«Арай» алқабында көшелер жөнделіп жатыр
«Арай» алқабында көшелер жөнделіп жатыр
Соңғы жылдары өңірімізде жаңа тұрғын үй аумақтары бой көтеріп, құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Соның бірі – Тараздағы жаңа «Арай» тұрғын үй алқабы. Бұл алқапта күз, қыс, көктем айларында жауын-шашыннан жол салынбаған көшелер ми батпақ болып, тұрғындар қиыншылық көретін. Енді сол олқылықтың орны толып, «Арай» алқабының тұрғындары даңғыл жолдың қызығын көрмекші. Оған осында жүргізіліп жатқан қызу жұмысты көргенде көзіміз жетті.
«Арай» алқабында жалпы 53 жаңа көше түскен. Осы көшелерді, көшелерге апаратын бұрылыстарды қамту үшін 30 шақырым жол керек. Міне, енді «арайлықтардың» осы мұқтаждығы шешілетін болды. Бұл мақсатта игерілуі екі жылға жоспарланып, облыстық бюджеттен 227 миллион теңге қаражат бөлініпті. Оның 91 миллион теңгесін осы жылы игеру көзделген. Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі автомобиль жолдары секторының меңгерушісі Ерлан Әділдаев өткен мамыр айында басталған жұмыстың қазір қызу қарқынмен жүзеге асып жатқанын айтады. Мердігер компания – «АрайСтройМаркет» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Біз Ерлан Нұркерімұлымен бірге аталған алқаптағы қиыршық тас төселген аумақтарды аралап көрдік. Бүгінгі таңда Бәйдібек баба, Домалақ ана, Майлықожа, Шота Руставели, Тайбурыл көшелері қиыршық таспен тегістеліпті. Қиыршық тастың өзі екі реттен төселеді. Алғашқысы көше жолдарының кедір-бұдыр жерлерін теңестіру үшін болса, оның үстінен қосымша төселгені сапалы қиыршық тас. Тас жолдың ұзындығы 17 шақырым. Мұндағы жұмыс алдын ала белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Құрылыс жұмысына 30 адам еңбекпен қамтылған, 15 техника жегілген. – Жол құрылысының сапалы аяқталуы бәрімізге сын. Сондықтан уақытпен санаспай тер төгіп жатырмыз. Қолдағы техникаларды тоқтатпауға күш салып отырмыз. Мен түзулік пен дәлдікке жауапты маманмын. Сондықтан жұмысымыз жеңіл емес, – дейді аталған компанияның геодезист маманы Игорь Смирнов. Құрылысшылардың қимылы ширақ. Учаске басшысы Сергей Гринкин, есепші Геннадий Сироткин, «КамАЗ» жүргізушісі Руслан Енешев, бульдозершілер Дүйсен Қарғабаев пен Мұрат Бөлдешов еңбекке қарқын қосуда. Тегістеуге арналған техниканың (катог) жүргізушісі Андрей Хавтурин, көлік жүргізушісі Мұрат Рахымқұлов өз жауапкершіліктерін жақсы сезінеді. Алқаптағы жаңа үйлердің тұрғындары жол азабынан құтылатынына қуанышты. Олар мемлекеттің қолдауының арқасында қомақты қаржы бөлініп, атқарылып жатқан игі іске әлден-ақ алғыстарын білдіруде.
Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».
Тараз қаласы.