- Advertisement -

Әулиеата уездік комитетінің тарихын білесіз бе?

167

- Advertisement -

Қазақ елі тарихында «Алаш» қозғалысының, Алашорда үкіметінің алар орны ерекше. «Алаш» қозғалысы қазақ жерінде 1905 жылы басталған. Қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақ жұрты 1905 жылдың өзгерістерін, ел дертінің себебін ұғынып, емін біліп, енді қазақты оятып, күшін бір жерге жиып, патша саясатына қарсылық ойлап, құрғақ уайымнан да, бос сөзден де іске қарай аяқ басамыз деп, талап қыла бастаған уақытына келеді», – дейді. Осы 1905 жылдан бастап қазақтың оқыған азаматтары отаршылдыққа қарсылық жолында бұрын-соңды болмаған жаңа күрес жолын таңдағанын білеміз. «Алаш» қозғалысының түпкі мақсаты – дербес қазақ мемлекетін құру. Осы басты мұрат 1905 жылдан бастап Алашорда таратылғанға дейін қозғалыс қайраткерлерінің басты идеясы ретінде күреске арқау болды. Ресейдің I-II мемлекеттік Думасына депутат болып сайланған Ә. Бөкейханов, А. Бірімжанов, А. Қалменов, Ш. Қосшығұлов, М. Тынышбаев Ресейдің заң шығарушы жоғарғы органына қазақтың мәселесін көтеріп, оны саяси биліктегілерге жеткізуге күш салады. 1905 жылдан Ресейдің газет-журналдарында, қазақтың жағдайы туралы мақалалар жариялап, орыстың демократиялық көзқарастағы зиялы қауым өкілдерінің назарын аударып, ой салса, 1913 жылы «Қазақ» сынды тарихи басылым шыққан соң онда да көп мәселелерді көтерген еді. Газет кейін жалпы ұлттық сипатқа ие болған басылымға айналды.
Міне, «Алаш» қозғалысы 1917 жылғы Ақпан көтерілісіне дейін халықтың мұң-мұқтажын, талап-тілектерін билік басына жеткізіп, елі үшін, жері үшін аянбай еңбек етті. 1917 жылдың 5-13 желтоқсан күндері Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ съезі өтті. Съезде барлық өңірлерден делегаттар бас қосып қазақ автономиясы, ұлт кеңесі, ұлт мәселесі, ұлт қазынасы секілді мәселелерді қарады. «Алаш» автономиясы жарияланды. Автономияның астанасы болып Семей қаласы бекітілді. Ұлт кеңесі құрылды. Алашорда үкіметінің төрағасы болып Әлихан Бөкейханұлы сайланды. Бұл съезд қазақ мемлекеттігін қалпына келтірген тарихи жиын болды. Осы екінші жалпы қазақ съезіне Сырдария облысынан Әзімхан Кенесарин, Иманбек Сарымсақов, Иманберді Ержігітов, Серқұл Алдабергенов, Мауленқұл Байзақов, Есет Ақжолов және басқалары қатысқан. 1917 жылдың 27 желтоқсанында Әулиеата қазақтарының съезі өткен, оған 200-ге жуық ауқатты адамдар жиналған, олардың ішінде Кенесарының немересі Әзімхан Кенесарин, Пазылбек Бектұрғанов, Жұмабек Батырбеков, Ике Әділов, Дінше Әділов, Санжар Аспандияров болған.
Еркінбек Ақынбеков 1863 жылы Қошқарата ауылында туған. Әулиеата уездік басқармасында тілмаш қызметін атқарған. Бердіқожа Иманбаев Шөңгер болысынан осы оқиғаға қатысқан. Мұстафа Бұралқиев 1899 жылы Шу бойында туған. Атасы Сұлтанбек пен әкесі Бұралқы көп жылдар болыс болған. Әйелі Ботагөз – Міржақып Дулатовтың ағасы Асқардың қызы. Ол 1930 жылға дейін Абай атындағы пединститутында оқытушы қызметін атқарса, 1932 жылы сотталып, жер аударылған. 1958 жылы ақталып, 1970 жылы Жамбылда қайтыс болған.
Осы съезде 11 адамнан тұратын «Алашорда» автономиялық өкіметінің Әулиеата уездік комитеті құрылған. Төрағасы – Әзімхан Кенесарин, орынбасары болып Мұстафа Бұралқиев сайланған. Съезде негізгі мәселе – аштыққа байланысты қарар қабылданған. Ақмола уезінен бидай алуға қаржы және көлік бөлу, жергілікті милицияны жабдықтау, оқу мәселесі қаралған. Алашорда уездік комитеті Сырдария облыстық комитетінің құрамына енген. Ол кезде Сырдария облысына Әулиеата, Шымкент, Ташкент, Перовск, Түркістан уездері қараған. Тұрғындардың саны 1 219 400 адамға жеткен көрінеді. Әулиеата уездік комитеті жұмысын 1919 жылы тоқтатқан. Оның орнына Әулиеата уездік советі құрылған.
Әулиеата уездік комитеті екі жылдың ішінде көп жұмыстар атқарды. Осы арқылы билік басына жергілікті қазақ ұлтының өкілдерінің келуі біздің адамдардың да қолынан іс келетінін дәлелдеп берді. Бірақ бір өкініштісі, Әулиеата уездік комитетіне мүше болған 11 адамның аты-жөні әлі толық анықталмай тұр. Тек, Дінше Әділовтің Шу бойында туғаны, Омбы гимназиясында, Ташкентте университетте оқығаны, 1925-1926 жылдар тұңғыш қазақ театрын ұйымдастырып, оның директоры болғаны ғана белгілі. 1928 жылы тұтқындалып, 1930 жылы Мәскеуде атылған. Әбдуали Әділов, Асқар Әділов, Қамшыбек Әлімбеков, Мәуленқұл Байзақов, Сейтжаппар Байсейітов, Жұмабек Батырбеков, Пазылбек Бектұрсынов, Төреқұл Жанұзақов және өзгелері туралы мәліметтер табылмай отыр. «Алаш» қозғалысы қазақ азаматтарының туған халқына деген қалтқысыз сүйіспеншілігін аңғартады. Тәуелсіздігімізді нығайту, өз тамырымызды тану, «Алаш» сияқты ұлтымыздың ақылы мен айбынына айналған қозғалыстың мұратын бойымызға сіңіру, жүрегімізге ұялату, бүгінгі ұрпақтың парызы екені ұмытпасақ керек.

Мәскеу Ноқрабеков,
журналист.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support