- Advertisement -

Естігеніңді айтпа, тоқығаныңды айт

117

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мәжіліс залында елімізде бекітілген дін саласындағы мемлекеттік саясат тұжырымдамасын түсіндіру, соның аясында жұмыс атқару мақсатында жиын болып өтті.
Шараны облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Дауыл Бейсенқұлов ашып, жүргізіп отырды. Басқосу барысында облыс әкімдігі дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы Ерзат Жақыпов сөз алды.
«Қазіргі таңда елімізде 18 конфессия, үш мыңнан астам діни бірлестіктер бар. Оның 95 пайызы исламдық және христиандық бағытты ұстанады. Бұлардың барлығы ел аумағында заң шеңберінде өз жамағаттарына уағыздарын жүргізуге құқылы. Оларға біз экстремистік, радикалды, секта деген сөздерді қолдана алмаймыз. Мәселен, біз: «иегова куәгерлерін» «секта» деп жазатын болсақ, олардың құқығына қол сұққан болып саналамыз. Ол заңда көрсетілген. Еліміздегі деструктивті ағымдар санатына біз сәләфилерді жатқызамыз. Өздеріңіз білетіндей, деструктивті ағымдар еліміздің зайырлылығына қарсы бағыт ұстанады. Оны Елбасымыз да айтып өтті. Дегенмен, бұларға заңдық тұрғыдан тыйым салынбағандықтан, олар жүре береді», – деген ол деструктивті ағымдағы топтардан келетін қауіпті, олардың миссиясы, киіну үлгісі, дінді бұра тартудағы ерекшеліктері турасында сөз қозғады.
Жиында облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек те мінберге көтеріліп, өз ойын ортаға салды. Жиналысқа қатысушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын да қойды. Мәселен, наиб-имам жаназа өткізу рәсімі туралы қойылған сауалға былай деп үн қатты. «Негізі жаназаны ұзатуға болмайтыны рас. Алайда қазір Ақтаудан анау келеді, Астанадан мына туысы жетеді» деп отырады. Әркімнің өз қалауы болып тұр ғой. Оған енді не дейміз?» деп өз ойымен бөлісті.
Басқосу барысында тілшілер қауымы да өздерін толғандырған көптеген сауалдарды жолдап, тиісті мамандардан нақты жауаптар алды.
Жиынның түйіні «оқығаныңды емес, көкейге тоқығаныңды айт» деген пәлсапаға тірелді. Жиналғандар кәсіби мамандардың тұшымды түсініктемелеріне дән риза болып тарқасты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support