Сұранысқа сай мамандық алса, жұмыссыз қалмайды
Сұранысқа сай мамандық алса, жұмыссыз қалмайды
«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Президент «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын үлкен серпінмен іске асыру қажеттігін баса айтқан. Бүгінде айтулы әлеуметтік жоба «Баршаға арналған тегін кәсіптік білімді енгізудің жол картасы» мен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырыла бастады. Жалпы, статистикаға сүйенсек, алдағы 5 жылда әлеуметтік осал топқа жататын 673 мың азаматқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде тегін кәсіптік және техникалық мамандықтарды игерту көзделіп отыр. Бұл жобаға қатысқандар біліктілігін ғана арттырып қоймай, шәкіртақыға да ие болады. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда еңбек нарығындағы ахуал өзгергені баршаға аян. Нарықтық қатынастар кезеңінде ең алдымен теңгермешілік ұғымы жойылды. Жұмыссыздардың дипломы бар, бірақ сұраныс жоқ болды. Оның негізгі себебі мамандар біліктілігінің еңбек нарығы қажеттіліктеріне сәйкес келмейтіні еді. Жыл сайын жұмыс берушілер тапсырыс берген 20 мыңға жуық бос орынға ешкім орналаспайтын. Сол жылдарда жүргізілген сараптамалардың нәтижесі кадрларға қажеттіліктің 73 пайызға жуығы техникалық және кәсіптік білімі бар мамандарға және жұмысшы кәсіптерге бар екенін көрсеткен. Жастардың алғашқы жұмысшы кәсібін тегін игеруге қолжетімділігін қамтамасыз ету, сондай-ақ еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы кәсіптері бойынша ересек тұрғындарды қайта даярлау және олардың дағдыларын арттыру мәселесі осыдан туындаған. «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты жұмыссыздарды техникалық және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етуді көздейді. Аталған бағдарлама шеңберінде ауданда 331 адамды кәсіптік оқытуға жіберіп, жұмысқа орналасуына жәрдемдесу жоспарланған. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін 98,8 миллион теңге қаржы қарастырылған болатын. Қазірдің өзінде бөлінген қаражаттың 10,2 миллион теңгесі игеріліп, 1-топтама бойынша азаматтар курстарға оқуға жіберілді. Оның 10-ы мүмкіндігі шектеулі жандар. Техникалық және кәсіптік оқуларға, әсіресе қысқа мерзімдік курстарға жолдама алғандардың көпшілігі қызмет көрсету саласында сұранысқа ие мамандықтарды таңдағанын айта кетуіміз керек. Дәл осы қызмет көрсету саласында іс ілгері басып, көптеген жұмыс орындары ашылғаннан кейін экономикада серпіліс пайда болатыны көптеген дамушы елдердің тәжірибесінен мәлім. Сондықтан, қызмет көрсететін шағын кәсіпкерлік нысандары көбейіп, өзара бәсекелестік артқан сайын, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына әсері мол. Біздің міндет – сол бәсекеге лайықты кәсіби білікті мамандарға деген қажеттілікті саралап, қысқа мерзімде сұранысқа сай кадр даярлап, олардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесу. Техникалық-кәсіптік оқуға бағыттауда біз 13 мамандықтың тізбесін әзірледік. Соған сәйкес өтініш білдірген жастар және жұмыссыз азаматтардың 40-ы аспаз, тағы 21-ін тігінші, 11-ін массажшы, 10-ын жүргізуші, 20-сын сән әрлеуші, 51-ін электргаз дәнекерлеуші, 65-ін тракторист-машинист, 31-ін шаштараз, 5-еуін токарь, 10-ын сылақшы, 20-сын бухгалтер, 47-сін техник-программист мамандығы бойынша кәсіптік білім алу үшін оқуға жолдадық. Олардың осы кәсіптерді игеру арқылы жұмысқа орналасып, тұрақты табыс табатынына сенім мол. Ең бастысы, талапқа сай білім алып, бәсекеге қабілеттілік танытса болғаны. Жалпы, бағдарламаның мақсаты мен нысаналы индикаторларына қол жеткізу үшін бағдарламаға қатысушыларды техникалық-кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету, жаппай кәсіпкерлікті дамыту әрі халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту міндеттелгені белгілі. Ауданда осы үш бағытта 2423 тұрғынға әлеуметтік қолдау көрсету жоспарланған. Жыл басынан бүгінге дейін 1511 мемлекеттік қолдауға ие болды. Екінші бағытта – жаппай кәсіпкерлікті дамытуда 51 адамға несие беру көзделген. Қаржы көлемі – 359,4 миллион теңге. Жоспарға сай кәсіпкерлік негіздерін меңгеруге тиісті 180 адам оқуға жолданды. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде 24 тұрғын 104,99 миллион теңге несие алды. Ал тұрғындарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту бағытында 23,1 миллион теңге қаржы қарастырылып, 110 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолдануы тиіс болса, біз бұл жоспарды артығымен орындап, 133 адамды жұмыспен қамтыдық. «Жастар практикасы» бойынша жұмысқа жолдама алғандар да межеден асып жығылды. Алғашқы жартыжылдықта 148 жас маманның тәжірибе жинақтауына көмектесуге тиісті едік, біз өтініш білдіруші 152 азаматқа тегіс мүмкіндік бердік. Соның нәтижесінде бөлінген 50,4 миллион теңге қаржының 26,4 миллион теңгесі игерілді. Ақылы қоғамдық жұмыс орындарында еңбек етіп жүргендер де жоспардағыдан көбірек. Қарастырылған 65,6 миллион теңгенің 38,7 миллион теңгесі игеріліп, межелеген 213 тұрғынның орнына 285 адам жолданды. Тұрақты жұмысқа орналастыруды көздеген 1253 маманның 494-і жұмыспен қамтылды. Жаңа жұмыс орындарына 95 кадрды тарту көзделген болатын. Дәл қазір 96-сы жұмысқа орналасты. Жоспарлаған 45 мүмкіндігі шектеулі азаматтың 28-і, мемлекеттік, салалық, аумақтарды дамыту бағдарламалары бойынша 107 маман жұмыспен қамтылады деп күтілсе, бүгінге дейін 72-сі еңбекпен қамтылды. Иә, жастардың мамандық таңдаудағы қателігі – жұмыссыз қалудың бірден-бір себебіне айналып отырғаны жасырын емес. Мамандардың сөзіне сүйенсек, 2021 жылға дейін елімізде орта білім алушылардың 40 пайызы жұмысшы кәсіптерін игереді деген болжам бар. Осының арқасында біліктілігі жоқ мамандардың саны 20 пайызға төмендеуі тиіс. Арғынбай Сқақов, аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» директоры. Байзақ ауданы.