- Advertisement -

Қордайдың астығы қырманға түсті

120

- Advertisement -

SAM_2964Қордайлық дихандар егін орағына жаппай кіріскелі бір аптадан асты. Шілде түсе апшыны қуырған аптап ыстық барлық жерде егіннің пісуін тездетіп жіберді. Сондықтан, әрбір қолайлы сәтті тиімді пайдаланып, өнімді ысырапсыз жинап алуға барлық күш жұмылдырылып отыр. Биыл егілген 43 мың гектар астықты (17000 гектар бидай, 26000 гектар арпа) орып алуға 101 комбайн, тасымалдауға 210 автокөлік пен 138 тіркемелі трактор тартылған. Астық 21 механикаландырылған қырманда бастырылуда.

Бүгінге дейін аудан шаруашылықтарында барлық астықтың үштен бірі – он бес мың гектардан аса арпа мен бидай орылып, орташа өнімділік гектарына 21 центнерді құрап отыр. Барлығы отыз мың тонна астық қамбаға құйылған. Оның ішінде ірі агроқұрылымдардан облыстық мәслихаттың депутаты Өмірәлі Варшакидзе жетекшілік ететін «Благовещенка» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 680 гектардан 1200 тонна астық жинап үлгерді. Сондай-ақ, «Нұрал» және «Сарыбұлақ» ЖШС-ның әрқайсысында 600 тоннадан, «Қақпатас-Қордай» – 450 тонна, «Ноғайбай» – 760 тонна, «Ақтас-Қордай» – 820 тонна астық бастырды. 

Балғабай Сырлыбаев басқаратын «Ұмтыл» шаруа қожалығының егіншілері орақты аудан орталығының іргесіндегі 75 гектарлық бидайдан бастапты. Соңғы аптада жиілеп кеткен өткінші жауыннан оқтын-оқтын кідіруге тура келгенмен, артынша күн ашылып, біраз жел қағып, егінжай құрғай бере қайтадан іске кіріседі. Биылғы мол жауын-шашынның әсерінен астық бітік өскен. Кісі белінен келетін егінжай самал лебімен теңіздей толқиды. Алқапты шет жағалай қусырып су жаңа «Полесье» GS-12 комбайны баяу «жүзіп» келеді. Егіс басындағы бригадир Нұрғали Нұрабаевтың айтуынша, жаткасының алымы жеті метрлік белоруссиялық өндірістен шыққан бұл комбайнды қожалық өткен жылы 52 миллион теңгеге сатып алыпты. Былтырдан бері егін орағын осы жалғыз комбайнмен-ақ атқарып, бұрынғыдай ескіні жамап-жасқап, қосалқы бөлшек іздеу тауқыметінен құтылыпты. Жаңаның аты – жаңа, қос комбайншы Марат Ауғанбаев пен Әділет Еңсепов кезек-кезек мініп ауа райының қолайлы күндері тәулік бойы тоқтаусыз егін орып жатса да, сыр берер емес. Бұрынғыдай қосарланып жүретін техникалық күтім агрегатының да қажеті болмай қалыпты. Бар керегі комбайнның өзінде қарастырылған. Тек, өрт қауіпсіздігі үшін соқалы трактор, су толы цистерна міндетті түрде кезекшілікте тұрады.
Егін бітік, комбайнның бункері тез толды. Алқап жиегінде тұрған тіркемесі бар КамАЗ лезде жетіп келді. Комбайн шанағынан ақтарылған нарт қызыл бидай көлік қорабына лекілдей құйылып жатыр. Жүргізуші Ермек Толыбаев егінді қолымен жаймалап, біркелкі түсуін қадағалап тұр. Қорабы биіктелген тіркемелі көлігі алты жарым тонналық бункердің төртеуін сыйғызып, бір қатынағанда жиырма бес тонна астықты қырманға қиналмай апарады. Байжан Ахметжановтың қос тіркемелі тракторы да осынша жүк тасуға жабдықталған екен.
– Бізде барлығы 250 гектар «Стекловидная-24» бидайы, 200 гектар «Бәйшешек» сортты арпа бар, – дейді бригадир Н. Нұрабаев. – Күніне 35-40 гектардан астық орылуда. Бұл қарқынмен он күннің айналасында өзіміздің орақты аяқтап, көршілерге көмекке шықпақ ойымыз бар. Әр гектардан бидай 22-25 центнер аралығында, арпа 18-20 центнерден айналады деп болжап отырмыз.
Айтпақшы, бригадир күзде осы астық комбайнының жаткасын алмастырып алып, жүгері орымына салатынын да айтты. Жаңа комбайнның мұндай да артықшылығы бар екен. Жүгерілікте – тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларымен өсіріліп жатқан екі жүз гектар дәндік жүгерінің түсімі де жоғары көрінеді.

Құрманбек Әлімжан,
«Ақ жол».

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support