бай-қуатты көршілердің бір-бірінен үйренері көп
бай-қуатты көршілердің бір-бірінен үйренері көп
Алматы және Жамбыл облыстары әкімдіктері арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық және басқа да салалар бойынша ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Бұл келісімдерге облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бастаған жамбылдық делегацияның Алматы облысына жұмыс сапары барысында қол қойылды. Сапардың негізгі мақсатының бірі – аймақтағы қант қызылшасын өсіру мен дамытудың табысты тәжірибесімен танысу. Алдымен делегация Көксу ауданындағы «Алим-Таяр» шаруа қожалығының қызылша алқабына ат басын бұрды. – Гектарынан 600 центнер өнім алсақ, 3600 тонна тәтті түбір өндіру көзделіп отыр. Қант қызылшасын өсіру өте тиімді. Бұл жұмыс көп еңбекті талап еткенмен, нәтижесі төккен терді ақтайды. Оның үстіне, жан-жақты қолдау да көрсетіліп жатыр. Бастысы тауарды өткізуге жағдай жасалған, – дейді шаруа қожалық жетекшісі Таяр Зейналов. Жетісулықтар өз тауарларын Көксу қант зауытына өткізеді. Онда қазір қайта жаңғырту жұмыстарының екінші сатысы жүріп жатыр. Облыстың әкімі Амандық Баталов өткен жылы зауыт 220 мың тонна қант қызылшасын қабылдап, 22 мың тонна қант өндіргенін атап өтті. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қызылшалы өңірдің бұрынғы даңқын қайта жаңғырту туралы тапсырмасын орындау мақсатында облыста кешенді жұмыстар атқарылды. Бүгінде тұқым мен тыңайтқыш сатып алудан бастап өнімді қайта өңдеуге жөнелтуге дейінгі барлық сатылардан өттік. Енді келешек үшін жұмыс істеудеміз. Ақсу ауданындағы екінші қант зауытын іске қосуға дайындалып жатырмыз. Жалпы, бұдан кейін Алакөл ауданында үшінші зауытты ашу туралы жоспарлар бар. Бұл – шаруалар үшін барынша жайлы жағдай қалыптастырмақ. Оның үстіне, жыл сайын тәтті түбір өндірісінің көлемі ұлғаюда. Бастапқыда бұл бағытта 120-ға жуық шаруа қожалықтар жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 250-ге жетті. Және біз бұнымен шектелмейміз, – деді Амандық Баталов. Біздің облыста екі қант зауыты бар. Бастысы – оларды шикізатпен қамтамасыз ету. Осы мақсатта облыста барлық мүмкіндіктер жасалуда. Өткен жылы бес мың гектардан жамбылдық шаруалар 104 тоннадан астам тәтті түбір жинады. Ал биыл тоғыз мың гектарға орналастырылды. Біздің өңірдің қызылша шаруашылығына үлкен үлес қосып жүрген Меркі ауданының «Трансфер» шаруа қожалығының жетекшісі Владимир Бондаренко және қордайлық «Самғау» шаруа қожалығының басшысы Евгений Трубников та делегация құрамымен Жетісуға барды. «Самғау» шаруашылығының бүгінде 450 гектар егіс алқабы болса, оның 350 гектары тамшылатып суғарылады. Тәтті түбірлерді тек қана осы әдіспен суарады. Өткен жылы қордайлықтар рекордтық түсімге қол жеткізіп, әр гектардан 960 центнер тәтті түбір алған. – Биыл 130 гектарға қызылша ектік. Көктем салқын әрі жаңбырлы болғандықтан өкінішке орай жағдай өткен жылғыдай емес. Соған қарамастан, біз жақсы түсім алуды көздеп отырмыз. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевпен қатар, облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының қолдауы да біз үшін өте маңызды. Осы қарқынмен алдағы жылдары облыстың қызылшашыларының саны еселеп өсетініне сенімдімін, – дейді Евгений Трубников. Бұл күні жамбылдықтар қаланың әлеуметтік, мәдени нысандарына, олардың арасында Оқушылар сарайына, Жастарға қызмет көрсету орталығына, «Жастар» саябағына, Қаратал өзенінің жағалауына барды. – Бүгінде 62 үйірмеге 3328 бала қатысады. Оқушылар сарайының басты мақсаты – дарындыларды анықтап, барлық шығармашылық бағыттарда балалардың қабілетін шыңдау болып табылады. Мұндағы жұмыс төрт бағытқа жіктелген: көркемдік-эстетикалық, спорттық-туристік, ғылыми-техникалық, сәндік-қолданбалы, – дейді Сарай директоры Ләззат Есболова. Болашақ бишілер, әншілер, актерлер, ғалымдар, гроссмейстерлер, спортшылармен 50 адам жұмыс жасайды. Онда барлық үйірмелер тегін. Алматы облысы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі басқармасының басшысы Айдын Нұрмұхамбет жүргізген Жастарға қызмет көрсету орталығындағы экскурсия да қызықты өтті. Бұл мекеме облыста мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асырумен ғана айналыспай, жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар бойынша кеңес береді. Орталықта бір әмбебап залдың ішінде жаттығу залы, би студиясы, акт залы бар. Сондай-ақ кинотеатр, амфитеатр, баспасөз-орталығы, мюзик-холл, денсаулық орталығы, кәсіпкерлік, психологиялық, заңгерлік көмек орталықтары, еңбек биржасы, интернет-кітапхана, интернет-журналдың редакциясы, сән агенттігі және дауыс жазу студиясы қамтылған. Қаратал өзенінің жағалауы көркімен көз тартады. Онда балалар мен жасөспірімдерге арналған ойын алаңдары, веложолдар, әртүрлі сұрыпты талдар тізілген жаяу жүргіншілерге арналған аллеялар, ертегі кейіпкерлерінің шағын архитектуралық пішіндері орналасқан. – Біз Тараз қаласындағы Талас өзені бойында осыған ұқсас жағалау жасамақпыз. Қазір түрлі нұсқаларын қарастыру үстіндеміз, бірыңғай архитектура құрудамыз. Қалай дегенмен де ол жер көне Тараз бен заманауи, даму жолындағы Тараздың ерекшеліктерін барынша ашып көрсететін болады. Сондықтан аталмыш өзен жағалауы облыс орталығының басты көрнекі орны болуы мүмкін, – деді Тараз қаласының әкімі Рүстем Дәулет. Талдықорғанмен танысқан сайын Таразбен көптеген ұқсастықтарды аңғара түстік. Бізді қалалық бассейн құрылысына алып барғанда, делегация өкілдерінің көбі өзіміздің Зербұлақты еске алды. Алдағы уақытта қаланың басты өндірістік алаңының біріне айналатын «Талдықорған» индустриалды аймағы да зор қызығушылық оятты. – Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауының арқасында 594 гектарды құрайтын «Талдықорған» индустриалды аймағының территориясы толықтай инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылды. Бүгінде индустриалды аймақты инвестиция және онымен байланысты технологиялар мен жаңалықтардың, тауар экспортының, жаңа жұмыс орындарының орталығы ретінде көреміз. Бұл қаланың өркендеуінің қозғаушы күшіне айналады деп есептеймін, – деп атап өтті Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев. Қазіргі уақытта оның аумағында екі жаңа жоба жүзеге асты. Бірі – «Жетісу май» ЖШС-ның өсімдік майын құятын және рафинаттайтын зауыты болса, екіншісі – «Аманат қазына» ЖШС-ның синтетикалық жуу құралдарын шығаратын ірі цехы. – Бұл жобалар арқылы 648 миллион теңге инвестиция тартылып, 45 жаңа жұмыс орны ашылды. Нан және майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыттарының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Инвесторлар бұл жобаларды жүзеге асыру үшін 7 миллиард теңге құйды. Бұдан бөлек, ет өнімдерін өңдеу комбинатының құрылысын жоспарлап отырмыз. Талдықорған Ресей мен Қытай секілді алып мемлекеттердің арасындағы ірі транспорттық дәліздің бойында орналасқан қала болғандықтан, алдағы уақытта облыс орталығын қайта өңдеу кластерінің ошағына айналдыратын боламыз, – деді қала әкімі Б.Қарасаев. – Қалада үлкен жұмыстар атқарылыпты. Тиянақты тірліктердің нәтижесі өз жемісін бергенін қаланың түрленген тіршілігінен де байқауға болады. Жолдар жөнделіп, абаттандыру жұмыстары да тиянақты атқарылыпты. «Жастар» саябағы, Қаратал өзенінің жағалауының тазалығы мен көркі көздің жауын алады. Біз бұл шаралардан үлгі алатын боламыз, – деген Кәрім Нәсбекұлы Талдықорғанның заманауи, шырайлы шаһарға айналғанын атап өтті. Бұдан соң Алматы облыстық әкімдігінде өткен жиында қос өңірдің өзара ынтымақтастық байланыстары жөнінде келіссөздер жүргізілді. Алматы облысының болашақтағы жоспары, экономикалық бағыты турасында сөз қозғаған Амандық Баталов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басты тапсырмаларының бірі – аймақтардың өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істей отырып, дамуы екендігін тілге тиек етті. – Бұл бағытта біз Жамбыл облысымен жүйелі байланыс орнатып жатырмыз деп нық сеніммен айта аламын. Тәжірибе алмаса отырып жұмыс жасау – екі өңірдің де өркендеуі үшін тиімді болары сөзсіз. Жамбыл облысы – индустриалды аймақ болса, Алматы облысы – аграрлы өңір. Демек, қос облыстың бір-бірінен үлгі алатын, үйренетін тұстары жоқ емес. Үйлестіре білсек, жаңа жобаларды қолға алуға бұл тығыз қарым-қатынасымыз үлкен мүмкіндіктер туғызатын болады, – деді А.Баталов. Өз кезегінде өңір басшысы Кәрім Көкірекбаев облыстың экономикалық көрсеткіштерін негізге ала отырып, өзге де маңызды салалар бойынша ойларын ортаға салды. Кездесу соңында өзара тиімді серіктестік туралы алдағы жоспарларды тараптар меморандуммен бекітті.
Айжан Әуелбекова, журналист.