- Advertisement -

Шу ауданындағы 10 ауыл «көгілдір отынды» пайдаланып отыр

76

- Advertisement -

енді Алға және Сауытбек ауылдарына газ құбыры тартылуда

140521gaz0Аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, 36 000-нан аса тұрғыны бар Шу қаласынан бастап Жаңажол, Көкқайнар, Белбасар, Еңбекші, Төле би, Бірлік, Қонаев, Көктөбе және Бірлікүстем ауылдары да табиғи газды тұтынып, өркениетті істің игілігін көріп отыр. Шу қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстарын «ПГС Регион» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізіпті. Аталмыш мекеме 105 шақырымды құрайтын 71 көшеге газ желілерін тартып, 3520 тұрғын үйдің «көгілдір отынды» қосқызып алуына жағдай жасаған.
Қазіргі таңда Шу қаласы іргесіндегі Алға және Сауытбек ауылдарын табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілуде. Ал Жиделі, Аң шаруашылығы, Еспе, Құлақшын, Алайғыр, Құмөзек елді мекендерінде тұрғындар саны аз болғандықтан және магистралды газ құбырынан қашықта орналасқандықтан ол ауылдарға газ құбырын жүргізу тиімсіз деп табылған. Газдандыру жұмыстары аясында Шоқпар, Далақайнар, Балуан Шолақ, Бәйдібек, Оразалы батыр, Ақсу секілді ауданнан шалғай жатқан 18 ауылды «көгілдір отынмен» қамту көзделіп отыр. Оған облыстық қазынадан 95,7 миллион теңге бөлініп, оның жобалық-сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары «Жансерік» ЖШС-на жүктелген. Осылайша, аудан аумағындағы елді мекендерді газдандыру жұмыстары қарқын алып, жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр.

Бұдан бөлек, Шу қаласындағы орталық қазандықтың КЕ-25/14С маркалы бу қазанын газбен жұмыс істейтін қазандарға ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленген болатын. Оның құрылысы 280 миллион 301 мың теңгені құрап отыр. Бұл нысанға республикалық бюджеттен қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары нәтижесінде «Астана Құрылыс» ЖШС-мен келісімге қол қойылыпты. Қазіргі кезде орталық қазандықта монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатқан көрінеді. Сондай-ақ, аудандағы бюджеттік нысандарды көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқын алып келеді. Мәселен, ағымдағы жылы Шу қалалық ауруханасының қазандығын табиғи газға ауыстыру үшін құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, аудандық аурухананың қазандығын газға ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бұдан өзге білім саласында 4 мектеп пен 5 балабақшаның қазандығын да «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жолға қойылған. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға техникалық негіздемелер әзірленіп жатыр. Міне, осылайша аудандағы шалғай елді мекендермен қатар, әлеуметтік маңызы бар нысандар да табиғи газға қосылатын болды.

Ерғали Қартайған,
«Ақ жол».

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support