Ғажайыптар әлемі десе де болады
Ғажайыптар әлемі десе де болады
Қазақ елі тәуелсіздік алғаннан бері қуатты мемлекет ретінде қалыптасып, әлемнің алдыңғы қатарлы еліне айналу жолында талай белестерді бағындырды. Тамыры тереңде жатқан төл тарихымыздың жаңа беттері ашылды. Осы уақыт ішінде экономикалық және әлеуметтік маңызы зор жобаларды қолға алып, әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың өтуіне ұйытқы бола білді. Сондай шаралардың бірі әрі бірегейі бүгінде бас қаламыз – Астанада өтіп жатыр. Әлем көз тіккен ЭКСПО-2017 көрмесі еліміздің ең ірі жобаларының бірі десек, қателеспейміз. Себебі, бұл көрме – елдегі новатарлық рухты жанудың, ғылымға ұмтылуға құлшыныс берудің таптырмас тетігі. Ірі көрменің арқасында елімізге деген туристердің қызығушылығы артып, инвестициялық климат қалыптасады. Бұл жөнінде Елбасы Н.Ә. Назарбаев Астана қаласында ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында сөйлеген сөзінде: «Көрме – біздің елімізге ірі инвестиция тартуға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ ЭКСПО көрмесін өткізу арқылы Қазақстан «жасыл экономиканы» дамытуға тікелей септігін тигізетін жаңа технология мен инновация алады», – деген болатын. ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесі – бұл Қазақстан үшін жаңа энергетикаға, «жасыл» технологияға ие болудың таптырмас мүмкіндігі дейтін болсақ, осы арқылы Астана қазіргі таңда жер жаһанға соңғы жетістіктерді паш етіп қана қоймай, осында өмірге келетін жаңа дүниелердің орталығына айналып отыр. Мұны мен Елордамыз Астанада болып жатқан көрмеге барып келіп, айтып отырмын. Шындығында да көрменің көрсетері көп екен. Астанаға жұбайым екеуміз маусымның 10-ы күні бардық. Көптің бірі болып, керемет іс-шараға билет алдық. Көрме қалашығындағы ғажап нысандар, ғажайып туындылар таңғалдырды. Көрме әлемді қазақстандықтардың көп ұлтты мәдениетімен, ежелгі тарихымен, дәстүрлерімен, қонақжайлылығымен таныстырып қана қоймай, әлемдік қоғамдастықтың алдында Қазақстанның туристік тартымдылығын және танымалдылығын арттыратынына сенімдімін. Көрменің алғашқы 10-11 күндерінде Жамбыл облысының тауар өндірушілерінің ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп, оның ішінде Байзақ, Сарысу, Шу, Жуалы аудандарының алып барған сапалы өнімдерін Астана қаласының қонақтары мен тұрғындары таласа сатып алып, өнімдердің тез өтіп кетуі мәртебемізді асқақтатты. Қала тұрғындары алдағы уақытта негізгі ет-сүт өнімдерін көбірек әкелуді сұрады. Осында Жамбыл облыстық филармониясының бір топ әншілері концерт берді. Бір сөзбен айтқанда, ауқымы жағынан Олимпиада спорт ойындары мен әлемдік футбол чемпионатынан кейінгі орында тұрған көрмені ТМД кеңістігінде тұңғыш рет Қазақстан өткізгенін көріп, көкірегіңді ерекше мақтаныш сезімі кернейді екен. Бұл қазақстандықтарға артылған зор сенім. Мұндай мүмкіндікке Елбасының әлемдік дәрежедегі беделінің арқасында қол жеткіздік.
Төле Наржанов. аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.
Байзақ ауданы.