан шөп сатып алуға мәжбүр болды. Соны ескерген Талас және Сарысу аудандарының ауыл шаруашылығы еңбеккерлері алдағы қысқа мал азығының жемшөп қорын жасауға тас-түйін кірісті. Мұның ішінде, негізінде егінді мал азығы жем ретінде дайындайтын екі аудан да өткен жылы күздік егуге баса мән берген еді.

Міне, күні кеше ғана Көсегенің көк жонындағы егінге орақ түсті. Жалпы алғанда Сарысу ауданының егіс алқабының дені Түркістан ауылдық округінің жеріне орналастырылған. – Алғаш болып егінге орақ салғандар «Арыстанды», «Мұрат», «Ырысай», «Байымбет» шаруа қожалықтары. Мына алқапқа өткен жылы 1350 гектар күздік бидай, 2200 гектар күздік арпа тұқымы себілген еді. Тәлімі жерге егілгеніне қарамастан көктемгі ылғалдың мол болуы дақылдың бітік өсуіне сеп болды, – деді Түркістан ауылдық округінің әкімі С.Борсықов бізбен әңгімесінде, – егін орағы басталғалы бері 6 комбайн уақытпен санаспай еңбек етіп 250 гектар егінді орып, гектарына 14 центнерден дән алып, қырмандарға жеткізуде. Ауа райы құбылмалы жонда бұл жақсы көрсеткіш. «Мұрат» шаруа қожалығы (төрағасы М.Дүтбаев) биыл 500 гектар жерге ақ егіс еккен. Күтімнің арқасында бидайы бітік шықты. Енді аз уақыттан соң мақсарысы да ораққа ілінбек. Оның майлы жапырағын орып алуға тараздық кәсіпкерлермен келісімшартқа отырған. Сарысу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жансерік Батырұлымен сұхбаттасқанымызда ауданда 1000 гектар жерге жүгері егілгендігін, олардың негізінен Байқадам, Игілік, Жаңаталап, Жайылма ауылдық округтеріне қарасты егістік алқаптарына орналастырылғанын айтты. Дихандардың агротехникалық шараларды талапқа сай жүргізуінен «Дала аруы» шашағын шашып, масағына дән байлауда. Және де аудандағы 8900 гектар көп жылдық шөптің бірінші орымы ойдағыдай аяқталыпты. Алдағы қыстың қамы үшін аудан бойынша 89000 тонна мал азығын дайындау керек. Мамандардың айтуына қарағанда Түркістан ауылдық округіне қарасты ауыл тұрғындары қазірдің өзінде жемшөптің жеткілікті қорын жасап үлгеріпті. Тау бөктерінен төменгі алқаптағы ауылдағы шаруалар азын-аулақ жоңышқасын орып, қажетті мал азығын сырттан сатып алуда. Көрші аудан таластықтар да жемшөп қорын жасауға қызу кіріскен. – Көктемде Талас және Аса өзендерінің арнасынан асып-тасып шабындықтарға жайылды. Бұл сөз жоқ, шөп дайындауға кері әсерін тигізуде, – деді Үшарал ауылдық округінің әкімі Рақымжан Айтуов, – сондықтан шаруа қожалықтары шөпті Жамбыл, Байзақ аудандарының қожалықтарынан сатып алуда. Үшаралдықтар ғана емес сырттан шөп дайындап жатқан шаруалар өзге ауылдарда да кездеседі. Бостандық ауылының тұрғыны Қанат Дәндібаев тайланған әр түк шөпті 200 теңгеден Байзақ ауданынан сатып алғанын айтады. Қалған мал азығын дайындау үшін күздің қара отын күтіп отырған жайы бар. «Жантақ тамыз айында бұл өңірде бітік шығады екен. Сәтін салса, қой малына одан артық мал азығы жоқ», – дейді ол. Келер қыстың мал азығы үшін таластықтар 123300 тонна табиғи шөп дайындауды межелеп отыр. Талас ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Спандияр Назарбековтің айтуына қарағанда, шаруа қожалықтары қажетті шөптің 62 пайызын дайындаған. Егін орағына да кіріскелі отыр. Өткен жылы да екі аудан мал азығын жеткілікті дайындаған. Жеме-жемге келгенде өткен қыстың соңында көптеген шаруа қожалықтары жемшөп тапшылығынан біраз малдарын шығынға ұшыратты. Сондықтан «қыс шанаңды жаз сайла» дегенді есте ұстаған ауыл тұрғындары жемшөп­­­тің мол қорын жасау жолында уақытпен санаспай еңбек етуде.

Сарысу, Талас аудандары.

Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».