Әлеумет

Мәссаған, «Магнит бала»

Мәссаған, «Магнит бала»

Ел ішінде ерекшелігімен, дарынымен, өзгеше қасиетімен өзгелерден дараланып тұратын жандарды кездестіріп жатамыз. Ондайларға қызығып, таңданып қарайтынымыз да жасырын емес. Сегіз жастағы тараздық Нұрдәулеттің де екінің бірінде кездеспейтін қасиеті бізді қайран қалдырды. Ол бүгінде ел ішінде «Магнит бала» атанып кеткен. Себебі оның бойында магниттік тартылыс күші бар. Темірден жасалған кішігірім заттарды Нұрдәулеттің денесіне жақындатқанда құдды бір магнитке қойғандай жабысып қалады екен. Бұл туралы әлеуметтік желілерден хабардар болып, балақайдың өзімен жүздескіміз келген. Анасы Аида баласының ЭКСПО-2017 көрмесін тамашалауға Астанаға қыдырып кеткенін жеткізіп, ұлының ерекше қасиеті туралы бізге кеңінен әңгімелеп берді. Бүгінде екінші сыныпқа көшкен Нұрдәулет өзінің алғыр, зерек екенін ерте жастан байқатыпты. Оның ойда жоқта оянған дарынын алты жасында атасы Арыстанбек байқаған. Күн санап қабілеті артып келе жатқан ол қазіргі таңда денесіне бірден бірнеше затты жабыстыра алатын жағдайға жеткен. Алғашында қасықты жабыстырып көрген ол қазір ұялы телефон, планшетті де кеудесінде қозғалтпай ұстап тұра алады. Бүлдіршін өзінің ерекшелігін түсінгенімен, кей уақытта қатты қиналатын көрінеді. Анасы оның дене қызуы көктем мезгілінде 40 градусқа дейін көтеріліп, ешқандай дәрі-дәрмек көмектеспей, ауырып қалатынын айтты. Ал тексеріс жүргізген дәрігерлер оның денсаулығынан ешқандай шағым жоқ екенін жеткізген. – Ұлымның ойлау қабілеті, сабаққа ден қоюы, есте сақтауы өте жоғары. Ал денесіне жабысатын темір құралдарының саны күн өткен сайын артуда. Бүгінде бойына бірнеше затты қатар жабыстыра алады. Күн өткен сайын біз түсініп болмайтын қабілеті ашылып келе жатқан сияқты. Кейде көлікке отырса көлік жүрмей қалады. Бірде дене қызуы 40 градусқа дейін көтеріліп, қатты күйіп-жанды. Дәрілер көмектесе алмады. Елден естігенім мұндай жағдайда бала бойындағы қуатты сыртқа шығара алмай қиналады екен. Осы ойыма түсіп, ұлыма 4 жасар қарындасына ем жүргізуді өтіндім. Өйткені, ол қызым ойнап жүріп болсын, ұйықтап жатып болсын кіші дәретін жіберіп қоятын. Нұрдәулет алақанын қарындасының қуығына қойып әлдене деп күбірледі. Сәлден соң қызым шыр етіп жылап жіберді. Міне, сол күннен бері қызым төсекке де тамызбайды, ойнап жүріп кіші дәретін жіберіп қоятын әдетінен сап тыйылды, – дейді Аида. Нұрдәулеттің ата-анасы қазір балаға науқастарды дертінен емдетіп көруге қорқады. Себебі, өзгенің бойындағы жағымсыз энергияны өз бойына тартқан бала, оны қайтып шығаруды білмейді, сол себепті өзі ауырып қалуы мүмкін деп қауіптенеді. Анасы Нұрдәулеттің қарындасын қарағанда қандай сөздерді күбірлеп оқығанын да ақыры сұрап біле алмапты. «Қарындасын қалай емдегенін білмейміз. Бұл туралы Нұрдәулеттің өзі де тіс жарып айтпайды» дейді. Нұрдәулет оқып жатқан №29 мектеп ұстаздарының айтуынша, оның сабақ үлгерімі де басқаларға қарағанда өзгеше, тіпті зеректігі де анық аңғарылып тұрады екен. Қалай десек те, оның бойында бір тылсым күштің пайда болғаны ақиқат. Сегіз жасар балақайдың осындай қабілетке ие екені ешкімді бейжай қалдырмасы сөзсіз. Оның бұл қасиетіне қайран қалғандар Нұрдәулеттің осы ерекшелігі өз денсаулығына кері әсерін бермесе екен деп тілейді. Біз де «Магнит балаға» өмірде ақ жол тілеп, тіл-көзден аман болса дейміз.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Тараз қаласы.