Тарихы тағылымға бай өлке
Тарихы тағылымға бай өлке
Руслан САЙЛАУБАЕВ, аудандық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының «Орталық» бастауыш партия ұйымының төрағасы.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы – үлкен стратегиялық мәні бар, еліміздің болашағын айқындайтын құжат. Президент осы еңбегінде «Қазақстанның алдағы даму бағдары қандай?», «қоғамды қалай ілгерілетеміз?» деген сауалдардың нақты жауабын береді. Соның бірі – латын әліпбиіне көшу мәселесі. Әліпби ауыстырудың қазақстандық қоғамға қандай байланысы бар? Осы сұраққа толыққанды жауап беру үшін біз алдымен әлемдік прогрестің беталысын бағамдап алуымыз қажет. Қазір дүниежүзінде Төртінші өнеркәсіптік революция басталғаны белгілі. Алпауыт мемлекеттер инновацияны дамытуда ғылымға ден қоюда. Ғылым – білім беру үдерісі кідіріссіз алға басқанда ғана өрістейді. Ал жалаң ғылым жаһанға қауіп төндіруі де мүмкін. Сондықтан рухани жаңғырып отыруды ұмытпаған жөн. Бұл қадамның мәдени-рухани жаңғыруымызға тікелей ықпалы да осында. Латын әліпбиіне көшу ғылым мен технологияның тілін даму үдерісіне кедергісіз кіріктіру әрі халқымыздың рухани дүниесін әлемге таныту үшін керек. Әліпби ауыстыру мәселесі Елбасының 2012 жылғы жариялаған «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқын көрсетілген. Онда 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшетініміз айқындалған. Білім саласында қызмет ететін маман ретінде айтарым, жаңа технологияны игеру, әлемдік озық тәжірибелерді барлық салаларға енгізуде тіл үйренудің маңызы зор. Әрине, бір әліпбиден екіншіге ауысу, оңай шаруа емес. Ол – тұтас қоғамды қамтитын күрделі процесс. Қалай десек те, латын әліпбиіне көшуден қорқып-үркуге болмайды. «Бұл қадам ұлтсыздандыруға бастайды» дегендерге айтатыным, әлемде қаншама дамыған мемлекеттер осы жолдан өткен. Солардың тәжірибесі бізге үлгі. Олар өздерінің ұлттық дәстүрлерін, тілін ұмытып кеткен жоқ. Неге немістер, француздар латын әліпбиін пайдаланады? Өйткені, бұл әліпби әлемдік ғылым-білімге жақындатады. Бұл – заман талабы. Сондықтан біздің жастар заман ағымынан қалыс қалмауы тиіс. Елбасы мақаласында елдік, ұлттық мәнге ие жобалар көрініс тапқан. Мәселен, «Туған жер», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» сынды жобалардың тағылымдық мәні зор. Расында да қазір ұлтымыздың озық дәстүрлерін жаңғырту аса қажет болып тұр. Себебі, шетелдің мәдениеті біздің елде тым шектен тыс дәріптеледі. Бұл ұлтқа төнген қауіп. Сол үшін аға буын, орта буын өкілдері жастардың санасына өз құндылықтарымызды сіңіріп, дұрыс жолды көрсетіп, тәрбиелеуіміз қажет. Сананы жаңғырту арқылы, адами құндылықтарды қайта бағамдау процестерінің нәтижесінде біз ғасырлар бойы жинақталған ата-бабамыздың тәлім-тәрбиелік мұраларын болашақ ұрпақты тәрбиелеуде пайдалануымыз керек. Елі-жері үшін жанын қиған, сол ерлігімен ұрпақ жадында мәңгі сақталған тұлғалар болғанын тарихтан білеміз. Жұлдызы биік Жуалыда мұндай тұлғалар жетерлік. Ақтабан шұбырынды алқакөл сұламада Қаратаудан көшкен көш... Осы көшті тоқтатып, еліне қорған болған батырлар – Сатыбай, Байтана Сатыбайұлы, Рысбек, Жомарт, Құлан, Шоқанның ерлігі ұрпаққа өнеге. Одан кейінгі Қоқан хандығы тұсында Байзақ датқа, Батырбек датқа, Ақмолда сынды батырлар отаршылдық жүйеге қарсы шықты. Ұлы Отан соғысы кезінде елдік пен ерлік сынға түскен шақта зұлым жауды талқандап, жеңіске жету үшін жанын аямай арпалысқан В. Вишневецкий, Д. Кавешников, Д. Пахомов, Ф. Кердань, Т.Тастандиев ше?! Ал «Отан үшін отқа түс күймейсің» деп ұрандаған Бауыржан Момышұлының есімін өскелең ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Батыр Баукеңнің, Құрманбек Сағындықовтың Отаны үшін жанын пида етуге дайын патриоттық рухы, елге деген адалдығы бізге үлкен өнеге. Жуалыдан осы батырлардың ізін жалғаған он бірдей генералдың шығуы да кездейсоқтық емес. Олар Т. Дүйсебаев, Е. Демесінов, Т. Ыбраев, Б. Ертаев, А. Тромбачев, Р. Чумаков, А. Трегубенко, С. Қойбақов, Д. Сатылғанов, Ғ. Миразов. Бұлар ерлігі мен өрлігі бүкіл әлемге аян Бауыржанның ерлігін онан әрі жалғастырушылар деп білеміз. Жуалы жері туралы тамаша галерея жасаған жерлес жазушымыз Шерхан Мұртазаның шығармалары да жастар үшін ерлік пен отаншылдықтың темірқазығы болды десек, артық емес. Елі үшін еткен адал еңбек те ерліктің баламасы. Жуалы жерінен шыққан сегіз Социалистік Еңбек Ерінің ізбасары, егеменді еліміздің алғашқы Еңбек Ері Аягүл Миразованы да бейбіт күннің батыры деуге болады. Оның жасаған ерлігі – өскелең ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беруде бар күш-қайратын сарқа жұмсап келе жатқаны. Жуалы – 1986 жылы Желтоқсан оқиғасының қаһармандары Қайрат пен Ләззатпен бірге болған ақын Бауыржан Үсеновтің туған жері. Бір сөзбен айтсақ, кілең жайсаңдар шыққан бұл өлкенің тарихи өнегесі мол. Осындай аға-аталарымыздың еңбегін, өмір жолын айтып жеткізе білсек, жас ұрпақ бойында туған жерге, елге деген сүйіспеншілігі, отаншылдық сезімі күшейетіндігі сөзсіз. Біз жастармен осы бағытта жұмыс жүргізуіміз керек. «Орталық» бастауыш партия ұйымына қарасты партиялық топтар жас жеткіншектермен кездесіп, Елбасы идеяларының мәнін түсіндіруді жоспарлап отыр.
Жуалы ауданы.